2. Әрбір пайғамбар бейкүнә

Барлық пайғамбарлар күнәсіз. Олардың өмірінде бір рет болсын күнә жасаулары әсте мүмкін емес жайт. Олар – арнайы таңдалып, киелі етіп жаратылған бөлекше жандар. Олар тек ізгі жақсылар ғана емес. Сол ізгі жақсылардың ішіндегі ең таңдаулы жандардың ең таңдаулылары (Хаж, 22/75)[1]. Олар өздерінің осы ерекшеліктері мен қасиеттіліктеріне зәредей тозаң жұқтырмаған.

Пайғамбарлардың жаратылысы пәк, рухтары ұлы, ерік күштері мықты, көңіл-сарайлары жап-жарық. Аллаһ тағаладан келген мағынауи шағылдарды айқын көре алады. Олар күнді қаз қалпында көрсететін айна мен бұлақтан аққан жылғалар тәрізді. Оларға түскен сәуленің түсі бұзылып, басқаша көрінуі әсте мүмкін емес.

Иә, нақ солай. Ақылға салып көрсек те, өзі солай болып шығады. Өйткені, пайғамбарлар дінді жеткізу үшін келген. Олардың жаратылыс мақсаты – тек дінді түсіндіру. Яғни, олар Хақ тағаланың жарлық пен бұйрықтарын алғашқы тыңдаушылар. Алған әмірлерін адамдарға саф күйінде жеткізеді. Егер пайғамбарлар мұндай пәк рухқа ие болмағанда, келген иләһи хабарларды дәл сол күйі жеткізе алмас еді. Әрі иләһи уахи олардың қараңғылық тұмшалаған көңілдері мен дақ жұққан ар-ождандарына соғылып, күл-паршасы шыққан әйнектей шашырайтын еді. Олай болған жағдайда уахидың да өңі өзгеріп шыға келеді. Осыдан барып Хақ тағаланың жарлығына тән маңыздылықтан да жұрдай болмақ.

Пайғамбарлар сонымен қатар, Жаратушы Жаббар Иеге тән сырларды бізге жеткізу үшін «айна» міндетін атқарады. Ал ақиқаттардың айнымай тура жетуі үшін сол айнаның кіршіксіз таза болмағы қажет.

Адам иман, сенім және амалдарға тиісті барлық діни үкімдерді пайғамбарлар арқылы үйренеді. Адам баласы оларға толық бағынуы әрі екі дүниенің бақытына қол жеткізуі үшін олардың дінді ең кәміл түрде ұстанғандарын көруі қажет. Ал егер жолбасшылардың өзі күнәға бой алдыратын болса, онда олардың соңынан ілесудің нендей маңызы болмақ? Себебі оларға бағыну адамның туралықты іздеуінен туындайды. Айтып кеткеніміздей, барлық пайғамбарлар бейкүнә. Олар зәредей күнә жасамаған. Бәрі ең көркем мінезін жаһанға паш етіп, тура ғұмыр кешкен. Өзі жәннатқа лайық болмай тұрып, өзгені жәннатқа жетелей аламын дегенге кім сене алады? Иә, алайда Хақ тағала оларды бүкіл адамдарды жәннатқа лайық етсін деп жіберген.
Пайғамбарлардың күнәсіздігі, діннің құдайлық хабарға сүйенуі тұрғысынан оны адам жасаған жүйе, теориялармен салыстырсақ, дінің артық тұрғанын байқаймыз. Бұлай болмағанда, нәтижесі де басқаша болар еді.

Әлбетте, пайғамбарлардың, әсіресе, пайғамбарлықтан бұрын іштей түйген өз идеалдары болды. Мұндай идеалдардың болуында ешқандай ағаттық жоқ. Мәселен, Аллаһ елшісінің пайғамбарлықтан бұрын Нұр тауында терең ойға батып, толғануы, шамасы, осындай бір идеалдан туындаса керек. Иә, Хақ пайғамбардың идеалы мен мақсаты – адамзатты қараңғылықтан құтқару еді. Бұл идеал мен мақсат болудан ары асып кетпейді. Асылында, адамзатты құтқару шарасы өз ойының туындысы емес. Ол шара тікелей уахи жолы арқылы Хақ тағаладан келуі қажет еді. Идеализм мен уахи мүлде екі айрық жол. Бірі адами болса, бірі тұтастай иләһи. Ендеше, Жаратқанның жіберген жүйесін мойнына алатын пайғамбар, идеалистерден айрықша жаратылысқа ие болуы керек еді, солай болды да.

