Сауда-саттық

Сауда-саттық – ақша және тауар тілімен айтқанда, күллі жаратылысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Ұлы Жаратушыдан ырзық сұрау. Бұл тілек-дұға міндетті түрде жасалу керек, алайда оның орындалатыны немесе орындалмайтыны Оның қалауына байланысты екенін де естен шығармаған жөн. Жаңа техника мен технология қарыштап дамыса да, болашақта сауда-саттықтың маңызы біз ойлағаннан гөрі әлдеқайда жоғары болады. Ол ол ма, үкіметтер мен билік басындағылар оның  бақылауында болады, әрі оның атрибуттарымен билігін жүргізеді.

Сауда мен кәсіпте басқа саладағыдай білім мен біліктіліктің маңызы зор болумен қатар, аталмыш екі саланың ұста мен шәкірт арасындағы ара-қатынас негізіне сүйенетінін де ұмытпау керек. Он саусағынан өнер тамған шебер мен ұстаның мектебінен өтпеген адамнан көп нәрсе күтуге болмайтындығын баяндайтын мысалдар кітаптарымызда көптеп кездеседі.  

Арам мен адалды ажырата білетін саудагердің сауда жасаған кезеңінің әр сәті ғибадат болып есептеледі.

Адамына қарай амалы...Жұмыс орны мен сауда орнының тазалығы, жинақылығы немесе ыбырсып жатуы, ретке келтірілмеуі сатушы мен кәсіпкердің қандай адам екенін танытатын айна болғандықтан, сатып алушыларға тиісінше әсер ететіндігін ұмытпаған жөн.

Жылпос саудагер мен кәсіпкер айласын асырып, алаяқтыққа барса, Жаратушысына және ар-ожданына қарсы шыққан болады. Ал, айла-шарғысы жұртқа әшкере болса, адамдар алдында абыройдан айырылады әрі мол табыстан қағылады.

Сауданың рухы – адалдық пен сенімділікті ұштастыра отырып, уақыт талабымен санасу және сатып алушыларына мейірімді болып, олармен әдепті қарым-қатынас жасау. Кімде-кім осы дәстүрден аттаса, сауданың берекесін қашырады, пайда көзін өз қолымен жапқан болады.

Кәсіпкерлер, саудагерлер, қолөнершілер шырын тілді, жылы жүзді, аса кішіпейіл, сөзіне берік және еңбекқор болуы тиіс. Кез келген мамандық иесі үшін аса маңызды бұл қағидалар халықпен етене араласатындықтан және олардың мүдделерімен санасатындықтан, жоғарыда аталған осы екі сала үшін айрықша мәнге ие.

Жұмыс орнын әдеттегіден бір сағат бұрын ашып, бір сағат кеш жапқандардың бір айы отыз бес, бір жылы төрт жүз жиырма күнге пара-пар. Әрине, олар өз міндеттерін тиісті дәрежеде орындаған жағдайда... 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.