Уахши

Хақ пайғамбары туысқан ағасын өлтірген Уахшиға біреу арқылы хат жолдап, хақ дін Исламға шақырады. Хатта төмендегі аят жазылған:
«Олар Аллаһпен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Аллаһтың өлтіруін харам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді. Зина да жасамайды. Кімде-кім осы айтылғанды жасаса, күнәға батады» (Фұрқан, 25/68).

Бірақ Уахши келген адамнан жауап қайтарады. Әлгі аяттың астына: «Сен мені мұсылман болуға шақырасың, бірақ мен осы аятта айтылған барлық күнәларды жасадым. Күпірліктен бас алмай өмір сүрдім. Зина да жасадым. Көзіңнің нұры болған туысқан ағаңды (Хамзаны) өлтірдім. Мен мұсылман болатындай, осыншалықты күнә кешіріле ме?» – деген жүректі қан жылатар ауыр сөздерді жазуды да ұмытпапты.

Аллаһ елшісі екінші мәрте хат жібереді. Бұл жолы мына аятты келтіреді:
«Аллаһ өзіне ортақ қосқанды кешірмес. Бұдан өзге қалағанын кешірер. Сондай-ақ, кім Аллаһқа ортақ қосса, расында, ең үлкен күнә жасап, орынсыз жала жабады» (Ниса, 4/48).

Уахши бұл жолы да аятта кешірімнің анық еместігін Аллаһ елшісіне жеткізеді. Мейірім Пайғамбары үшінші рет хат жібереді. Ол хатта мына аят жазылған:
«Ей, өздерін шектен шыға зияндыққа ұрындырған құлдарым! Аллаһтың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Аллаһ барлық күнәларыңды кешіреді. Өйткені Ол – тым жарылқаушы, аса мейірімді де рақымды» (Зумәр, 39/53).

Уахши осы үшінші хаттан соң ғана Аллаһ елшісіне биат (серт) етеді. Ол енді сахаба қатарынан саналып, соңына «радиаллаһу анһу» қосылмай есімі еске алынбайтын болады. Бірақ ол Хамзаны өлтірген адам еді. Өзінің де, басқалардың да мұны ұмытуы мүмкін емес. Уахши ақыретте осы бір күнәның есебін бермейтіні анық еді. Өйткені ол қылмыс жасаған күні мұсылман емес-тін. Әрі Исламға кірген соң, барлық күнәлары кешірілген еді[1]. Бұл жағынан алғанда бақытты. Бірақ қалай болғанда да, өлтірген адамы Хамзаның өзі болатын!..

Хамза орманда арыстандардың үрейін ұшырып, батылдығы ел аузында аңызға айналып, атағы дүрілдеп, жер жарып тұрған шағында,  Аллаһ елшісінің алдына келіп, тізерлеп отырып, мұсылман болған адам еді. Тіпті екі әлем Сардарымен бір ананың сүтін тел емгендіктен, ол Аллаһ елшісіне сүт бауыр ағайын еді[2]. Ол Исламға кіргенге дейін мұсылмандарда қорқыныш басым болатын. Хамза мұсылман болған соң, олардың күркіреген зор даусы Араб түбегін жаңғыртып жіберді. Тағылықтың аты ойнақтаған осындай заманда Уахши Хамзаның қанын төкті. Ухудта кесірлі найзасын толғап, Хамзаға қадайды. Ғұмырында «Аллаһтан басқа құдай жоқ» дегеннен басқаға жоқ деп көрмеген Хамза өзіне қадалған найзадан екі бүктетіліп барып «Лә»[3] тәрізді сұлқ ете құлайды. Біраздан соң Аллаһ елшісі оның сау тамтығы қалмай парша-паршасы шыққанын көріп, басында отырып, балаша еңіреп жылайды. Шейіттер жуылмайтын. Бірақ Аллаһ елшісі Хамзаны жуды. Су орнына кәусардан да қымбат көз жастарымен шайғандай еді... Аллаһ елшісі оның басында жұбана алмай көп жылады. Қылмысты жасаған Уахши Аллаһ елшісіне қанды қолын ұсынып, биат етіп жатты. Хақ пайғамбардың қалай тәблиғ еткеніне көз салып қараңызшы. Ол осы қолды қысып тұрып, Уахшиды Исламға кіруімен құттықтады. Негізінде, Уахшиді тікелей өзі шақырған болатын[4].

Уахши иман еткен соң, Аллаһ елшісі оның құлағына: «Мүмкін болса маған көп көрінбеуге тырыс! Өйткені сені көрген сайын Хамза есіме түсіп, саған жылы жүзбен қарай алмаймын. Бұлай етсек, маған да, өзіңе де жеңіл. Әйтпесе, сен өзіңді бақытсыз сезінесің. Мен де өз міндетімді толық орындай алмай қалармын», – деп сыбырлайды.

