Пайғамбарымыздың хазірет Зейнеппен үйленуі
Өткен-кеткен дін дұшпандары Аллаһ елшісінің Зейнеп анамызбен (р.анһа) некелескенін жамандыққа жорып, оған күйе жаққысы келді. Бірақ екі әлем Сардарының арына дақ түсіре алмай, сол күйеге өздері былғанды.
Осы оқиға Құран Кәрімде былайша баяндалады: «Сол уақытта өзіне Аллаһ та бақ берген, сен де бақ берген Зәйдке: «Жұбайыңмен ажыраспа, Аллаһтан қорық!», – деуде едің. Аллаһтың жариялайтын үкімін көңіліңде жасыруда едің. Адамдардан корқасың. Негізінде, қорқуға Аллаһ лайық. Сонда одан Зәйд ажырасқан кезде, оны саған қостық. Бұл мұсылмандарға асыранды баласынан ажырасқан әйелдерге үйленудің кінәсі жоқтығын көрсету үшін осылай істелді. Аллаһ әмірі орындалады» (Ахзаб, 33/37).
Ақиық елші Зәйдті (р.а.) жанындай жақсы көретін. Өзгені емес тек соны ғана баласы етіп асырап алды. Барлығы оған Пайғамбарымыздың туған баласындай қарайтын. Иә, ол өзінің ғұмырын Аллаһ елшісінің жолында сарп етті. Рақым Пайғамбар да оған деген сүйіспеншілік құшағын айқара ашты.
Пайғамбарымыз Зәйдті (р.а.) құлдықтан азат етіп, өзіне бала етіп алды. Сол заманның әдеті бойынша Зәйд азат болған күннің өзінде сүйекке қара дақ болып түскен құлдық таңбасын өшіру мүмкін емес еді. Бұл сол кездегі араб қоғамының айықпас дерті болатын. Өйткені, біреудің құлы боп, өксікпен ғұмыр кешкен адам азаттық алғанымен, бәрібір қоғам ішінде төмен сатыдағы адам болып есептелетін. Осындай парықсыз ойдың түбіріне балта шауып, қоғамды аты жаман індеттен құтқару қажет болды. Хақ елшісі де өзін мықтап ойландырып жүрген осы мәселеге байланысты бір шара қолданатын кезді күтіп жүрді.
Бірақ бұл шара әуелі іске аспастан бұрын, халық арасында мақұлдануы қажет еді. Сондықтан да Аллаһ расулы маңдайларында құлдық мөрі басылған осы адамдарға ерекше бір әдісті пайдаланды.
Азаттық – өте маңызды мәселе. Бірақ, темірді қызған кезде соға білу, мүмкіндікті жіберіп алмау – одан да маңызды. Бостандықта болып көрмеген адам азаттыққа жеткенімен, бәрібір азат адамдай ғұмыр кеше алмайды. Айтқандай-ақ, Америкада құлдар азат етілгенімен, түпкі мақсаттарына көп жылдардан кейін ғана жете алған. Сол заманда азаттық алғандар еркіндікке бой үйрете алмай, бұрынғы қожайындарына қайтып оралған. Өйткені, сол дәуірдегі қоғам азаттыққа дайын болмады. Сондықтан да, құлдар азат етілгенімен нәтижесі оң аяқталмады.
Аллаһ елшісі оларды бір жағынан азат өмір сүруге, екінші жағынан, темір бұғаудай тырп еткізбеген құлдық санадан арылтып, қоғамның толыққанды мүшесі болуға үйретті.
Әу баста айтып кеткеніміздей, ол алғы шепке ең алдымен өз жақындарын жіберсе, бұл жерде де дәл осы тәсілді пайдаланған болатын. Текті әйел, өз нағашы әпкесінің қызы, Абдуллаһ ибн Жахштың (р.а.) қарындасын азаттық алған құл Зәйдпен (р.а.) үйлендірмек болды.
Аллаһ елшісі нағашы әпкесінің шаңырағына бас сұғып тұратын. Осы шаңырақ та көп жылдардан бері Хақ пайғамбардан бір ұсыныс күтіп жүрген. Өйткені, Хақ елшісінің жары болу әрбір әйелдің аңсары еді.
