8. Қол және тіл
«Жәуәми’ул-кәлимнен» сөз етейік. Бухаридің жеткізген хадисінде Пайғамбарымыз былай дейді:
«Хас мұсылман – басқа мұсылман жандар оның қолынан, тілінен жамандық көрмеген адам. Нағыз мұхажир – Аллаһтың тыйым салған нәрселерінен бойын аулақ ұстап, оларды тәрк еткен адам»[1].
Хас мұсылман
Осы хадиске қысқаша түсініктеме бере кетейік.
«әл-Муслим» яғни, мұсылман сөзінің басында анықтық хал бар. Бұдан басқа, «әл-Муслимуунә» (мұсылмандар) сөзі де анық халмен айтылған. Екі анықтық халдің білдіретін өзіндік мағынасы бар. Хас мұсылман – расында да, амандық пен сенімділік кеңістігіне кіріп, сонда өзін жібіте алған, өзіндей мұсылмандарға қолымен де, тілімен де жамандығы тимеген жан. Өзі мұсылман болып көрінген немесе төлқұжатында мұсылман деп жазылған адамдар емес, ой-саналарда үлгі-өнеге болған нағыз, шын мұсылман жайлы айтып отыр. Біз мұны анық халден байқаймыз. «Мұсылман» деген кезде, адамның көкейіне оралатыны – кәміл мұсылман.
Жай адамдар осы хадистегі айтылған сөздің тереңдігіне жете алмайды. Өйткені мұны тек қана медресеге барған немесе бір ұстаздың алдында отырып сабақ алу арқылы тіл білімін және граматикасын игергендер ғана жақсы түсініп, ұға алады. Оның айтқандары өз ойынан шығарылған нәрсесі емес. Ол әуелі мен ақыры жоқ мәңгілік бар Ұлы Мұғалімнің сөздерін бізге жеткізуде. Сол үшін де Аллаһ елшісінің сөздерінде тілге байланысты терең байлықтар жатумен қатар, тілге тиісті бірде бір кемшілік жоқ.
Жоғарыдағы хадиске оралайық.
Нағыз мұсылман – ел сеніміне бөленген жан. Сондықтан да, басқа мұсылмандар оған ешқашан күдікпен қарамай, оның қасында өзін әрқашан еркін, қауіпсіз сезінеді. Өйткені одан ешқандай зиян келмейтінін біледі. Егер олар отбасын біреуге аманаттағысы келсе, дереу соған тапсырып аманат ете алады. Ондай сенімге бөленген жанмен бас қосып, сұхбаттасқан адам қоштасарда, оған деген берік сеніммен айырылысады. Өйткені ол өзі кеткен соң, артынан әлгі адамның ғайбаттамайтынын жақсы біледі. Ол өз абыройына, намысына өте жауапгершілікпен қарайтындай, басқа жандардың да ар-намысын өте жоғары бағалайды. Ел сенімін иеленген мұндай жан өзім ғана ішіп-жесем екен демейді, қайта басқалар жеп, басқалар ішсе екен деп күн кешеді. Өзі жақсы өмір сүруге емес, өзгелердің бақытына жағдай жасайды. Қажет болған жағдайда солар үшін өзіне тиесілі ләззаттарынан да бас тартады.
Бейбітшілік
Басқа жағынан алып қарасақ, бұл сөздерде ұйқастық та бар. «Муслим» сөзі мен «сәлимә» етістігі де «силм» түбірінен шыққан. Кейбір әріптерінде ұқсастық бар болғандықтан, жартылай ұйқастық та бар. Бірақ бұл екеуінің бабы екі басқа. Осы ұқсастық пен өзгешелік бір мағынаны береді: Мұсылман – бейбіт, саламат және мұсылмандық орбитасынан ауытқымай, тұп-тура жүрген адам. Мұндай адам өзін иләһи тартылыс күшке байлайды да, бүкіл ғұмырын солай қарай бейімдеп жүріп отырады. Ол танысын, мейлі танымасын, алдынан шыққан жанның бәріне де сәлем беріп, есен-саулық тілейді. Осыдан кейін ел жүрегінде оған деген сүйіспеншілік пайда болады[2].
Намазын да сәлеммен бітіреді. Адам, жын, періште барлық саналы тіршілік иелері оның сәлемін алады. Осылайша көзге көрінбейтін болмыстармен де сәлемдеседі. Мұсылманнан басқа ешкім де сәлемдесуді кең жайған емес.
Исламға адам намаз, ораза, зекет, қажылық және шаһадат сөзі секілді Ислам негіздерін орындау арқылы кіреді. Бұл – Аллаһтың «Түгелдей силмге (бейбітшілікке) кіріңдер!» – деген (Бақара, 2/208) әміріне бағынып, силм (бейбітшілік) мен саламат дариясында желкен жайып, қанат қақты деген сөз. Сол дарияда қанатын көкке жайған құстардай желкенін жайып болашаққа қадам басқан адамның әрбір жүріс-тұрысынан көгілдір көктемнің жылы самалымен құлпырған қызғалдақтардай бейбітшілік пен Исламның жұпар исі аңқи бастайды. Бұл дәрежеге жеткен адамдардан тірі жан жақсылықтан басқа ештеңе көрмейді.
