Дауасыз дерт жоқ
Бухаридың риуаят еткен хадисінде Аллаһ елшісі:
«Аллаһ бір ауру жіберсе, сөзсіз артынша шипасын жаратады!»[1] – деп хабар береді. Қаншама аурудың түрі болса, Аллаһ тағала соншама ем жаратқан. Медицина мен ғылымды алға жетелейтін сөздердің ішіндегі ең терең сөз – Аллаһ елшісінің осы сөзі. Ауру болса, оның емі де бар. Бір күні бүкіл дертке (әлбетте, Аллаһтың жарылқауымен) шипа табылатын күн де туар.
Әбу Дәуудтың риуаятында: «Әр дертке дауа бар»,– деп анық айтылады[2].
Басқа хадис шарифте:
«Сақ болыңдар! Емделуге немқұрайды қарамаңдар! Аллаһ бір ауру жіберсе, сөзсіз артынан емдеу жолын да көрсетеді. Тек бір аурудың емі жоқ. Ол – кәрілік»[3] дейді.
Ғылым адам өмірін ұзартудың шарасын тапса да, тіпті өлімді кешіктірсе де адамзат керуенінің сапарын бәрібір тоқтата алмайды. Ол жол – рухтар әлемінен келіп сәбилікке, балалыққа, жастыққа, кәрілікке, содан қабірге дейін барып, одан ары сонау қайта тірілер күнге дейін созылады. Қайта жалғасып, жәннат не жәһәннамға барып бір-ақ тоқтайды... Бұл жолдың алдына тосқауыл қою мүмкін емес, адамдар туады, өседі, қартаяды, өледі. Бірақ мұның бергі бетінде барлық дерттерге дауа бар. Әрине, ізденгенде ғана...
Екі дүние Шамшырағы осыған ұқсас сөздерімен күллі адамзатты ғылымға ынталандырып, ғалымдарды, зерттеушілерді жігерлендіріп ізденіске шақыруда:
Бюджеттеріңнен қаражат бөліп, зерттеу институттарын ашыңдар! Ауруларды емдеудің бүкіл жолдарын зерттеп, өлімнен басқаның бәріне шипа табуға талпыныңдар!
Негізінде, Құран Кәрім де әрдайым осы мәселені насихаттай отырып, адамзаттың ғылымға ынтасын арттыру үшін пайғамбарлардың мұғжизаларын үлгі етіп ұсынған. Пайғамбарлар адамзатқа рухани өмірлерінде жол көрсете отырып, оларды бұралаң жолдардан тура, бейбіт жағаға шығара білді. Сол секілді жаратылыстану ғылымдары да адамзатты алға бастап, әрбіреуі жеке-жеке саланың ұстазы мен данасы атанды. Адамзат осы бақытқа кенелудің және дүниелік һәм рухани шарықтаудың кілттерін пайғамбарлардан алған. Құрандағы пайғамбарларға тиісті мұғжизалар – адамзатты таным, білім шыңына көтеретін бағдаршам.
Иса пайғамбар (а.с.) Аллаһтың құдыретімен өлілерді тірілткен. Құран оның осындай мұғжизаға ие болғанын айтады. Адамзаттың шарықтауы сол биікте тұрақтайды. Табиғат заңдылықтары тоқтап, одан ары таңғажайыптар басталады. Адамның мүмкіндігі мен қабілеті, ерік-жігері арқылы жасалынатын нәрселер жаратылыс заңының шегінен асып кете алмайды. Ғылым мен технология жетістіктері қандай биік деңгейге жетсін, бәрібір мұғжиза шегінен аса алмайды. Бұл шектер ұлық пайғамбарларға ғана тән. Олар сол биікте мәңгі-бақи қалады. Мұның бергі жағындағы мұғжизалар басталатын шекараға дейінгі межеге адамзат орасан зор күш-қуат, қажыр-қайрат жұмсап, табандылық танытып қана жете алады. Негізінде, барлық жігерлендіру осы мақсатта айтылған. Мысалы: Иса Мәсихтың мұғжизалары арқылы Құран адамзатты ынталандырып, кез келген дертті ауыздықтауға болатынын айтады. Ауруларды емдеу жолдары сонау өлім шегіне дейін ашық. Тіпті қатерлі ісік, СПИД секілді әлі күнге дейін емі табылмаған аурулардың да сөзсіз бір шарасы бар, ізденіңдер де табыңдар! Кешегі емі жоқтай көрінген аурулар бұл күндері оп-оңай емделіп жатқан жоқ па?! Онда не тұрыс. Ізденсеңдер, оларға да шара таба аласыңдар!
