20. Зұлымдық жазасыз қалмайды

Бір хадисте Пайғамбарымыз былай дейді:
«Аллаһ залымға мерзім береді. Егер жазалаймын десе, ол ешқайда қашып құтыла алмайды». Содан кейін Аллаһ елшісі сөздерін мына бір аятпен аяқтады: «Міне, Раббыңның қолға алуы осылай. Ол залым елдің жазасын осылай береді. Өйткені Оның азабы жан түршігерлік өте қатты» (Һуд, 11/102). 

Аллаһ залымға белгілі бір мерзім береді. Зұлымдық жасағанды өзіне қарсы бас көтергенді үнемі белгілі бір уақытқа дейін мұрсат беріп, жолын ашып қояды. Бірақ жазалаймын десе, барар жер, басар тауы қалмайды. Демек, олардың басбұзарлықтары Жаратқанның «ашуын»  келтіріп, қаһарына душар етеді.

Әлемде орнатқан Аллаһтың белгілі бір заңдары бар.  Бұлар ешқашан өзгермейді. «Аллаһтың жаратқанында  өзгеріс жоқ» (Рум, 30/30) аяты бізге осыны меңзейді. Бұл заңдардың бірі – залымның Аллаһтың қылышы болуы. Пайғамбарымыз осы жайында былай дейді: «Залым – Аллаһтың әділеттігі. Аллаһ залыммен басқалардан өшін алады. Қайта айналып кеп сол залымның өзінен өш алады»[1].

Залым – сайфуллаһ. Яғни, ол – Аллаһтың қылышы. Өзінің кім екенін танымай шектен шыққандарға Аллаһ залым арқылы өзінің кім екенін танытады. Содан соң залымнан да өшін алады. Бұған сіздер де таңырқайтын боларсыздар. Залымдардың бұл күнде тасы өрге домалап тұр. Бірақ сіздер осыған қарап, үміт үзбеңіздер. Азғын елге Аллаһ белгілі бір мерзім беріп, бейне бір оларға «жеңдер, ішіңдер, өмірдің қызығын татыңдар» дегендей. Алайда Аллаһ көп ұзатпай оларды жермен-жексен етіп отырған[2].

Айналаңызға бір көз салып қараңызшы! Осы айтқан көріністерге өз көздеріңізбен куә боласыздар. Тарихтағы Содом, Гоморра және Помпей қалалары осылардың бірер мысалы ғана. Өмірде біз білмеген қаншама ғибрат алатын, ой салатын мысалдар көп. Бұлардың барлығы Жаратқанның өзгермес заңын растауда.

Және өзгермейтін заң: «Міне, Раббыңның жермен-жексен етуі осындай!». Нағыз тарихшы, нағыз қоғамтанушылар Аллаһтың осы өзгермейтін заңдарынан көп ғибрат алады. Бұл, әлбетте, олардың ғасырлар бойы өмір сүруіне, құлдырамауына жағдай жасайды. Біз тағы да ой-өрісімізді өрбіткен оның сөз жақұтына көп мәселені тапсырып, басқа бір хадиске көшейік.





[1] Әжулуни, Кәшфу’л-хафә, 2/49.
[2] Аят мына аятқа ишарат етеді: “Зұлымдықта тым шектен шыққан небір елдер бар. Мен оларға алдымен мұрсат бердім, артынан жермен-жексен қылдым. Барлығы түбі айналып Маған келеді” (Хаж 22/48)

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.