3. Ілім жайлы ой-толғаныс

Ой-пікір мен ілім аясын кеңейту тұрғысынан Пайғам-барымыздың қосқан үлесі ол жеткізген діннің ғаламдық сипатын аңғартады.
Құран: «Білгендер мен білмегендер бір бола ала ма?» (Зумәр, 39/9), – деу арқылы білімге ынталандырумен қатар, біліммен қаруланған жандардың мәртебесін биіктетеді. 

Басқа бір аятта Аллаһ тағаладан шынайы қорқатындардың, оның ғалым құлдары  екендігін ескертеді (Фатыр, 35/28). Әбу Ханифа арқылы бізге жеткен бір «шаз» қырағатта Аллаһ сөзінің ақырғы қарекеті басқаша оқылып, былайша мағына беріледі: «Аллаһ ғалым құлдарына ғана құрмет көрсетеді». Әлбетте, бұл құрмет Оның ұлылығына лайық түрде болмақ. Қырағат – шаз[1]. Бірақ мағынаны түрлендіру тұрғысынан, сөз қозғауға тұрарлық. Фахруддин Рази ғылыми  мәселе талдап отырып осы турасында тамаша пікір білдіреді: «Итті Мәлики мәзһабынан өзге үш мәзһәб «айн нәжіс»[2] деп қабыл етеді». Яғни, ит тұрған бойы нәжіс, лас. Сондықтан үйде ұстауға болмайды.

Бірақ ит «қолдың иті» болса, яғни аң аулап, қой бағуға үйретілген болса, онда мәселе басқаша. Оның аузына ілінген аң мен құс желінеді. Жүрген жері мен сүйкенген жері таза  деп қабылданады әрі үйде ұстауға болады.

Имам Фахруддин Рази[3] осы жерде бір сәт тоқталып: «Ит екеш иттің өзі аң аулауды үйреніп, осы үйрену арқылы «айн нәжіс» болудан құтылса, тіпті адамдар арасында отбасының бір мүшесіне айналса, ілім үйренген адамның қалай шырқау биіктерге жететінін салыстырып ойлап көріңдер», – дейді. Міне, шариғат ұстанымының көкжиегі, міне, Мұхаммед Мұстафамен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келген ілімнің кереметі! Аллаһ тағаланы білмегендер – қараңғы. Ал Құдай тағалаға мойынсұнып хикметін ұғынған әрбір адам – ғалым. Шариғат бойынша Аллаһ тағаланы танып, пайғамбарды білмегендерге «ғалым» деп айтылмайды. Аллаһты танып, пайғамбарды білгендер аз білсе де, ғалым саналады. Аллаһ тағала да пайғамбарын, ақыретті, кітаптарды, қайта тірілуді, жәннат пен жәһаннамды білгендерге бізге беймәлім жолдармен құрмет көрсетеді.

Ал ойлануға қатысты айтқанда: «Бір сағаттық тәфәккүр[4]бір жылдық құлшылықтан қайырлы»[5] деген жалғыз ауыз сөзбен шектелуді жөн көреміз. Еуропа әлі күнге дейін бұл биікке шыға қойған жоқ. Бір сағат жүйелі ойланып, жаңалық ашып, адамдарға ұсынасыз. Не болмаса, жүрекке терең бойлап, ақырет пен мәңгілік бақыт туралы терең ойға батып, содан соң осыдан түйгендеріңізді ақырет пен дүниеге пайдаланасыз. Иә, міне осылай әрекет еткенде ғана бір жылдық құлшылық сауабын ала аласыз.

Көп жылдар бойы біз терең ойланып әр нәрсенің хикметін пайымдаудан, құлшылықтан қаштық немесе  әдейі аластатылдық. Бұл жерде кінә Исламда емес, мұсылмандарда. Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ой түңліктері мен есіктерін айқара ашып: «Сол жерге бейбіт түрде кіріңдер» (Хижр, 15/46), – деген.

Иә, Аллаһ елшісі адамдарға дұрыс тәрбие беріп, олардың адамдық қасиеттерін арттыру үшін келген еді. Алайда, ол бұл істі адамдардың жаратылысына сай іске асырды. Оның тәрбие жүйесінде адамның табиғи болмысына кереғар келетін, қайшылық туғызатын ұғым жоқ еді. Әрбір әрекеті адамның ерік-жігерін ынталандырып отыратын. Һәм ол осы мақсатын адамгершілік пен кісіліктен ада қауымның арасында жүзеге асырды. Енді Аллаһ елшісінің даналық тәрбиесін жете ұғындыруға мүмкіндік беретін бірқатар мысалдарға көңіл бөлейік.




[1] Қуртиби, 14/22.
[2] айн нәжіс: лас екені анық нәрсе.
[3] Фахруддин Рази (1149-1209) – Ирандық мәшһүр дін ғалымы әрі ойшылы
[4] Аллаһ тағаланың жарату құдіреті жөнінде және жаратылыс туралы терең ойлану, ой-пікір өрбіту
[5] Ажлуни, Кәшфул-Хафа, 1/370.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.