Пайғамбарымыз – сөз сұлтаны
Аллаһ елшісінің фәтәнатының өзге бір ерекшелігі «жәуәмиу’л-кәлимге»[1] ие болуынан білінеді.
Ол – сөз сұлтаны. Аллаһ оны Өз сөзіне «аудармашы» етіп жіберді. Ел арасында шаршы топты жарып, дүйім жұртты аузына қаратқан небір ділмар, шешен жандар болған, бірақ екі әлем Сардарының сөздерінде мүлде басқа рең, айрықша ләззат, өзгеше өлшем, бөлекше шырын бар.
Оның сөзі балдай, тыңдаған жанды ерітіп, өзіне баурап алатын. Ол сөйлеген кезде, оның сөзін естіген жан ішпей-жемей мас болып, мүлдем ғажайып күйге еніп, жүректері дүрсілдей соғып, ішкі сезімдері құйындай ұйытқып, рухтарына қанат бітіп, көгілдір көкте қалықтап жүргендей күй кешетін. Аллаһ оның тіліне естіген жанның тілі байланып, дуаланып қалатындай аса ғажайып күш дарытқан. Хақ елшісінің бал тамған тілінен сөз інжуі төгілген кезде ой-санасы толысқан адамдардың өзі айрандай ұйып қалатын. Ол көркемдік пен әсемдік жайлы сөз қозғаса, тілінің бал-шәрбаты тыңдағанның жан-дүниесін баурап алатын және қашан да тиген жерін ойып түсетін оқтай сөздерімен жамандық атаулыны, күпірлік пен теріс әдет-қылықтарды өзінің жылан аяғындай жылымға тартқан жиіркенішті ұйығына тұншықтырып тастайтын. Әсіресе, дағуасы үшін дәлел, айғақ көрсетіп, күндей күркіреген кезінде, ойы қарау, сезімі жадау қара ниетті жандардың тіліне бұғау салып, отты найзағайдай қара түнекті қақ жаратын.
Ол өзіне берілген осы қасиеттерді түгел түйсініп, іштей терең ұғынатын. Сондықтан ол Аллаһқа шүкіршілік ету мақсатында: «Мен умми пайғамбар Мұхаммедпін. Менен кейін пайғамбар жоқ! Мен «жәуәмиу’л-кәлимге» ие болдым» – дейтін.[2]
«Ей, адамдар, мен «жәуәмиу’л-кәлим-ге», яғни барлық нәрсені дәл жеткізетін тілге ие болдым»[3] – деген нұрлы сөздерімен де өзінің өткен заман мен болашақтың қайталанбас сөз зергері екенін айтатын.
Расында, парасат Падишасы нәр беріп жандандырар тілімен Хақ бағының әсемдігін жырға қосқан мақпал үнді бұлбұл еді. Ол қай уақыт сайрай қалса, адамның жанын нұрға бөлеп, естіген жанды өзіне баурап алатын. Оның балауса бағында бүршік жарған тың тіркестер басқалардың күн сәулесінен күліп оянатын бәйшешектеріне мүлде ұқсамайтын. Хазірет Ахметтің сөз-дастарқанында күллі нәрсе бейне бір көгілдір көктемде ерте уылжып піскен жемістей пәк болатын. Пайғамбарымыздың замандастарына осы ырыс-берекенің дәмін татып көру бақыты бұйырды.
Сөз Сұлтаны сөздің асылынан ғажап қылыш соғып, сол қылышпен қара түнді қақ тілгенде, жай отындай жарқылдаған ұшқынынан күллі жалған мен сырттай бұралқы боп көрінген бұқпантай ой Қап тауына барып тығылды. Хақ пайғамбарының сөзі қаңсыған сахараны жәннат бағына айналдырды. Оның сөзі иманға есіктерін айқара ашқан барлық жанды сарқырама суындай өзімен бірге мәңгілік мұхитқа ілестіре кетті. Иманды жандар осы ағысқа қалай ілескенін алғашқыда аңғармай да қалды.
Екі әлем Сардарының сөздері иләһи қайнардан бастау алатын. Егер уахи білтесінде жарқырап жанған сөздері болмағанда, әлем қара түнектің қапасында қала беретін еді. Ол қылыштай өткір сөздерімен табиғат пердесін қақ айырды. Әрі ол жаратқанның жарлықтарын ел естімеген, жұрт көрмеген, әлем аяғы тимеген өрнектерімен айшықтады. Сөз – оның қазанатының қанжығасына байланған қазынасы, садағының алтын қанатты жебесі. Ол жүрген жерінде сөздің қадірін білетін көкірек көзі ояу жандарды соңынан ертіп, садағын керіп, қараңғылық әлемге қарай «айт, жануар, шу!» деп тас тұяқты қазанатына қамшы басатын. Аллаһ сөздерімен ғаламды айшықтау үшін сөз Сұлтанының қолына сөз бен мөрді берген-ді.