Тағы бір мысал, Мұса пайғамбардың (а.с.) қолымен адамзатқа ұсынған мұғжиза арқылы кейбір жансыз нәрселердің өзіне міндеп жүктеп, оларды да пайдалануға болатынын көрсетуде. Қазіргі күнімізде оған есік ашылған. Бірақ бүгін де, ертең де адамзат ешқашан қолындағы аса таяғын лақтырып жіберіп, оны нағыз жылан етіп көрсете алмайды. Өйткені ол таңғажайып әлемде болған оқиға, біздің қолымыздан келетіні жаратылыс заңының шеңберінде ғана жүзеге асады.
Осы жерде адамзат үшін Құраннан сөз қозғай кеткеніміз жөн.
Құран – басынан аяғына дейін ой жетпес мәңгілік өре. Сондықтан да оның тереңіне бойлау мүмкін емес. Аса көркем жазылған қара сөздер мен өлеңдер адамзатты өзіне үйіріп, қанша жерден баурасын мейлі, олар бар болғаны Құран табалдырығына дейін ғана жақындай алады. Одан ары Құранның ақиқатын танып, оның жанында өзі жазған дастанның түкке тұрмайтынын аңғарады. Құран – көркем сөздің мұғжизасы. Ал, адамзаттың сөздері қашанда көркем келіп, мағынасы терең болғанымен, олар бәрібір жаратылыс алаңынан айналсоқтап шыға алмайтын сөздер. Бұл мәселе – өз алдына бөлек тақырып.
Пайғамбарлардың мұғжизалары белгілі бір шекті көрсете отырып, адамзатты сол шыңға жетелейді[4].
Адамзат ізденуі керек. Іздену арқылы өзінің шырқау шегіне жетуге тиіс. Жаратылыс заңының шеңберінде барлық нәрсенің есігін ашып, таңғажайып шегіне жақындауы тиіс. Осылайша адамзат мұғжизалардың жемістері төгілген өрелерде жүруі қажет.
Адамзат медицина саласында өлімнен басқа барлық ауруға ем табуы мүмкін. Алайда өлімге келгенде, ол да шарасыз. Өлім өмірдің өзіндей Аллаһтың жаратқан бір болмысы.
«Өлім мен өмірді жаратқан» (Мүлік, 67/2) аяты да осыны меңзейді.
Иә, өлім құрдымға кетіп, шіріп жоғалу яки өшіп буға айналу емес. Ол – Аллаһтың әмірімен белгілі бір уақытқа берілген аманаттың кері алынуы.
Пайғамбарлардың мұғжизалары – адамзаттың ынта-жігерін жанып, алға жетелейтін үлгі-өнеге. Барлық зиялы қауым мен ғұламалар оның құпия-сырларын аша отырып, өздері тапқан жаңалықтарды адамзаттың игілігіне ұсынуы қажет.
Пайғамбарымыздың медицина жайлы, әсіресе, соның ішінде «салауатты өмір салтын қалыптастыру медицинасына» байланысты айтқан көптеген құнды кеңестері бар. Медицинаның тұтас бір бөлімін осы сала қамтыған. Қамтуы да тиіс. Өйткені негізгі мәселе – адам ауырмай тұрып, аурудың алдын алып, өзін қатерден сақтап қалу. Әрі бұл қиындық туғызбайды. Ал, бір сырқатқа шалдыққан адамды аяғынан тік тұрғызу немесе бұрынғы сау-саламат қалпына келтіру аса қиын. Сол үшін Пайғамбарымыз алдын ала осы мәселеге, медицинаның маңызды бөлігін құрайтын «салауатты өмір салтын қалыптастыру медицинасына» айрықша мән беріп, оны адам өмірінің негізіне айналдырған.