Басқа бәле тілден
Пайғамбарымыздың осы хадистегі қолданған әрбір сөзі ерекше таңдалған. Бұл жерде қол мен тіл туралы айтқан. Басқа мүшелер емес осы екі мүшені ғана айтуында айрықша терең мән бар. Себебі, адам баласының басқа жанға тигізер зияны осы екеуі арқылы болады. Бетпе-бет келгенде қол арқылы, ал өзі жоқта ғайбаттаған тілі арқылы кесірін тигізеді. Бірақ осы екі жиіркенішті нәрсені әлгі айтқан кәміл мұсылманнан таба алмайсың. Өйткені ол мейлі жүздескен адамға да, мейлі алыстағы адамға да ұдайы кең пейілмен, мейіріммен қарайды.
Пайғамбарымыздың осы хадисте тілді қолдан бұрын айтуында да ғибрат бар. Өйткені қолдан келетін зиянға адам белгілі бір дәрежеде қарсылық білдіруге мүмкіндігі бар. Алайда сыртынан сөз сөйлеп ғайбаттап, жала жауып жатқан сәттен хабарсыз адам қарсылық білдіре алмайды. Сондықтан да оп-оңай жасалынатын мұндай іс-әрекет, жеке адамды, қоғамды, тіпті ел мен ұлттарды бір-біріне айдап сала алады. Тілден келген бәлені қайтару қол жұмсауға қарағанда әлдеқайда қиын. Пайғамбарымыз сондықтан да тілді қолдан бұрын айтып, сөзге қатты мән беруді уағыз еткен.
Мұсылман болу – Аллаһ алдында құрметті дәреже. Сондықтан, әрбір мұсылман басқа мұсылмандарға қолымен де, тілімен де ешқандай зиянын тигізбеуі тиіс.
Әлемге сенімділік әкеліп, бейбітшілік орнату үшін келген Исламның маңызды бір ерекшелігі – мұсылмандардың бойын қауіп-қатерден аулақ салу болса, басқа бір ерекшелігі – өзге жанға зәредей зиянын тигізбеу. Зиян тигізу былай тұрсын, қоғамның әрбір саласында, сенімділік туын желбіретуге тиіс. Мұсылман – бойында сенімділік сезімі тасып, жүрегі Аллаһ деп соққанда ғана нағыз мұсылман болмақ. Нағыз мұсылман жүрген жерінде әрқашан өзінің «сәлем» қайнарының елшісі екенін танытып, оның жаршысы атанып жүреді. Ол қашан да адамдарға жолыққанда сәлем беріп, сенімділік көрсетеді. Олармен қоштасқанда да, инабаттылықпен амандық, сау-саламат тілейді. Ол өзінің намазын сәлеммен әшекейлеп безендіріп, сәлеммен аяқтайды. Ғұмырын сәлем аясында өткізген жан адалдық пен амандықтан, заттық және рухани, дүниелік пен ақыреттік ізденістерінде тура бағыттан ауытқып, тайып, өзіне яки өзгеге де кесірін тигізбейді.
Хадиске осылайша түсінік берген соң оның мынадай сырлы астарларына назар салайық:
а. Нағыз мұсылман – жер бетіндегі бейбітшіліктің ең сенімді өкілі.
ә. Мұсылман – өз рухының тереңіндегі осынау құндылықты барлық жүрген жерінде паш етіп, айналасын үнемі иман мен тыныштық нұрына бөлейді.
б. Ол біреуге жапа шектіру, зиян келтіру былай тұрсын, барлық жерде жақсылық пен шарапат шуағы ретінде еске алынады.
в. Ол үшін қолмен жасалған зұлымдық пен біреуді сыртынан ғайбаттау арасында айырмашылық жоқ. Тіпті кей жағдайларда соңғысы алдыңғысынан әлдеқайда үлкен күнә деп саналады.
г. Мұсылман осы күнәлардың кейбірін істесе де, діннен шықпай мұсылман болып қалады. Бірақ сеніміміз бойынша, күпір мен иман бір жүректе сыйыспайды.
ғ. Иман мен Ислам мәселесінде де барынша күш-жігер көрсетіп, адам болуға, яғни жай ғана мұсылман емес, кәміл мұсылмандыққа жету қажеттілігі оның мұғжизалы сөздерінің бір жолына ғана сыйып кеткен.
[1] Бухари, Иман, 4; Нәсә’и, Иман, 9; Әбу Дәууд, Жиһад; Ибн Мәжә, Фитән, 2.
[2] Бухари, Иман, 20; Муслим, Иман, 63.
- жасалған.