Жоғарыда Пайғамбарымыз Сәуданы (р.анһа) талақ етпек болғанда, оның бар қалауы Пайғамбардың жары болып бұл өмірден өткісі келгендігін айтқанбыз. Бұл Аллаһ елшісінің жары болып қалу арманынан туындаған сезімдер еді[1]. Омар (р.а.) өмір-бақи осы шаңыраққа туыс болып қалуды аңсап, ақырында Фатима анамызға (р.анһа) құда түспек болған. Бірақ Хақ пайғамбар оны Әлиге (р.а.) қосқанда, Омардың (р.а.) Әлидің (р.а.) қызы Умму Гүлсімді күтуіне тура келді. Осы мүбәрак әйел Омармен некелескенде өте жас болатын. Алайда осылайша Омардың (р.а.) оған үйленуі арқылы Ақырғы Пайғамбарға туыс болу арманы орындалады[2].
Сонымен Пайғамбарымыздың нағашы әпкесінің қызын жиеніне бермек болуы – әдеттегі нәрсе. Әрі Зейнеп те (р.анһа) пайғамбар жары болуға лайық еді. Шамасы, оның да көңілі Пайғамбарымызды қаласа керек.
Хақ пайғамбар бір күні нағашы әпкесінің үйіне барып: «Зейнепке құда түсемін», – дейді. Үй ішіндегілер қуаныштан төбелері көкке бір елі жетпей қалады. Жылдар бойы сарғайып күткен күн де туды. Хақ пайғамбар Зейнепке құда түсіп келіп отыр. Бұдан артық қуаныш бар ма?! Ұлы парасат Иесі өзінің кім үшін құда түсіп отырғандығын үй іші басқаша жорығандарын дереу түсіне қойып: «Мен Зейнепті Зәйдке қосу үшін құда түсіп келіп отырмын», – деп ашып айтты. Сол сәтте шаңырақта күміс боп шашылған шаттық су сепкендей басылды. Егер құда түсуші Пайғамбар болмағанда, олар бірден қарсылық білдіретін еді. Бірақ, Хақ пайғамбарға кім қарсылық білдіре алады?! Бәрі де Пайғамбар құда түсіп келіп тұрған соң амалсыз мақұлдап, екі жас үйленіп, шаңырақ құрады. Кермек жусанның дәміндей болса да, қоғамдағы індетті жою мақсатымен қолға алынған бұл іс осылайша жүзеге асты.
Әйел текті тұқымнан еді. Мінезі де соған сай жібектей. Зәйдті (р.а.) Аллаһ елшісі жанындай жақсы көргенмен, сол заманда үстемдік еткен ұғым бойынша ол құл еді. Жұпыны, елеусіз отбасынан шыққан. Сондықтан да мінездері сәйкес келмеді. Анығырақ айтқанда, Зәйд (р.а.) бұл әйелдің өзіне тең еместігін сезеді. Зейнептің (р.анһа) өз қалауы мен еркі бар еді. Ол Пайғамбар шаңырағына лайық жауһар болатын.
Зәйд осыған қатысты ойын неше мәрте Аллаһ елшісіне барып айтып, әйелімен ажырасқысы келді. Хақ пайғамбар оған: «Әйеліңді берік ұста. Аллаһ тағаладан қорық» деп үнемі кеңес берумен болды. Пайғамбарымыз осылай отастыру арқылы қараңғылық дәуірге тән жансақ ойдың түбіріне балта шабуды көздейді. Ол осылайша жоспар құрып, екі жастың отасуына арқау болды. Бірақ сол жас отаудың ынтымағы жараспай, күннен-күнге берекесі қаша берді.
Аллаһ елшісі құл мен текті әйелдің үйленуге болатындығын іс жүзінде көрсетіп кетті. Хақ пайғамбар – жол көрсетуші. Жол көрсетуші айтатын нәрсесін, алдымен, өзі мен жақындары арқылы өнеге көрсетуі қажет. Бұл да Жаратушының рұқсаты мен бағыттауы арқылы болады. Алайда осы кезде уахи көгінде жүгі өте ауыр оқиғалардың белгісі де көріне бастады.
Аллаһ елшісі Хақ тағаланың білдіруімен күндердің бір күні Зейнептің (р.анһа) өз жары болатынын да білген еді. Елге жария қылу жарлығы болмағандықтан, осы хабарды жұрттан жасырып жүрді. Негізі Айша анамыздың (р.анһа) сөзімен айтқанда, Хақ елші өзіне келген уахилардан елден бір нәрсе жасырғысы келсе, осы үйленуге қатысты аятты жасыратын еді[3]. Иә, Зейнеппен (р.анһа) үйлену Аллаһ пайғамбарына өте ауыр тиді. Бірақ, «әзәлдә» қиылған некені кім теріске шығара алмақ?! Аллаһ: «зәууәжнәкәһә»: «Оны саған некеледік» дейді. Осы неке тікелей Хақ тағала жағынан қиылған. Бұл некенің куәлары да көктің тұрғындары болды. Осы жүгі ауыр неке арқылы Аллаһ тағала тағы бір заңдылықты білдірді: «Өгей бала адамның өз баласындай болмайды». Өгей бала әйелімен ажырасса, өгей әкесінің сол әйелмен үйленуге құқы бар. Алайда қараңғылық дәуірде өгей бала өз баласындай саналып, олар өлсе яки ажырасса, олардың әйелдерімен үйленуге құқы жоқ еді. Қараңғылық дәуірге тән осы әдеттің түп тамырымен жойылуы қажет болды. Ақырында жойылды. Бірақ, осы құлаған үйіндіні Аллаһ елшісі жалғыз өзі көтерді.