«Алтын ғасырда» сырттан келген емшілер Мәдинада өздеріне жұмыс таба алмайтын. Себебі, халық Хақ пайғамбардың осы мәселеде қалыптастырған негізгі қағидаларын ұстанды.
Аллаһ елшісі, бір жағынан, адамдардың жан дүниесін емдесе, екінші жағынан, олардың денсаулығын қаперде ұстап, рухани әрі тән сырқатынан сақтандырып отырған.
Оба ауруы – Пайғамбарымыздың заманында шара табылмаған қорқынышты дерт. Бүгінгі таңда СПИД қандай болса, ол кездегі оба да дәл сондай еді. Оба дертіне сахабалар өте сақтық танытты. Өйткені Пайғамбарымыз оларға үнемі осы озбыр ауруды ескертіп, қадағалап отыратын. Осы нұрлы жамағат өздерін мейлінше мұқият қадағалап, тазалық сақтап, осы кеселден аман болды. Алайда Шам, Сирия, Халеп және Антакия секілді жерлерге жорыққа шыққанда, Византия аймағына тараған обаға душар болды. Амуәста жайылған оба ауруынан отыз мың сахаба шейіт болды[5].
Ол күні үмбетінің сенімдісі Әбу Убәйда ибн Жәрраһ (р.а.) да Амуәста болғандардың арасында еді. Әбу Убәйда (р.а.) – Омардың (р.а.) көп жыл өтіп бауырынан қанжарланып төсекке таңылып жатқанда: «Егер Әбу Убәйда тірі болғанда ғой, оны өз орныма тағайындауды өсиет етер едім» деген адамы[6].
Нәжрандықтар Аллаһ елшісіне келіп, өздеріне сенімді бір адам жіберуін сұрайды. Аллаһ елшісі сол кезде оған қарап: «Сен мыналармен бірге бол», – деген еді[7]. Ол – өте сенімді, әрі жәннатпен сүйіншіленген он адамның бірі. Атақты сахаба да обаның қанды құрығынан құтыла алмай, өмірден озды.
Ол уақытта Омар (р.а.) халифа еді. Аллаһ елшісінің халифасы бағындырылған жерлердегі жағдаяттарды жақыннан қадағалап отырды. Амуәсқа да баратын еді. Бірақ сол жерде оба ошағы бар екенін естіген соң кері қайтуға бет алады. Әбу Убәйда алдынан шығып: «Омар! Аллаһтың тағдырынан қашып барамысың?», – дейді. Омар: «Иә, Аллаһтың тағдырынан – Аллаһтың тағдырына қашып барамын», – дейді[8]. Бұл да Омардың парасаттылығы.
«Дұрыс шешім қабылдадым ба? Кері қайтуым жөн бе еді?» деп Омар абыржып тұрғанда, Абдурраһман ибн Ауф көмекке келіп:
«Егер бір жерде оба ауруының бар екенін естісеңдер, ол жерге жақындамаңдар! Егер тұрған жерлеріңде шыға қалса, одан қашып, басқа жерге кетуші болмаңдар»[9], – деген бір хадисті жеткізді.
Мұны енді осы күнгі дамыған медицинаның «карантині» емес деп көріңіз. Осы ақиқатты сан ғасыр бұрын айтқан Ақиқат Қыранына бүгінгі күннің медицинасы да: «әл-хақ, дұрыс айтасың» деуде.
[1] Бухари, Тыбб, 1.
[2] Әбу Дәууд, Тыбб, 10; Муслим, Сәләм, 69.
[3] Тирмизи, Тыбб, 2; Ибн Мәжә, Тыбб, 1; Муснәд, 4/278.
[4] Қосымша үшін қараңыз: Бәдиуззаман, 20-сөздің 2-мақамы, Муқаддима.
[5] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 7/90,91; Ибну’л-Әсир, әл-Кәмилу фи’т-Тарих 2/560.
[6] Ахмет ибн Ханбел, Китабу Фәда’или’с-Сахабә, 2/742.
[7] Бухари, Фәда’илу’л-Асхаб, 21; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 53-54.
[8] Бухари, Тыбб, 30; Муслим, Сәләм, 98.
[9] Бухари, Тыбб, 30; Муслим, Сәләм, 98.
- жасалған.