Сақтық
Сақтық – қандай да бір істе ағаттық жіберіп алмау, зиянға ұшырамау, қысқасы өкіндіретін жағдайға ұрынып қалмау үшін аса қажетті шара. Арты неге апарып соқтыратынын, салдарын ойламай тұрып, қолға алған ісінен санын соғып қалғандар мен тағдырға наразылық білдіргендер қаншама. Иә, олар сақтық танытпай бір қателессе, өз кемшіліктері үшін тағдырды кінәлап екі қателеседі.
Қандай да бір шараның түпкі мақсаты қаншалықты биік болса, сол үшін қажетті барлық сақтық шараларын ойлас-тыру да соншалықты маңызды. Сондықтан мойнына алған істің ауқымы мен аужайын, оның пайдасы мен зиянын қатар екшеп, ретке келтіріп алмаған кісі – не жеңілтек авантюрист, не таза ақымақ. Мұндай ақымақтардың белсенділік танытуы әрекетсіз отырғанынан да қауіптірек.
Адамның діттеген мақсатына қол жеткізуі үшін сақтық жасап, мұқият болуы – үлкен байлық. Іске жүрдім-бардым қарау, босаңсу адамды өз басымен жауап беруге тура келетін үлкен қателікке ұрындырады. Парасатты кісі – өз басына келуі ықтимал зияндардың алдын алады, яғни оларды болдырмаудың жолдарын іздестіреді. Кейіннен тағдырды немесе кінәліні жазғырмас үшін ата-бабаларымыз айтпақшы, «ұры сені тонап кетпес бұрын, оны ұстап алуың керек».
Қандай да бір іске кіріспес бұрын, алдымен жақсы жос-пар құрып алу керек. Содан кейін барып оның орындалуы үшін қажетті бүкіл шараларды жүзеге асыру керек. Нәтижесінде ешқандай материалдық-рухани пайда бермейтін әдіс-тәсілдерден міндетті түрде сақтану керек. Не материалдық, не рухани пайдасы жоқ істерден қашқан жөн. Осыны ескермеген адам бос іспен айналысып, алтын уақытын қор қылады, ал бос іспен шұғылдану кісі ақылының кемдігін білдіреді немесе оның балалықты әлі де тастай алмағандығының белгісі.
Кісі өзінің кім екенін, неге пайдасы тиетіндігін қатал сынақтар мен қиындықтар арқылы қол жеткізген жетістіктерімен көрсетеді. Осындай ауыр шарттарда хаққа дұрыс қызмет ету жолында жетістікке жетудің кілті – жан-жақты ойластырылған жоспар мен сол жоспар бойынша әрекет ету. Сондықтан, адамның қадірі оның жетістіктеріне, ал жетістіктері дұрыс шешім қабылдауына тікелей байла-нысты.
Сақ болуды қорқақтықпен, бейғамдықты батырлықпен шатастырмау керек. Шектен тыс сақтық кей жағдайда зиян шектіруі мүмкін, бірақ мұндай зияндар өтпелі және олардың емін табуға болады. Ал бейғамдықты батырлық деп біліп, өз-өзіне көзсіз сенгендердің донкихоттықтары әрқашан да қауіпті.
Хақ Тағала алдында адамның ұлылығы оның алға қойған мақсатының биіктігі мен сол мақсатқа жету жолында талмай ізденіп, тынбай еңбек етуімен өлшенеді. Ол да өз кезегінде басқалардың бақытын өзінікінен жоғары қоюына қатысты. Білмеймін, қоғам игілігі үшін беттің арын белге түюден, тіпті долы ашу қысқан кездің өзінде де ашуын ақылға жеңдіре білуден және бақытты болуына мүмкіндік туып тұрған кезде қалауын тізгіндей алудан асқан жанкештілік бар ма екен?
Қолбасшы әскерінің барлық жеңісін батылдықтан деп біліп, соғыстың стратегиялық жоспарына мән бермеуі қандай ақылсыздық болса, барлық жетістікті батырлықтан ғана іздеп, сақтық шараларына маңыз бермеу де сондай ақымақтық.
Талпыныспен қатар сол істің алдында қолға алынатын сақтық шаралары да Хақ Тағаланың жәрдемін тілеп жалбарыну болып табылады. Сонымен қатар, талпыныстар сияқты сақтық амалдары да – бір ақиқаттың екі жүзі. Бұлардың біреуінде босаңсып, бейғамдық танытсаң, Хақ Тағаланың жәрдемінен құр қаласың, сонымен қатар сәтсіздікке ұшырайсың. Қателікке ұрынбау әрдайым алды-артын ойлауды әдетке айналдырған парасаттылықтың арқасында келеді. Мұны түсіне алғандар қандай бақытты!..
- жасалған.