Сыр сақтау
Сыр – қарсы төтеп беруге келмейтін күш қайнары, сөйте тұра талқандалмайтын жасаққа ұқсайды.
Сыр – ар-ұят деген сөз. Мейлі өзінікі, мейлі басқаға тән болсын, кім оны сақтаса, ар-ұятын сақтаған болып есептеледі. Оны жұртқа жариялаушы өз қадір-қасиетін аяққа таптаған болып саналады.
Сыр кей істерде көмекке ұмтылатын хазіреті Қызыр секілді, құпия ұстаған сайын көмегі тиеді.
Үндемеу – даналықтың бір белгісі, бірақ ондай адам тым аз және олардың бар-жоғы сезілмейді.
Адамның сыр бөлісетін кісісі басқа біреудің ар-ожданын сыйлай білетін әрі оның намысын таптатпайтын аса сенімді әрі құпияны сақтауда да өз ар-намысын қорғаштайтындай өте қырағы, байыпты болуы керек. Сенімсіз кісілерге аманат тапсырылмауы, ар-ұяты жоқ адамдарға сыр айтылмауы керек.
Бір елі аузына екі елі қақпақ қоя білген жан сөз тұтқынынан құтылады.
Сыр сақтау әрі басқалардың сырын құрметтеу – толығымен ерік-жігерге және ақыл-ойға байланысты адами қасиет. Жігерсіз адамнан сыр сақтауды күту әбестік болса, істеген ісі мен айтқан сөзінің соңы неге ұрындырарын топшылай алмайтын аңғал адамнан да сыр сақтауды күту бекершілік.
Сырын жұртқа жайып салған адамға тағы сыр айту – ол әлгі адамның ақылсыздығы мен сырлас таңдаудағы әлсіздігін көрсетеді. Жүрегінде иманы берік және көзі ашық, көкірегі ояу кісі екінші мәрте алданбайды.
Адам біреуге бір нәрсені түсіндіруі қажет болған жағдайда оны түсіндіруі тиіс, алайда барынша сақ болуы керек. Кез келген жерде, елдің көзінше жүрегіндегі сырларды ақтарып жүретіндер бір күні өздерін де, әрі өмір сүрген қоғамын да осы әрекетімен көзсіз өлімге жетелейтінін ешқашан естен шығармауы керек.
Кісі өзіне ғана белгілі сырларды әр жерде айтудан, паш етуден қатты сақтануы қажет. Әсіресе айтатын сыры өнегесіз әрі ешқандай пайда бермейтін нәрселер болса... Өйткені бұл көбінесе достарды ұялтып, дұшпандарды қуантарлық жағымсыз жағдайлардың тууына себепкер болуы мүмкін.
Жүрек сыр сақтайтын сандықша ретінде жаратылған. Ақыл – оның құлпы, ерік – кілті. Егер осы құлып пен кілт берік болса, сандықшаның ішінде қандай гауһардың жатқанын ешкім біле алмайтын болады...
Саған өзгенің сырын ашқан адам, сенің сырыңды да өзгелерге жария етуі бек мүмкін. Сондықтан ондайларға өз осал тұстарымызды білдіртпеуіміз керек.
Ақымақтың жүрегі тілінің ұшында, ақылдының тілі жүрегінің түбінде.
Ақымақпен сырлас болудан сақтану керек... әдейі болмаса да, кейде жақсылық жасаймын деп, жамандық жасап қоюы мүмкін.
Адамның өзіне тән, отбасына тән және қоғам мен халыққа тән сыр болады... Адамның жеке басына тән сыр жария болса, адамның ар-намысы аяққа тапталады, отбасылық сыр аян болса, отбасының намысы тапталады, қоғамға тән құпияның жібі сөгілсе, ұлттық мүддеге нұқсан келеді. Өйткені сыр жүректе неғұрлым ұзақ сақталса, соғұрлым қауіпсіз өмір сүресің, әрі адамның айбынын асырады. Басқалардың қолына түссе, оның өзіне қарсы қолданатын оңтайлы қаруға айналады. Сондықтан ата-бабаларымыз: «Сыр сенің тұтқының, егер оны жария етсең, оның тұтқыны боласың», – деген.
Құпия ретінде сырды сақтауды қажет ететін қаншама қажетті іс бар. Алайда осы қажетті іске қатысты сырды сақтай алмаған адамның ісі алға баспайды, әрі оның өзіне қауіп төндіреді. Әсіресе бұл іс халықтың өмірі мен болашағына байланысты нәзік мәселелерге қатысты болса, сырды сақтаудың маңызы айрықша.
Мемлекеттік құпия жаудың қолына түссе, жасақтың стратегиясы қарсы жаққа аян болса, үлкен істі қолға алған адамның жобасын бәсекелестері біліп қойса, ол мемлекеттің қайтадан өркендеуі, жасақтың жеңіске жетуі және үлкен іске бел буған адамның табысқа жетуі мүмкін емес.
- жасалған.