Уахши сахабаға тән парасатталық танытып, Аллаһ елшісінің осы өтініші мен әміріне қарсы келмеді. Оның көзіне көрінбеуге тырысты. Бірақ сағат санап, сәт санап, Аллаһ елшісі қасына шақырса екен деп күтті. Ол бір тіреудің артында тұрып, Аллаһ елшісінің жанарымен жанарын түйістіруге тырысып, өз-өзіне «шіркін-ай, бір күні маған: «енді көріне берсең болады» – дер ме екен?». Уахши сол күнді күтіп жүргенде, Аллаһ елшісі дүниеден озып кетеді. Қайғылы хабарды естіген кезде Уахши төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалады. Аллаһ елшісімен бір тілдессем деген оның үміті де сөнді.

Уахши осыдан кейін күнәсынан арылудың жолын жатпай-тұрмай іздейді. Ақырында іздегенге сұраған, Ямамә соғысы бұрқ ете қалды. Бұл – екі айналып келмейтін мүмкіндік еді. Өйткені Исламның ең үлкен қаһарманын өлтіріп, күнәға кірген-ді.

аншалықты кешірілсе де, Уахшидың ар-ожданы тыныш таппай, іштей оттай күйіп-жанумен болды. Бұл отты сөндіретін мүмкіндік те туды. Ол – өзін пайғамбармын деп жариялаған Исламның ең үлкен дұшпаны – Мусәйләмәні жайрату. Уахши бір кездері Хамзаны түйреген, тот басқан найзасын алып, сахабалармен бірге Ямамә соғысына аттанады. Соғыс бірнеше күнге созылды. Мүсәйләмә мен әскері өліспей беріспей жанталасып жатты. Бір уақытта қамалдан шыға қашқан Мусәйләмәні күзетте тұрған бір сахаба көріп қалады. Ол дереу Уахшиға қарап: «Әне, Аллаһтың дұшпаны кетіп барады», – деп айқай салды. Мұны естіген Уахши дереу тот басқан найзасын қолына алып, оның қыр соңынан қалмай, өкшелей қуып жетіп, Хамзаның бауырына қадағандай Мусәйләмәнің бауырына шаншиды. Ол аттан омақаса жығылған кезде, Уахши дереу сәждеге барады[5]. Жанарынан жас сорғалап, өксігін баса алмай, еңкілдейді. Аллаһ елшісінің рухына: «Енді көрінсем бола ма, Аллаһтың елшісі!» дегендей. Біз Хақ пайғамбардың оған қалай жауап бергенін білмейміз. Кім білсін, сірә, Аллаһ елшісінің рухы да Ямамәда болып, Уахшидің осы бір мұңға толы жанары мен жалбарынуы көңілін босатып әрі оның ерлігіне риза болып, Уахшиді құшақтап тұрып: «Енді көрінсең болады» – деген де болар. Ол жағы біз үшін беймәлім. Бұл – әулие-әнбиелерге ғана тән тылсым. Осы оқиғаны айтудағы негізгі мақсатымыз – Аллаһ елшісінің дінге тартудағы шеберлігі жайында ой қозғау еді.

Әңгімеде байқалғандай, екі әлем Сардары өз бауырындай жақсы көріп, өзіне жақын тартқан Хамзаны өлтірген адам үшін де рақым етіп, мәңгілік бақытты ғұмырына себепкер болды. Ол сансыз тәсіл қолданып, Уахшидай адамның өзін сахабаға айналдырды. Егер дін насихаты табиғатына осыншалықты сіңісті болмаса, Аллаһ елшісі Уахши секілді адамды  Ислам қаһарманына айналдыра алар ма еді? Жоқ. Оның осы бір құштарлығында, тәблиғтың пайғамбарға тән сипаты мен ақиқаты жасырынып жатты. Сол себепті ол басқаша әрекет ете алмайтын еді.

 


[1] “Ислам өзінен бұрынғыны (күпір мен күнәні) түбегейлі жойып жібереді” Муснәд, 4/119.
[2] Ибн Хәжар, Исабә, 1/353; Ибну’л-Әсир, Усду’л-Ғабә, 2/51.
[3] «Жоқ» («лә») сөзі арабша жазылуында құлап бара жатқан адамды елестетеді.
[4] Мәжмау’з-Зәуә’ид, 7/100-101.
[5] Бухари, Мәғази, 24; Ибн Һишам, Сирә, 3/76-77.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.