12. Үш топ

Имам Муслимнің риуаят еткен бір хадисінде Аллаһ елшісі:
«Қиямет күні Аллаһтың тіл қату бақытынан мақұрым қалған үш топ бар. Аллаһ тіпті олардың жүзіне де қарамайды. Әрі күнәларынан арылтып тазартпайды да. Оларға жан түршігерлік азап бар. Олар: киімдерінің етегін жерге жайып жүруші, жасаған жақсылығын бұлдаушы және жалған ант етіп, саудасын жүргізуге тырысқан адамдар»,– дейді[1].

Мағына
Жоғарыдағы хадистің аудармасы оның тек жалпы мағынасын ғана білдіреді. Мағына – айнадағы сұлба ғана. Бірақ одан ақиқатты іздеуге болады. Сөйте тұра, ол ешқашан ақиқаттың өзі бола алмайды. Түсінігі мен мағынасын ғана берген Құранның аудармасынан Құдайдың сөзін іздегендер үлкен қателікке ұрынады. Бұл – жалғанға ақиқат деп қараумен тең. Мәселен, Құранда Аллаһ тарапынан түскен есепсіз мұғжизалар бар. Ал сол мұғжизалардың аудармада негізгі мәнінен айрылып сұлбасы ғана қалғанын байқайсыз. Сол үшін Құран мен хадистің ең абзалы – түпнұсқадағы үлгісі. Жоғарыда айтқан хадистің сөзіне азырақ тоқталып өтіп, мәселені тереңнен тануға тырысайық. Бұл талпынысымыз – ақиқаттың айналасында шыр айналған  ақылдың саяхатынан ары аспайды. Біздің міндет – терең түсінуге тырысу ғана. Аллаһ тағаладан осы жолда табысқа жеткізуін сұраймыз.

«Сәләсатун» – «үш» сөзі жалпылама түрде айтылған. Оны қаласаңыз, еркек, не әйел, топ немесе жамағат деп те қарауыңызға болады. Осы үш топқа ғалымдарды да надан адамдарды да жатқызуыңызға болады. Себебі, хадисте мұндай адамдардың кім екенінен бұрын сипаттары негізге алынған. Сондықтан хадисте бұл мәселе анық айтылмай жалпылама берілген.

«Сәләсатун» – беймәлім сөз. Соңындағы «тәнуин», беймәлімділікті білдіреді. Олар – беймәлім адамдар. Олардың кім екенін білдіретін дерек жоқ. Сондықтан олар – қор болған адамдар. Сол беймәлім жандардың қор саналған қарабеттігі сонша – оларға адам деп баға берудің өзі артық. Аллаһтың оларға мүлдем назар салмағаны секілді, сіздер де олармен тілдесудің өзін орынсыз көресіздер. Олар – түрлерімен емес, жүректерімен жеңіліп, тәнқұмарлыққа салынып, ар-ождандары тәнінің қыспағында езіліп қалғандар. Заңғар шыңдарға шыға алар бойдағы бүкіл қасиеттерін түбегейлі жоғалтқандар осылар. Үнемі шыңырау шұқырлардан шыға алмай, шығамын деген ойы да болмай мехнат шегіп қалғандар нақ солар.

«Үш»  сөзінен кейін осы және келер шақты білдіретін үш етістік берілген. Үш етістік үш топтың тұңғиық қараңғылықта қалғанын білдіреді. Кісі осы «үш» деген сөзді естіген кездің өзінде сол үш топты тұмшаланған қараңғылық ішінен байқағандай болады.

Үш нәрседен мақұрым қалу
1. Сөйлесуден мақұрым қалу

 «Аллаһ оларға тіл қатпайды» сөзінің басындағы етістік – осы шақта тұр. Осы шақ етістігі келер шақ пен осы шақтың мағынасын қатар білдіреді. Өзіне арнайы кітап жіберілген, Аллаһпен сөйлесуге қабілеті бар бұл пендемен Аллаһ сөйлеспейді. Қайғы мен азаптың басы осы екі сөзде басталған. «Рахман» сүресінде Аллаһ адам баласына сөйлеу қабілетін бергенін ырыс-береке ретінде айтса да, Аллаһ осындай адамдармен тілдеспейді. Адамда сөйлеу қабілетінің болуы – Аллаһтың сөйлеуші сипатының дәлелі. Яғни, Аллаһтың сөйлеуші сипатына дәлел бола отырып, сол бір бейшара жан ауыр қайғыға душар болады. Аллаһ онымен «сөйлеспейді».