Мынаны айта кету керек, пайғамбарлар идеалистерге жатпайды, олар өте таза, қиындыққа мойымайтын әрі күнәсіз жандар. Олардың ізінен ерген үмбеттері де сондай қасиетті бойға сіңіруі тиіс. Пайғамбар үмбетін басқа топтардан даралайтын ерекшелік, меніңше осы.

Әркімнің іштей өз аңсары бар. Аңсарсыз адам – қанаты жоқ құспен тең. Сондықтан да бір данышпан: «Идеал мен аңсар болмаса, яки ұмытылса, ой-сана менмендік пен эгоизмге айналады», – дейді.

Пайғамбарлардың бейкүнәлілігі олардың табиғатына айналған. Ай мен күннің жүзін қара дақтар шалуы мүмкін, бірақ пайғамбарлардың рухтарында күнәның көлеңкесі де болмайды.

Құдайдың бір сүйген әулиесі абайсызда аңдамай жалған сөйлесе, өмір бойы өкініштен өзегі өртеніп, ішкі ар-ожданы шыдатпай, күйзеліске түсіп ғұмыр кешеді. Ал ондай қателікті пайғамбар жіберсе, оның ар-ожданындағы азап мақшарда да жалғаспақ.
Сондықтан да Ибраһим (а.с.) өмірінде үш «тағрид»[2] сөзі үшін мақшарда қатты күйзеліп, өзіне шапағат сұрап келгендерді Мұса пайғамбарға (а.с.) жібереді[3].

Иә, Мұхаммедтің де (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), басқа пайғамбарлардың да ар-ождандары күнә атаулыға өте сақ һәм аса сезімтал келеді. Құдды алынбайтын қамал, ашылмайтын қақпа тәрізді.

Осы тақырыпты қозғаудағы басты мақсатымыз – Пайғамбарымыздың күнәсіздігін айту еді. Бірақ барлық пайғамбарлар ақырғы Елшінің сөзімен айтқанда «Әбнәу әлләт»[4], яғни барлығы бір әкенің тәлім-тәрбиесін алып өскен балалар тәрізді. Сондықтан да біз де күллі пайғамбарлардың бейкүнәлығына қысқаша тоқтала кетуіміз қажет. Құран жарығы аясында өзгертіліп бұрмаланған кітаппен бұрынғы өткен пайғамбарларға жабылған жалалардың жалғандығын көрсетуге тырысамыз. Алайда негізгі тақырыбымыздан ауытқымай, көбіне Жаратушы Жаббар Иенің ақырғы елшісі Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бейкүнәлігінен көбірек сөз етеміз.

Иә, әр пайғамбар кіршіксіз пәктігімен, күнәсіздігімен ерекшеленеді. Хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол күнәсіздердің ішіндегі ең бейкүнәсы. Өйткені оның болмысы иләһи шағылдарды иеленіп, Оның көңіл айнасынан Хақ тағаланың ұлылығы мен құдыреті шағыл тасқа түскен күн сәулесіндей шағылысып көрінген.
Мұндай болмыс пен жүрекке ие ұлы тұлға, әлбетте, күнәсіздердің күнәсізі болмақ.





[1] Муслим, Фәдәил, 1; Тирмизи, Мәнәқиб, 1.
[2] «Тағрид» өтірік сөзге жатпайды. Ол адамның айтқан тура сөзін, тыңдаушысның басқаша түсінуі. Мұндай сөзді біз жиі айтып жатамыз. Тағридқа қатысты мәселеге Ибраһим пайғамбардың бейкүнәлігі бөлімінде тоқталамыз.
[3] Муслим, Иман, 326
[4] Бухари, Әнбиә, 48; Муслим, Фәдәил, 144; Әбу Дәууд, Суннә, 13.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.