Ғайыпқа жүрегі түрулі сөз ерлері Ұлы Жаратушыны әнге қосқан хор мүшелері болса, ол – осы бұлбұлдар тобының жетекшісі. Пайғамбарлар мен әулиелер дүниеде жиылып алқа құрып отырған сәтте ол осы қасиетті топтың зікір басшысы болып келе қалды. Жар салып, жер мен көкті жаңғыртып жіберді. Оның адамзатқа жайылған иләһи дастарқандағы әрбір жемісі – дос бағының жасырын жерінде көздің қарашығындай сақталып, оған берілген, адамның көзі де, көңілі де тоймайтын, таңдайда еріп, тіл үйіретін жемістер еді. Бұрын-соңды мұндай жемістерді адам баласы татқан да, көрген де емес.
Әсіресе, Жаратқанның көкорай шалғынында осы Бұлбұл төгілдіре құйқылжытып сайрай бастағанда, барлық тілдер үнсіз қалып, көңіл-сарайларда қонақтаған құстар осы әнмен ерекше күйге бөленіп, көкте қалықтап, адам жаны оның осы зәмзәм-сөзінен бұрын-соңды ешкім бастан кешпеген, өзінен басқа ешкім сезінбейтін бір күй кешетін.
Сөз дүлділі Расул сөйлеп кеп бергенде, оның сөзі бірыңғайда сонау шың басынан құдия құлап аққан сарқырама мен жер қойнынан шапшып атқылаған фонтанға ұқсайтын. Алайда сол бір телегей теңіз бен шалқар көлге терең бойлап, оларды сипаттауға, не болмаса сол бір тоқтаусыз құлап аққан сарқырамаларды бейнелеуге шама келмес.
Бүгінге дейін атағы жер жарған ғалымдар мен әдебиетшілер оның гауһар-сөзінің сырлы астарына үңіліп, құпиясын ашуға тырысты. Алайда оның сөзінің айналасынан ары ұзап бара алмады. Сан мыңдаған ойшылдар да сол бір жанға дәру, тәнге шипа бұлақ қайнарынан шөлін қандырып, көздері шырадай жанып, кемеңгер ғұмырын оның тереңіне бойлаумен һәм таңданумен, тамсанумен өткізді. Ақырында талпынып жеткен жері – оның шексіз теңізінің жағалауы ғана болды.
Иә, тамшы телегей теңізді түгел сипаттап бере алмайтынындай атом да күнге тән ерекшелікті толық көрсете алмайды. Сол сияқты әрбірі Мұхаммедтік ақиқаттың бір-бір бөлігі саналған ғалым, әулие, асфия да оны өз дәрежесінде көрсете алмайды.
Аллаһ елшісі – біздің ұғымдағы мектеп, медресе көрмеген кәміл ұстаз. Заттық және рухани болмысының болаттай беріктігімен, сезімдерінің кіршіксіз пәктігімен, ойларының тұрақтылығымен және ғайып әлеміне ашық ар-ожданының шексіздігімен қоса, өзіне келген Хақтың хабарларын адамзатқа қаз қалпында жеткізуге лайық жаратылып, жүрегі мен рухын таза ұстап, адам ойлап тапқан тәлім-тәрбие жүйесінің ықпалына түспей, уахимен «жабдықталған», аса ғажайып ұстаз.
Оның табиғаты мен жаратылысы, сыртқы және ішкі сезімдері, ақылы мен ой-санасы пайғамбарлық міндетіне сай болатын. Сондықтан да, Хақтан келген хабарлар мен шабыт самалы ине жасуындай да өзгеріске ұшырамай, сол бір нұрлы тұлғаның бойына барып құйылып, одан ары адамзат ұғына алатын деңгейге түсіп, діттеген межесіне жететін.
Осы бір саф қайнардан атқылап ағып, пәк көңілге құйылған, сосын өте нәзік, аса көркем тілмен адамның ой-санасына жеткен иләһи хабарлар – оның пайғамбарлығының дәлелі. Сонымен қатар, дағуасы үшін жүріп өткен қиын-қыстау жолдағы азығы, нұр-қуаты һәм пырағы және дұшпандарына қарсы қолданған бұлтартпас айғағы еді. Ол тыңдаушыларына Хақтың хабарларын ұсынған сәтте өзінің пайғамбар екенін жар салып, елшілігін жария ететін. Алдына келгендердің мәселесін шешерде, қажеттіліктерін орындауда уахидың сырлы асыл қазыналарын қолданатын. Сондай-ақ, жауына да осы алмас қылышын жұмсайтын.
