8. Сан күндер аш қалу
Оның нәр татпай аш жүретін күні көп еді[1]. Арпа нанымен болса да, тойына ас ішкен кезі болған емес[2]. Кейде бірнеше ай өтсе де, Аллаһ елшісінің қазанында сулы суанды сорпа да қайнамайтын[3].
Бір күні нәпіл намазын оқып жатты. Әбу Һурәйра (р.а.) намаздан кейін: «Пайғамбарым! Сырқаттанып қалдыңыз ба? Намазды отырып оқығаныңыздың себебі неде?», – деп сұрады. Ол: «Әбу Һурәйра! Бірнеше күннен бері нәр татқаным жоқ. Аштық бойымды жеңіп, тұруға дәрменім қалмады. Амалсыз намазды отырып оқып жатқаным сондықтан», – деп жауап береді.
Әбу Һурәйра осыны естігенде, еріксіз көз жасына ие бола алмады. Аллаһ елшісі осы сәт өзін ұмытып, маған: «Жылама, Әбу Һурәйра! Бұл дүниедегі аштық ауыртпалығы кісіні ақырет азабынан құтқарады»[4], – деп жұбату айтты.
Ол – көшбасшы еді. Халқының арасында күн ұзаққа аш жүретіндер[5] болғандықтан, Хақ пайғамбар өз ғұмырын солар қатарлы ұстауға тырысатын.
Ел ішінде дүниелік тұрғыдан ең кедей болып өмір кешті. Әрі бұл күйді ол өз қалауымен таңдады. Қаласа, шалқып өмір сүруіне болатын еді. Өзіне берілген сый-сияпаттардың өзі ауқатты тұруға жететін. Бірақ, ол мұны ешқашан ойламайтын.
Бұл Пайғамбар мен жамағаты дүниені толығымен тәрк етті деген сөз емес. Кейбір қара ниеттілер солай етіп көрсеткісі келеді. Қалаған адам табыс тауып, бай бола алады. Аллаһтың әмір еткеніне қатысты зекетін беріп, қоғам үшін жақсылық жасай алады. Иә, ешкім бұған қарсы емес. Тіпті, адал табыс табу Исламда құндылық саналады. Сонымен қатар, Аллаһ елшісінің айналасындағы кейбір жақын достары, жоғарыдағы айтылғандай, ерекше өлшемді ұстауы қажет болатын. Болмаса күн сайын өркендеп, Мекке мен Мәдина аймағынан асып түскен осы жамағаттың алғашқы шынайылықтарын сақтап тұру мүмкін емес. Бұл жамағат тек дүниенің қамын күйттейтін жамағат емес. Осы жамағат, сонымен қатар, рух, жүрек, ерік, ар-ождан жамағаты.
Міне, Хақ расулы жамағатының осы рухани күшін сақтап қалуға тырысты. Олардың жасайтын қаһармандықтарын алдымен өзі жасап көрсетіп отырған. Мына оқиға соның бір көрінісі:
Түн ортасы. Аштық Хақ пайғамбардың бойын жеңіп, ұйықтаудан қалады. Ақыры аштық өз дегенін істейді. Ол үйінен шығып, аз-кем көшеде жүреді. Аздан соң алыстан біреудің сұлбасын көзі шалады. Жақындағанда, бірден тани кетті. Өмірінде бір сәт болсын қасынан ажырамаған, ой-пікірде, амалда қашан да өзімен бірге болып келген Әбу Бәкір (р.а.) екен. Екеуі түннің бір уағында Мәдинаның көшелерінде әдейі кездескендей. Аллаһ елшісі оған сәлем берді. «Әбу Бәкір! Түн ортасында далаға не себепті шықтың?» – деп сұрады. Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарды көргенде, өз қайғысын ұмытып кетті. Негізі қашан да ол осылай еді. Меккеде Хақ пайғамбарды құтқарам деп жүріп есінен танып қалатын кездері болатын. Бірде тәулік бойы ес-түссіз жатты. Есін жиып көзін аша салысымен «Аллаһ елшісінің халі қалай?» – деп сұраған еді. Анасы Умму Умара бұған ашуланып: «Өзі өлгелі жатқанымен шаруасы жоқ, пайғамбардың халін сұрағаны несі?!»[6] деп еді. Алайда, анасы пайғамбарын ойламаған кезде Әбу Бәкірдің (р.а.) өліп кететіндігін білмейтін еді. Өйткені, Рақым елші – оның ғұмырының көзайымы еді. Бұл жолы да одан жырақ қалмай, түн ортасында әлдебір сезім оны осы жерге дейін жетелеп әкелгендей болды. Ол Пайғамбардың өзіне қойған сауалына: «Аштық», – деп жауап береді. «Үйде тіске сыздық болар еш нәрсе таба алмадым. Ұйықтай алмай, ақыры сыртқа шықтым». Неткен ұқсастық десеңізші! Артынша: «Ата-анам саған құрбан, Пайғамбарым, өзіңіз жайша жүрсіз бе?» – деп сұрайды. Жауап бірдей болды. Хақ пайғамбарды да үйде отырғызбай сыртқа алып шыққан жағдай аштық еді.