Осы ауыр сынақтың маңызды негіздері:
Зейнеп анамыздың (р.анһа) мына бақыттылығына қараңыз. Ол екі рет тұрмысқа шығу арқылы қараңғылық дәуірге қатысты екі бұзық әдеттің құлауына арқау болды.
Кейбір тәпсірлерде жалған оқиға орын алған:
Пайғамбарымыз бір күні Зейнеп анамызды (р.анһа) көріп қалыпты-мыс. Әрі – ол сол кезде оның тұрмысқа шыққан кезі. Пайғамбарымыз Зейнеп анамыздың сұлулығын көріп «Уа, Жаратушы – жүректердің Әміршісі» дегенде, бұл сөзді Зейнеп анамыз да естіпті-міс т.б. «Исрайлияттан» туындаған осы жалған сөздер, өкінішке қарай, кейбір сүннит ғалымдарға да әсер еткен. Бір тәпсірші «Зәйд үйге келгенде, мән-жайды ұға қойды» деп жазады. Мұндай сөздер – тек дін дұшпандарына ғана тән. Мен ол тәпсіршіге әдепсіздік танытып «Жағың қарыссын» демеймін. Бірақ, осы сөздерді әдейі айтқан адамның, кім болса да, жағы қарысқай!
Ең алдымен Зейнеп (р.анһа) жастайынан өзінің көз алдында өскен қыз еді.
Екіншіден, егер Хақ пайғамбар Зейнепті (р.анһа) қаласа, онда неге әу баста оған өзі үйленбей Зәйдке (р.а.) қосты?
Үшіншіден, үй ішінің тегіс Зейнептің (р.анһа) Аллаһ елшісіне жар болуын қалағанын жоғарыда айтып өткенбіз. Ендеше, Аллаһ елшісінің оны Зәйдпен қосып, өзі алмайтындай араларында қандай кедергі болды дейсіз?
Аллаһ елшісі Зейнеп анамызбен (р.анһа) көктен келген бұйрық бойынша үйленді. Аллаһ жарлық берді, Пайғамбар сол жарлықты орындады. Қалған әңгімелердің бәрі де кешегі Вольтлерлер мен Гольдциерлердің, тағы басқа да дін дұшпандарының дайындаған сценарийлері. Жала мен жалғанға толы әңгімелер. Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хақ тағаланың пайғамбары, Зейнеп Зейнеп бола тұра, Зәйд те Зәйд бола тұра, олар өз жаратылысындағы мақсаттарынан қалай ғана аттап өте алады? Өкінішке қарай, осындай жалған әңгімелерді дін дұшпандары басын айналдырып қойған арамызда жүрген кейбір адамдар да айтып жүр. Амал не, һидаят Аллаһ тағаланың қолында. Раббым оларға тура жол нәсіп етсін!
Тақырыпты «әрбір пайғамбар күнәдан пәк, ал Аллаһ елшісі олардың арасындағы ең пәгі» деп бастап, мысалдар арқылы Хақ елшінің исмәтін көрсетуге тырыстық және оның пәктігін санамыздың жеткен жеріне дейін ғана айта алдық...
Осы жерге дейін Аллаһ расулының исмәт пен абыройын, яғни күнәдан пәктігін ғана айттық. Енді оның күнәден пәктігіне басқа тұрғыдан келіп көрелік. Оның тақуалығы мен Аллаһ тағаладан қорқуы, құлшылық санасы мен ғибадат түсінігі тұрғысынан екі әлем Сардарының күнәдан пәктігінің барлық қыр-сырын түсініп, оны танығысы келгендерге төмендегі ерекшеліктерді білген жөн.
[1] Муслим, Рада, 47.
[2] Ибн Сад, Табақат, 7/463-464; Ибн Хәжәр, әл-Бидәя, 4/492.
[3] Бухари, Тәухид, 22; Муслим, Иман, 288; Муснәд, 2/5.
- жасалған.