Құран – ол үшін бәрін қамтитын: су да, қару да, сауыт та. Қорған да, қорғанның мұнарасы да еді. Мұнараларда желбіреген байрақ та еді. Құранмен тыныс алып, онымен бұлт боп көкке көтерілетін. Көтерілетін де сол арқылы рақым тамшыларындай қайтадан жердегілерге, олардың көмегіне ұмтылатын. Онымен бірге зұлымдықпен айқасып, онымен жамандық, кесапаттардан сақтанды. Онымен күліп, онымен жарық болып, қалтарыста қалып қойған қараңғылықты да нұрға бөлейтін.
Алайда, даналықтың қызыл тілі болған сөз Сұлтаны ешқашан түгесілмейтін, бітпейтін иләһи ілім қазынасы (Құран) болғанымен өзінен сұраған қат-қабат діни және қоғамдық, экономикалық, саяси мәселелерді де шешуі қажет еді. Шексіз ілімнің айнасы болған пәк жүректі Ахмет, жұмсақ тілді Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сүннеті арқылы осы мәселелерді шеше отырып, Құран аяттарының астарын түсіне алмаған адамдарға оның мәнін таратып түсіндіріп, Құран хабарымен бірге өзінің де үкім айтуға құқылы екенін көрсетті. Күллі адамзатты өзіне қаратқан жол көрсетуші кемеңгер ұстаздың бұдан басқаша болуы мүмкін емес.
Хақ елшісіне пайғамбарлық міндеті жүктелген уақытта көркем тіл мен шешендік өнердің аты озып, жұлдызы жарқырап тұрған болатын. Өте зеректігімен, сөзге шешендігімен, ерекше қабілет-қарымымен кейінгі дәуірлерде әлемді бағындырған осы бір ел мейлі Құран мейлі хадис не дін насихаты, хұтба, бұйрықтары болсын хақ хабаршысын сүйсіне тыңдап, оны барынша қадір тұтқан. Ол өзін тыңдата білді және басқалар тарапынан бірде-бір рет сыналған емес. Егер оның сөзі мен ісі қабыспай жатса, тырнақ астынан кір іздейтін жаулары жаңалық ашқандай әлемге жар салып, елді алатайдай бүлдіріп, шулатар еді. Оны құлатудың жолын сан рет іздестіріп, ойластырып, бір тұқыртып қалу үшін, тіпті сүріндіру үшін жылан аяғын таптырмайтын, ну жыныстан жылымшы қуалайтын, жымысқы әрекеттің кез келген түрінен бас тартпайтын, оңай олжа іздегендердің құдайы беріп, бір жасап қалар еді ғой. Алайда оның нұрлы сөздерінен ешқандай мін тапқан жоқ, болашақта да таппайды....
Оның «Мені Раббым тәрбиеледі. Әрі аса көркем етіп тәрбиеледі» – деген тұғырдан айтқан сұлу қоңыр және нұр шыңынан күндей күркіреген зор даусы бар еді. Досы да, қасы да оның үніне таңырқай құлақ салып, адамзаттың санасы жете алмайтын сол сөздің алдында дәрменсіз қалатын.
Сахабалар арасында Ләбид, Ханса, Қа’б, Хассан және Ибн Рәуаха (р.а.) секілді сөзден түйін түйген жүздеген шеберлер, хазірет Әбу Бәкір, Омар, Әли, Муауиә, Амр ибн Ас және Ибн Аббас (р.а.) секілді жүздеген ділмар, хикмет иелері барлық мәселеде оны ұстаз, мүршид және жол бастайтын көсем ретінде қабылдаған. Одан кейінгі ғасырларда өмір сүрген хадис алыптары мен түсіндірушілері тәфсир ілімінің кемеңгер имамдары, фиқһтың теңдессіз заңғар мүштәһидтері[4] рухани әлемнің мыңдаған әулие, асфия мен муқаррабиндері, кәлам[5] қисын, әр түрлі саладағы мыңдаған ғалымдар да оның теңіздей түгесілмейтін сөздерін әрқашан аса пәк, өте берекелі, мөлдір де тұнық қайнар санап, оған бет бұрып, оны пана тұтып, сол бір иләһи дастарқаннан рухани азық алып, жүректері жай тапқан.
Оның сүннеті – кешегіден бүгінгі күнге дейін мүштәһидтердің түзу аққан қайнары, мағрипат (Аллаһты танып білу) көгінде қалықтағандардың ең серпінді қанаты, ғалымдардың бал-қаймағы, әулие мен асфияның да шымырлаған ең нұрлы мөп-мөлдір бұлағы. Шариғаттың түрлі ілімдері, тасаууыфтың сан ғажайып жолдары, жаратылыс ғылымдарының түйіні әрқашан оның сол бір нұрлы гауһар-сөзімен жарқырап шыққан.