Дәл осы сәтте тағы бір қарайған шалынады. Бұл ұзын бойлы, сымбатты кісінің Омар (р.а.) екені анық. Негізі араларына енді бір кісі жетпей тұрған еді. Аллаһ елшісі оң жағына Әбу Бәкірді (р.а.) алса да, сол жағында әдеттегі адамы жоқ болып тұрған. Бейне бір ізгі жандар қатарын толықтыру мақсатымен осында жүгіріп келе жатқандай. Иә, бұл адам Омар (р.а.) болатын. Алдарынан шыққан адамдардың өзінің екі досы екенін көріп, ол да таңырқап тұрып қалды. Бір-бірлеріне сәлем берді. Сөз Сұлтаны Омардың (р.а.) түн ішінде не істеп жүргенін сұрады. Ол да: «Аштық, Пайғамбарым» деп жауап қатты.
Пайғамбарымыздың есіне Әбул-Хәйсам (р.а.) түсті. Үйі осы маңайда болатын. Күндіз бау-бақшасында көріп қалса керек. Тым құрыса, құрмасымен аштықтарын баспақ. «Жүріңдер, Әбул Хәйсамның үйіне барайық», – дейді.
Әбул-Хәйсамның (р.а.) үйіне барды. Әбул-Хәйсам (р.а.) әйелі екеуі жатып қалған болатын. Отбасында кішкене баласы бар еді. Жасы шамамен бес-алтыларда. Алдымен есікті Омар (р.а.) қақты. Ол жуан дауысымен: «Әбул-Хәйсам!» деп дауыстады. Әбул-Хәйсам да, әйелі де естімеді. Бірақ, тәтті ұйқыда жатқан бүлдіршін төсегінен атып тұрып: «Әке, әке! Тұр, Омар келіп тұр», – деп әкесін оятты. Әбул-Хәйсәм (р.а.) баласын түс көріп жатыр деп ойлап: «Жат, балам. Түн жарымында үйге қайдан келсін Омар», – деп баласын жатқызады. Есік ашылмаған соң, бұл жолы Әбу Бәкір (р.а.) дауыстайды. Бала қайта орнынан атып тұрып «Әке, тұр! Әбу Бәкір келіп тұр», – дейді. Әкесі оны қайта жатқызады. Бірақ, ақырғы дауыс Аллаһ елшісінің зор дауысы болды. Ол «Әбул-Хәйсам!» – деп дауыстағанда, бала орнынан бұл жолы оқтай қарғып тұрды да, есікке қарай ұмтыла жөнелді. Жүгіріп бара жатып «Әке, орныңнан тұр, Пайғамбар келді!», – деп айқайлайды. Ұйқылы-ояу Әбул-Хәйсам (р.а.) әу баста не болғанын білмей қалады. Артынша ұйқысы шайдай ашалып, дереу есікке ұмтылады. Өз көзіне өзі сене алмады. Түн жарымында шаңырағына Хақ Сүйіктісі келіп тұр. Дереу оларды үйіне кіргізіп, төрге шығарды. Дем арасында лақ сойды. Мұндай абырой адамға, шамасы, өмірінде бір-ақ рет нәсіп болатын шығар. Өмірінің ең бақытты сәттерін тамашалады. Дастарханға құрма, сүт, ет қойып, қонақтарын күтіп, абыр-сабыр болды...
Іштеріне ел қонған соң, Аллаһ елшісінің жанары жасқа толып: «Аллаһ тағалаға ант етейін, біз мына нығметтерден ертең есепке тартыламыз», – деп терең ойға батты. Артынша: «Сол күні сөзсіз барлық нығметтерден есепке тартыласыңдар» (Тәкәсүр, 102/8) деген аятты оқыды.
Омар (р.а.) – Пайғамбарымызға жақын адамдардың бірі. Ол Әз елшінің зүһд өмірін: «Аллаһ тағалаға ант етейін, мен Хақ пайғамбардың таңнан күн батқанға дейін аштықтан азап шеккендігін білемін. Өйткені, қарнын тойдыру үшін кейде құрманың ең нашарын да таба алмайтын»[7], – деп жеткізеді.
Алайда, Пайғамбарымыз кімнің шаңырағына бас сұқса да, үй иелері құрақ ұшып, ең мол дастархан жаяр еді. Дастархан болмай-ақ өзіне келген сый-сияпаттардың өзі жанұясына жетіп артылмайтын ба еді? Бірақ, ол қандай дүние келмесін дереу таратып отырған[8].
Дүниенің қызығын не үшін көрмейсіз? – деп сұрағанда, ол: «Исрафил қолына «Сұрды» ұстап, Хақ тағаланың әмірін күтіп тұрғанда, қалай ғана дүниенің қызығын татайын? Осындай күй кешкен адам дүниеден қызық іздей ме?»[9], – деп жауап беріп еді.
[1] Муснәд, 3/213.
[2] Бухари, Әтимә, 23; Муслим, Зуһд, 22.
[3] Бухари, Риқақ, 17; Муслим, Зуһд, 28.
[4] Әбу Нуайм, Хилия, 7/109.
[5] Қараңыз; Бухари, Әтимә, 23; Муслим, Зуһд, 12; Мәжмәуз-Зәуәид, 10/322.
[6] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 340.
[7] Муслим, Әшрибә, 40, Кәнзул-Уммәл, 7/196.
[8] Бухари, Бәдул-Уахи, 5-6; Саум, 7; Муслим, Фәдәил, 50.
[9] Тимизи, Қиямет, 8: Ахмәр ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 1/326, 3/7
- жасалған.