Адам басына іс түскенде іштегі шерін тарқатып, мұңын шағатын біреуі болмаса, одан асқан азап бар ма? Ол қанша жерден көмек сұрап, жалбарынып, жанталасып аласұрғанмен, оған жәрдемдесе алатын жалғыз Жаратушы оның сөздерін тыңдамайды да. Құран Кәрімде бұл көрініс былай баяндалған: «(Аллаһ) Тоқтатыңдар сөздеріңді, бұдан кейін Маған ешқандай да тіл қатушы болмаңдар!» (Муминун, 23/108). Өйткені сендердің сөз сөйлейтін жерлерің дүние болатын. Сол жерде сөйлесіп, Аллаһқа жақын бола алатын едіңдер. Дүниеде болған кездеріңде, Аллаһқа жақын болмадыңдар. Сондықтан да бүгін Ол сендердің жақындарың емес.

2. Аллаһтың назар салуынан мақұрым қалу
Екінші көрініс  «Аллаһ оларға қарамайды» мағынасында айтылады. Рақымдылық назарына мейлінше мұқтаж болған сол күні Аллаһ оларға мүлдем қарамайды. Кейбір жандар шат-шадыман жүздері нұр шашып тұрғанда, өзге бір топ қабағы түсіп, жүздері күйген күлшедей қап-қара болады. Иә, бұлар Аллаһтың рақым назары бұйырмаған екінші топтың адамдары еді.

Әркім өз атымен шақырылып жатқанда, әркім бір себеппен құтылып, мәңгілік қуанышқа бөленіп жатқанда, қараусыз қалған осы адамдардың жағдайы неткен қорқынышты еді!

Аллаһ елшісінің Ка’б ибн Мәликке аз уақытқа жаза беріп жалғыз қалуы әрі оған, әрі осы жайды естіген жандардың да жанына батқан қандай ауыр сынақ еді[2]. Алайда әлгі топтағы адамдар мәңгі-бақи осындай жазаға душар болуда. Аллаһым мұндай азаптан Өзі сақтасын! Жәһәннам да мұншалықты қорқынышты болмас. Рақымдылығы шексіз Рабтың адамға бір сәт болсын қарамай қоюы неткен ауыр азап, неткен қорқынышты жаза десеңізші?!

Не дей аламыз? Адамдар жасағандарының қарымын сол күйінде қайтып алады. Жақсылық жақсылықпен, жамандық жамандықпен қайтады.

3. Тазарудан мақұрым қалу
Үшінші жағдайда «Аллаһ оларды тазартпайды» мәселесі айтылған. Адамдар бақиға тірі күнінде тазаланып баруы тиіс. Тазалану үрдісі осы фәни дүниеде жүреді. Ақыретте адамды тек жәһәннам тазалайды. Адамдар сынақ әлеміне бір-ақ рет келеді. Сол себепті нысанаға дөп тигізу мүмкіншілігі де бір-ақ рет беріледі. Өзіне берілген осы мүмкіншілікті тиімді пайдаланғандар табысқа кенеледі де, жүрдім-бардым жеңіл қарағандардың қоржыны құр қайтады. Бұдан өзге жол жоқ.

Әйюб пайғамбардың үсті-басын жара қаптап ауырғаны секілді рухы, ар-ожданы, рухани және ішкі сезімдері мен жан сарайындағы нәзік сезімдері күйзеліске түсіп, шұрқ-тесік болған бейшара жан сол күні осы адам айтқысыз азапты күйге түскен түріне қарап, «тазара алар ма екенмін?» деген үмітпен жаутаңдайды. Бірақ амал не? Хадисте айтылғандай, Аллаһ осы үш топқа жататын адамдарды қиямет күні тазартпайды.

Ақыры – ауыр азап
Хадистің соңына таман: «Олар үшін жан түршігерлік азап бар» делінген. Оларды ілгері қарай бір қадам баспай жатып, алдарынан қарсы алатын жалғыз-ақ нәрсе бар. Ол – үрейден адамның аза бойы қаза болар жан түршігерлік азап. Азап болғанда да түскен сәтте-ақ күйдіріп, жалын шашып, жалмап-жұтып жіберетін ауыр азап. Міне, олар осындай бір жан шыңғыртар азаптың шыңырау түбіне тасталады.

