Бала
Ағаштың түрі мен оның тіршілігі жалғасу үшін оның тұқымы қаншалықты маңызды болса, адамзат тіршілігі мен ұрпақ жалғастығында да баланың рөлі сондай. Бала тәрбиесіне мән бермеген ұлт құлдырауға, ал оларды жат қолдардың мәдениетіне тапсырғандар өздерін жоғалтуға мәжбүр болады.
Әр отыз-қырық жылдан кейінгі ұлттың ең белсенді және жемісті буыны – қазіргі бүлдіршіндер. Жас буынның тәрбиесіне немқұрайды қараған қоғам ұлт өміріндегі аса маңызды мәселені ескерусіз қалдырғанын, оның зардабының қандай болатынын ойлап, шошынуы тиіс.
Қазіргі ұрпақтың бойындағы жаман қылықтарға, кейбір басшылардан байқалып отырған кемшіліктерге және олардың кесірінен бүкіл халықтың тартып отырған тауқыметіне отыз жыл бұрынғы мемлекет басшылары жауап беруі тиіс. Ал ширек ғасырдан кейін орын алатын апаттар мен ізгіліктер бүгінгі ұрпақтың тәлім-тәрбиесімен айналысып отырғандар еңбегінің жемісі болмақ.
Өз келешегі үшін осы бастан қамданғысы келген халық уақыты мен күш-қуатын жас буынның ертең нағыз азамат боп өсіп-жетілуіне жұмсау керек. Басқа салаға жұмсаған уақыт пен қуаттың көбі зая кетсе де, келешек ұрпақтың нағыз азамат боп өсіп-жетілуі үшін жұмсалған мүмкіндіктер түгесілмес пайданың көзіне айналады.
Қазіргі таңдағы қоғамда масқара саналған бишаралар, залымдар, анархистер, ішкіштер, нашақорлар және тағы басқалар – кешегі тәрбиесіне мән берілмеген балалар. Ал біздің жауапсыздығымыздың кесірінен ертең өкшемізді қандай ұрпақтың басатынын бір сәт ойланып көрдік пе..?
Ертеңгі күннің тағдыры техникалық және технологиялық жетістікке ие болған ұлттардың емес, отбасы институты құрылған, ұрпақтың тәрбиесіне терең мән берген халықтардың қолында болады. Үйлену мен ұрпақ мәселесіне салғырт қараған ұлт ерте ме, кеш пе, заман азулыларының арасында жоқ болып кетеді.
- жасалған.