Баршаға көрсеткен сенімділігі
Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Раббысынан жіберілген елшілік міндетке адал әрі өте сенімді болатын. Бұл оның табиғатына сіңісті болғаны соншалық, тіпті баршаға сенімділік ұялатуға тырысатын.
Иғтиқафта[1] болған бір күні Сафия анамыз (р.а.) Пайғамбарымызға келген-ді. Біраз отырған соң, үйге қайтуға рұқсат сұрайды. Аллаһ елшісі зайыбын шығарып салуға сыртқа шығып, бірнеше қадам басқаны сол еді, бір-екі сахаба жандарынан өте шығады.
Екі әлем Сардары дереу оларды тоқтатады. Сафия анамыздың жүзін ашып: «Қараңдар, бұл – менің зайыбым Сафия», – дейді.
Сахабалар төбелерінен жай түскендей дағдарып қалды. «Аллаһ сақтасын, Пайғамбарым! Сіз туралы кім теріс ойлай алады дейсіз?» – дейді.
Бірақ Аллаһ елшісі әр іс-қимылымен үлгі көрсетіп отыратын, осы мінезімен де сабақ беруді қалаған. Сондықтан: «Шайтан үнемі адамның қан тамырында айналып жүреді»[2], – деді.
Мұншалық жақын болғанына қарағанда, шайтан адамның ойына көп күмән тастай алады. «Пайғамбарымыздың жанындағы әйел кім болды екен?» деген кім-кімнің де ойына мыңнан, тіпті миллионнан бір ықтимал күмән келсе, Аллаһ сақтасын, бұл күдік адамның мәңгілік өмірін жермен-жексен етіп, иман нұрын сөндіріп тастар еді. Сондықтан Ұлы Нәби дереу алдын алып, әрі өзінің сенімділігін көрсетті әрі жамағатының иманын сақтап қалды.
Ол сенімді болуға осыншалықты көңіл бөлетін. Себебі, онсыз да пайғамбар емес кездегі есімі «Әмин» (сенімді) емес пе еді?[3] Кейіннен өзінің адуынды, азулы дұшпандарына айналғандар да оның сенімділігіне шүбә келтірмейтін. Сенімге ие болғаны соншалық – Әбу Жәһилге біреу келіп: «Ар-намысыңа қоса ең бағалы нәрселеріңді кімге аманат ете аласың? – деп сұраса, «әл-Әминге», – деп, жауап береді деп ойлаймын. Иә, ойына алғаш алған адам Мұхаммедул-Әмин (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) еді. Аллаһ елшісі бүкіл ғұмырын осындай сенімділіктен ажырамай өткізген болатын.
Бірде бір әйел баласын: «Келе ғой, мә!» деп шақырады. Аллаһ елшісі одан: «Балаға не ұстатпақсыз?» – деп сұрады. Әйел: «Бірнеше құрма беретін едім», – дегенде, Аллаһ елшісі: «Егер берем деп шақырып алып еш нәрсе бермегеніңізде, жалған сөйлеген болар едіңіз»[4], – деді.
Өйткені Аллаһ елшісі өтірік сөйлеуді екіжүзділердің белгісі санап, одан мүлде бойын аулақ салатын. Жалғандық – мұнафықтың үш белгісінің бірі. Қалған екеуі – сөзінде тұрмау, аманатқа қиянат жасау[5]. Мұнафықтық Аллаһ елшісінен қаншалықты алыс болса, аманатқа қиянат етуден соншалық алыс еді.
Хақ пайғамбардың сенімділік рухы мен сенімділік түсінігі адамдармен ғана шектелмейді. Оның сенімділік сарайына бүкіл атаулы болмыс сыйып кететін.
Бірде бір сахаба алақанында жемі бардай өтірік қимыл көрсетіп, мініс атын шақырады. Пайғамбарымыз сахабаның бұл әрекетіне қатты күйінді. Дереу қатаң ескерту жасап, жан-жануарларды да алдамау керектігін ұғындырады[6].
Бірде олар жорықтан қайтып келе жатыр еді... Бір-екі сахаба құстың балапандарын қызық көріп, ұясына қол салды. Дәл сол замат ұшып келген енесі балапандарын ұядан көре алмай, айнала ұшып шыр-пыры шықты. Мұны байқаған Аллаһ елшісі дереу балапандарды ұясына қойдыртып, сахабаларына құсты ренжітпеуді ескертті. Яғни мұсылмандарға, жер бетіндегі сенімділік өкілдеріне бұндай ерсі әрекеттің жараспайтындығын ұқтырған еді[7].
Аллаһ елшісінің нұрына малынған, тәлімін көрген сахабалар да сол ізден аумады.
Үмбетінің сенімдісі Әбу Убәйда ибн Жәррах Омар (р.а.) заманында Шамда әкім болатын. Қалың қолмен келген Ираклий Шамды басып алмақ боп елге қауіп төндірді. Әбу Убәйданың жанында аз ғана әскер болғандықтан қаланы қорғауға дәрменсіз болатын. Сондықтан Әбу Убәйда Шам халқын жинап, мәселені былай деп түсіндірді:
«Өздеріңізден «жизия» (салық) жинағандықтан, сіздерді қорғау бізге міндет еді. Бірақ дәл қазір сіздерді жаудан қорғайтындай шамамыз жоқ. Сондықтан да алған жизияны өздеріңізге қайтармақпыз. Кері жағдайда мұны алу бізге дұрыс емес».
Әп-сәтте жизия салығы иелеріне қайтарылды. Мұсылмандардың мұндай әділдігіне көңілі босаған дін қызметкерлері шіркеулерге жиналып, «бізді мұсылмандардан жырақтатпа», – деп Хақ тағалаға көп жалбарынады. Мұсылмандарды шығарып салып тұрғанда да: «Құдай қаласа, қайта айналып кеп, бізді Ираклийдің зұлымдығынан құтқарарсыздар», – дейді[8].
Әбу Убәйда сенімділікті ту етіп, христиандардың да сый-құрметіне бөленген тақуа болатын. Бүгін батыс біздің сөзімізді тыңдамаса не бізден Еуропаға барған адамдардың да сөздеріне құлақ аспай жатса, бұған өзіміз кінәліміз. Кемшілігіміз – сенімділік мәселесіне атүсті қараймыз. Осы ерекшелікке қайта ие болған кезде исі адамзатты соңымыздан ерте аламыз. Бұл – әлемдік деңгейде орнымызды қайта табу үшін жасалған ең маңызды қадамымыз болады.
[1] Бір жерде оңаша қалып ғибадат ету. Әсіресе, Рамазанның ақырғы он күнінде, мешіттерде не осыған ұқсас жерлерде ғибадат, иман ілімі Құран, зікір секілді ғибадаттармен айналысу (ауд).
[2] Бухари, И’тикаф, 8; Ибн Мәжә, Сыйам, 65.
[3] Ибн Һишам, Сирә, 1/209.
[4] Әбу Дәууд, Әдәб 80; Муснәд, 3/447.
[5] Муснәд, 3/447; Әбу Дәууд, Әдәб, 80.
[6] Бухари, Иман, 24; Муслим, Иман, 107.
[7] Әбу Дәууд, Жиһад, 112, Әдәб, 164; Муснәд, 1/404.
[8] Әбу Дәууд, Әдәб, 164; Муснәд, 1/404
- жасалған.