Мұндай ашық азапқа душар болатын осы үш топ кімдер? Жан түршігерлік ауыр азап отына тасталынған кімдер еді олар?
Аллаһ елшісі сөзінің жалғасында: «Етектерін жерге жайып жүруші», – дейді. Бұл сөзімен ол, әлбетте, тәкаппар жандарды меңзеген.

Рим, Грек тарихтарында етектерін жерге жайып жүрген адамдардың суреттерін көресіздер. Осы жайында түсірілген филмьдерде бұл көріністер айқын бейнеленген. Етегімен жер сыпырып жүретін адамдарды емес, өздерінің тәкаппарлықтарын, яки өздерін өзгелерден биік санайтындар туралы айтылып отыр. Негізінде, хадистің айтпақ мәселесі – осы.

Өркөкіректік пен тәкаппарлық
Өркөкіректік пен тәкаппарлықтың қаншалықты кесапат екендігі көптеген аят пен хадистерде айтылып кеткен.
Мысалы, бір хадисте Пайғамбарымыз: «Жүрегінде зәредей тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді», – деп ескертеді[3].

Өйткені жүрегінде зәредей өркөкіректік пен тәкап-парлық бар жанға Аллаһ тура жолға бастайтын есіктердің бәрін жауып тастайды. Аллаһ Құранда былай дейді:
«Жер жүзінде орынсыз көкірек қаққандарды аяттарымнан аластатамын. (Оларды түсінбейді). Тіпті барлық мұғжизаларды көрсе де, сенбейді. Сондай-ақ, олар тура жолды көрсе, оны жол етіп алмайды. Ал егер қисық жол көрсе, соны жол етіп алады. Бұл аяттарымызды – теріске шығарып, одан мақұрым қалғандықтарынан» (Ағраф, 7/146).

Өркөкіректік – адамның көкірек көзін көр ететін перде. Көкіректіктің тас қамалында қалып қойған ар-ождан еш уақытта да ғаламда жазылған сансыз мұғжизаларды көре алмайды, терең біліп ұғына да алмайды. Өйткені көкірек көзі тұмшаланып, саңылауына сәуле түспеген соң, көз де ешбір кәдеге жарамайды ғой.

Ұлылық Аллаһқа ғана жарасқан. Күніне бес рет мұнаралардан әлемге атын ұлықтаған осы бір ақиқатты басқа біреудің иемденіп, онымен таласқанға Аллаһ қалай ғана ризашылық танытсын?

Бір қасиетті хадисте Аллаһ:
«Кибрия (тәкаппарлық) менің ридам (шапаным), Ұлылық болса, изарым (ішкі киімім). Кім менімен бұл жайында таласқысы келсе, Мен оны жәһәннамға лақтырамын», – дейді[4].

Тәкаппарлық (кибрия) – Аллаһтың бір сипаты. Адамға ішкі, сыртқы киімдер қандай қалыпты нәрсе болса, бізге қандай екені беймәлім Аллаһтың да кибрия мен ұлылығы сол іспетті. Осы екі сипатты өзімен бөлісуге тырысқанды Аллаһ жәһәннамға лақтырады.

Өркөкірек жүрекке иман тұрмайды. Басқаша айтсақ, егер бір жүрекке Аллаһтан өзге нәрселер өз патшалықтарын құрып алса, ондай жүректен иман орын тебе алмайды. Жүріс-тұрысында өркөкіректігін көрсеткен адамның жағдайы да дәл осындай. Хадисте мұндай адам «етектерін жерге жайып жүруші» деп бейнеленген.

Міндетсіну
Екінші адам немесе топ – «мәннан». «Мәннан» деген – Аллаһтың өзі де ішіп-жесін, басқаларға да жәрдем етсін, сонда сол жасаған жақсылығының әрбірін мың етіп қайтарайын деп артықтау етіп мал-мүлік берген адамы. Бірақ ол – шын мәнінде ондай бола алмаған адам. Ешқандай жақсылық жасамағанымен қоймай, кейде бергенінің өзін міндетсініп көкірек керіп, сол бергенін де жоқ еткен адам. Алайда оның қолында болған мал-мүлік те, өзі де Аллаһтың мүлкі еді. Оның барлық міндеті Аллаһтың мал-мүлкін жұртпенен бөлісу бола тұра, ол өзін сол мал-мүліктің нағыз иесі көріп, адамдарға аз ғана дүние беріп, сол үшін көкірек қағып, паңданып, өзін өзгеден жоғары ұстайтын адам. Иә, бұл неткен ақымақтық десеңізші! Бұл дегеніңіз өзін-өзі түбі терең тұңғиық шыңырауға тастау емес пе?!