Екі дүние Шамшырағы жаратылыстың басынан соңына, адам баласының жаратылысынан жәннат немесе жәһаннамға жетуіне, ар-ожданның мағрипатқа жетуінен ақыретте Аллаһты көруіне, иман мен иман негіздері және ғибадаттың егжей-тегжейіне дейін көптеген тақырыпты көтеріп, олардың өзіне тән тіл мен тәсілді қолдана отырып аса ғажайып түрде айтып жеткізген. Осы мәселелерге қатысты Құраннан басқа оның сөзіне тең келетін сөз бар деу әсте мүмкін емес.
Аллаһтың заты, сипаты және есімдеріне қатысты мәселелерді, қиямет пен махшарды, қайта тірілу, жәннат пен жәһәннамды үміт сыйлай отырып үрей аралас, қорқынышты жағдайлардың руһани ләззаттарға ауысуын аса сақтық пен тепе-теңдікті сақтай отырып баяндап берген. Періштелер, рух, жын мен шайтанды ғайыптың тылсым әлемі етіп, иман мен ізгі істерді және сол істегі ықыласты – дәннің қабілеті мен топырақтың құнары, жаңбырдың берекеті мен көктемнің құлпырған кезеңі етіп суреттеген. Адам оның сол бір салған ғажайып тылсым суреттерін тамашалағанда, таза жандардың иманмен қалай бүршік жаратынын, Исламға қарай бойлап өсетінін, ықыласпен көктеп жәннат ағашына қалай айналатынын көргендей болады.
Оның сөздеріне құлақ түрсеңіз, намаздың адамға сенімді серік болып, оны жалғыздықтан құтқарып, жолын жарық ететінін, дәреттің қан секілді адамның тамырында айналып, яки есігінің алдында өзен секілді ағып, барлық кір-қоңды шайып, түрлі ластықтардан арылтатынын түсінесіз. Ал, азан, тәкбірдің ақ қайыңдай жайқалып, дауыс салып, шайтандардың зәре-құтын қашырып, райхан болып, намазға бара жатқандардың рухын құшатынын, зекет пен садақаның бейне бір көпірдей бір-бірінен қол үзіп қалған топтардың басын қосатынын ұғасыз. Ораза қалқан болып иесін қорғайды, оның жұмаққа кіруіне көмектесу үшін жәннат қамалдарының сырлы есігіне айналады және қызметші болып, кәусар суын ұсынады. Қажылық тігіншідей жыртықты бүтіндеп, сүйекке түсушідей кірден арылтып, жалпы жиналыс орнындай күллі адамзаттың басын қосады. Жиһад (Аллаһ разылығы жолында табандылық таныту) жанқияр қаһармандай көкірегімен жәһәннамға бастап баратын жолдарды жапқан яки қарсы алушы секілді жәннат жолдарын ашып, адамдарға «қош келдіңіздер, ішке кіріңіздер» дейтін немесе мейірімді әке секілді қырсыққандарды шынжырлап, жәннатқа қарай сүйрейді. Зікір, дұға сымсыз телефондай Жаратушы мен жаратылғанды бір-бірімен табыстырған, бір-бірімен тіл-дестірген, жақсылыққа баулып, жамандықтан тыятын, жол басында, есік аузында тұрып, жолдан өтуді, есіктен кіруді бақылайтын, жөн сілтейтін көше сақшысындай. Туыстық қатынас теріс жолдан қорғайтын, түзу жолға түсуіңе көмектесетін, құшағына тартқан аяулы анаң секілді.
Оның барлық осы ерекшеліктерді хас суретшідей мінсіз бейнелеуі, қолданған сөздерінің ерекшеліктері, баяндауларындағы ишарат, сурет және әуез, бүкіл әдеби шеберліктерді өз орнымен шебер қолдануы – әрқайсысы өз алдына бір-бір томға айналар тақырыптар.
Оның әр түрлі тақырыптарға байланысты терең талдауға сұранып тұрған сөздерін болашақтың тілші ғалымдарына тапсырып, тек жұртшылыққа аян бірнеше сөздің мазмұнына терең бойлауды жөн көріп отырмыз.
[1] Пайғамбарымызға тән асқан ділмәрлық пен шешендік, аз сөзбен көп мағынаны ұқтыруы қасиеті (ауд).
[2] Кәнз’ул-уммал, 11/412; Ахмәд, Муснәд, 2/250, 412.
[3] Бухари, Жиһад, 122; Муслим, Мәсәжид, 6; Кәнз’л-уммал, 11/425.
[4] Құран мен хадистерге сүйене отырып, діни үкімдер шығарған ғалымдар (ауд).
[5] Ислам негіздерін зерттейтін ғылым (ауд).
- жасалған.