21. «Арыштың» көлеңкесіндегі жеті топ

«Аллаһ жеті топты өз көлеңкесінен өзге ешқандай қалқа жоқ қиямет күнінде өз панасына алады. Олар: алғашқысы – әділ басшы, екіншісі – өмірін ғибадат етумен өткізген жас, үшіншісі – жүрегі мешіттермен байланыс-ты пенде, төртіншісі – Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көріп, Аллаһ үшін бас қосып, Аллаһ үшін айырылған кісілердің екеуі де, бесіншісі – сұлу әйел шақырғанда, құмарлығын тежеп, «Мен Аллаһтан қорқамын» деген адам, алтыншысы – сол қолының берген садақасын оң қолы білмейтіндей, жасырып садақа берген адам, жетіншісі – жалғыз қалғанда Аллаһты еске алып көзі жасқа толған жан»[1].

Міне, бұлардың әрқайсысы адамның еркі жағынан өз алдына бөлек маңызды мәселелер. Бұлардың кейбіріне адамның шама-шарқы келмей қалуы мүмкін. Олардың әрбіреуі адамға құрылған тұзақ. Адам осы тұзақтың бірінен құтылса да басқасының торына түсуі ықтимал. Бірақ Аллаһтың қамқоры мен көмегі арқылы осы тұзақтардан құтылады және адамның күші жетпейтін аса ауыр жауапкершіліктерді де Аллаһтың көмегімен игере алады...

Ыстықтан адамның миы қайнап, бойынан аққан терге тамағына дейін малшынатын, еш нәрсе адамды жақтамайтын, қайта қарсы болатын кез келеді. Сонда Хақтың қамқорлығы мен көмегінен басқа ешқандай көлеңке болмайды және бола да алмайды. Арыштың көлеңкесі ме немесе басқа бір нәрсенің көлеңкесі ме, ол маңызды емес. Маңыздысы – біздің қазіргі білетін жүйенің өзгеріп, жер мен көктің астаң-кестеңі шығатыны.

Осы бір аса қорқынышты сұрапыл шақта біреудің біреуге көмегі тимейтіні сөзсіз.

Иә, міне, осындай қысылтаяң шақта жан сақтайтын жалғыз орын – Аллаһтың қамқорының көлеңкесі. Мыналар осы көлеңкеге кіре алатындардың қатарына жатады:
а. Мойнына алған аманаттарға асқан жауапкершілікпен қараған, шындық пен әділеттілікті ту еткен лидерлер мен мемлекет басшылары.

ә. Азғындық жайлаған заманда күнәдан бойын аулақ салып, Аллаһқа құлшылыққа берілген жастар (мейлі бозбала, мейлі бойжеткен болсын).

б. Күнәдан гөрі құлшылыққа бар ынтасы ауып, жүрегі мешітті аңсап тұратын ғибадатқа үйір жан.

в. Бір-бірін Аллаһ үшін жақсы көрген, бас қосарда Аллаһ үшін жиналған, қоштасарда Аллаһ үшін қоштасқан, Хақтың разылығы мен сүйіспеншілігін мақсат еткен сүйіспеншілік қаһармандары.

г. Өмірін тақуалықпен өткізген, ар-ұяты мен намысын қорғап, сақтық танытқан, нәпсісі іштей күнәға тартқанда «Аллаһтан қорқам» деп, еркін тежей білген нағыз ерлер.

ғ. Аллаһқа деген беріктігінің белгісі ретінде аузынан жырып, Хақтың разылығы үшін садақа еткен дүниесін Аллаһтан басқа ешкімнің білуін қаламай, сол жағындағы адамның өзіне білдірмей, оң жағындағы адамға беруге ұмтылған жомарттық қаһарманы.

д. Жалғыз қалған шақтарында мынау ұшы-қиыры жоқ шексіз әлемге көз тастап, осынау ғаламды жаратқан Ұлы Жаратушының құдіретіне тамсанған адам.  Мына әлемде өзінің кім екенін, сарқырап аққан өмір-өзен өзін қақпақылдап қай жаққа алып бара жатқанын, яғни, осынау өткінші фәни дүниеде өзін жолай өткен жолаушы секілді сезінген жан. Өзінің мәңгі отаны – жәннатқа дайындығын жасап, «Аллаһқа лайық құл бола алдым ба?» деп терең ойға шомып, көзінен жас парлаған адам. Содан кейін жан сарайындағы осы көңіл-күйін көз-жасымен жуып-шая алған, әрқашан Аллаһтан толайым қуат алып, өмірдің жал-жал толқындарына қарсы тұрып, алға, тек алға қасқая тартқан кемедей күнә дауылына бой бермеген, нәпсісін өз ырқына көндіре білген иман ерлері.

Басқа хадистерде де айтылғандай, қол астындағыларын әділетті басқарған басшы ақыретте нұрдан жасалған таққа отырады. Хақтан тоқтаусыз келіп жатқан ілтипаттардан бейне бір таң алдында, ескен саумал самалды сіміргендей тынысы кеңіп, айрықша ләззат алады. Жас шағында-ақ жастығын аттап өтіп, Хақтың разылығына бөленеді. Өмірін мешіт, үй, жұмыс арасын шілтердей өре білген ғибадат қаһарманы иләһи қамқорлыққа алынады. Әлемге «бауырластық бесігі» деп қарап, ғұмырын Аллаһ үшін жақсы көріп, ел сүйіспеншілігіне бөленіп өткендерге махшарда иләһи махаббат жүлдесі беріледі. Жалған өмірін Аллаһтан қорқумен өткізген ақыретте қорықпайтынына сенімді болады. Садақаны баяндылықтың белгісі ретінде берген ер ақыретте үш ұйықтаса түсіне кірмеген сыйлыққа ие болады. Және ең соңғысы сыртқы әлемі аса мағыналы, ішкі әлемі тым терең болып, жұртқа өзін таныған жақтарымен тамаша үлгі болады. Осылайша Хақ досымен жалғыз қалған шағында Оған ішкі сырын ақтарған сол бір адамының барлық белдер мен асулардан аман өтіп арманына жетуі – бұл хадисте ақыреттік жүлделер есебінде айтылған. Мінсіз қоғамның негізі саналған осындай көріністер арқылы ғажайып бір ел болудың үлгісі ұсынылып, адамдарды соған жетелейтін оның негіздері келтірілген.

Бірнеше томға жүк боларлық осынау аса терең мағыналарды бірнеше қатарға сыйдырып, бейне бір дарияны тамшымен бейнелеп жеткізген осы сөзді тағы да қайталап жату мүлде артық болар, сірә.




[1] Бухари, Әзән, 36; Муслим, Зәкәт, 91; Тирмизи, Зуһд, 56.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.