Аллаһ оған мал-мүлік берді. Бірақ осы мал-мүлікте басқа жандардың да үлесі бар. Алайда бұл адам сараңдық жасап, Аллаһтың мүлкін ешкіммен бөліскісі келмейді. Берсе де міндетсініп, береді. Мұндай ақыры қасіретке түсіретін садақа берушіден ғибратты сөз сөйлеген адам әлдеқайда көп сауап алады. 

Құран Кәрім: «Көркем сөз және кешірімділік, артынан бұлдану, кейіту араласқан садақадан жақсы», – дейді. (Бақара, 2/263).
«Мәннан», сонымен қатар, сараң адам деген сөз. Ал сараңдық адамды Аллаһтан, жәннаттан және басқа игі жақсылықтардың бәрінен алыстатып, жәһәннамға жақындатады.

Пайғамбарымыз бір хадисінде сараңдық жайлы:
«Сараң – Аллаһтан алыс, жәннаттан қашық, адамдардан ұзақ. Жәһәннамға жақын»,– дейді[5].

Жазаға лайық іс
Хадисте көркем сөз тәсілі тұрғысынан алғанда «сөздердің симетриясын» ерекше атап өтуге болады. Яғни, бұл тіркес «Аллаһ тіпті олардың жүзіне де қарамайды» деген мағынаны білдіреді. Ол «Мәннанмен» (жасаған жақсылығын бұлдаушы) байланысты. Өйткені екеуі де сөз ортасында. Бірінші мен соңындағы сөздер де бір-бірімен тығыз байланысты. Осы жағынан алып қарағанда, осы хадистен төмендегідей мағына шығаруға болады. Мәннан бұл фәниде міскіндерге жаны ашымаған, тіпті оларға көз қырын да салып қарамаған және берген күннің өзінде онысын міндетсігендіктен ақыретте жазаға ұшырайды. Ол бұ дүниеде қалайша адамдардан алшақ тұрып, оларға көмек қолын соз-баса ақыретте Аллаһ тағала да оған солай қарайды.

Өркөкірек, басқалармен сөйлесуді ар санаған адамдар да ақыретте өздерінің Аллаһпен сөйлесе алмайтынын білуі тиіс.

Білгеннен соң,  сол жазаға апаратын жолдармен жүрмеуге тырысуы керек.

Жайшылықта ант-су ішу дұрыс емес. Сөйте тұра бас пайдасы үшін өтірік ант етіп, заттарын асыра мақтап, артық бағасына сатуға тырысу да адамды тұйық бір түнекке апаратын үшінші көрініс.

«Әрі күнәларынан арылтып тазартпайды да» деп ескертуі осы мәселеге байланысты.

Үшінші топтағылар «Жалған ант етіп, саудасын жүргізуге тырысушы адамдар» деп берілген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұлар – саудада бас пайдасын көздеп, жалған анттарымен жұртты алдауға тырысқан адамдар. Иә, азапқа душар болатын үшінші топ та, міне, осылар.

Екі әлем Сардарының мына (жәуәмиу’л-кәлиміне) өнегелі қанатты сөздеріне қараңыздар да, былай деңіздер: «Садақа расулуллаһ» (Аллаһ елшісі рас айтады). Әрбір хадистен кейін бізге осылай айту – борыш. Оның әрбір сөзі бізге «Мухаммадур-Расулуллаһ» дегізеді.




[1] Муслим, Иман, 171-174; Тирмизи, Буиу’, 5; Нәсә’и, Зәкәт, 69; Муснәд, 5/162-168.
[2] Бухари, Мәғази, 79, Тәфсир, Сүре (9) 14; Муслим, Тәубе, 5.
[3] Муслим, Иман, 149; Тирмизи, Бирр, 62; Әбу Дәууд, Либас, 26; Ибн Мәжә, Зуһд, 16.
[4] Муслим, Иман, 136; Әбу Дәууд, Либас, 26; Ибн Мәжә, Зуһд,16. 
[5] Тирмизи, Бирр, 40.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.