4. «Адам өзі жақсы көрген жанмен бірге»
Бухари мен Муслимнің Абдуллаһ ибн Мәс’удтан бізге жеткізген хадисі: «Адам жақсы көргенімен бірге болады»[1].
Осы хадистің өзіне ғана түсіндірме жазылса, көлемді кітап болып шығар еді. Жүре алмай, жолынан қалып немесе сүрініп, орта жолда қалған, жолбасшысын пір тұтса да артынан ере алмаған, қанша қарманса да, ойындағысын іске асыра алмай, діттеген межесіне діңкелеп жете алмаған, бет алған асқақ арманының шыңына шыға алмаған қапалы жүрегін қайғы басып, жабыққан жандарға бір кесе кәусар тіпті абылхаят ұсынған осы хадис – адамның екі дүниеде де жақсы көрген жандарымен үнемі бірге болатынын айтып өткен.
Кісі бұл дүниеде де, арғы дүниеде де үнемі көңілі сүйген жандарымен бірге. Пайғамбарлармен, турашылдармен, шейіттермен бірге болуды қалаған жан әуелі оларды жақсы көруі керек. Басқалай айтқанда, ақыретте пайғамбарлармен, турашылдармен, шейіттермен бірге болатындар – бұл пәниде де оларды жақсы көріп, жүректерінен орын берген жандар. Жамандық атаулыны аттап кете алмағандар үшін де осы хадистің үкімі мен мағынасы бірдей.
Хадис қатпары көп терең мағынаны бір ауыз қанатты сөзге сыйғызған. Мұндай сөзді айту – уахиға, иләһи шабытқа ие ашық фәтәнаттың жемісі.
Нуайман кейде ішімдік ішетін. Аллаһ елшісі оған тиісті жазасын беретін. Бірде сахабалардың бірі Нуайманды жазғыра сөйлегенде, Пайғамбарымыз қабағын түйіп: «Бауырларыңа зекіп, шайтанға болыспаңдар. Аллаһқа ант етейін, ол Аллаһты да, пайғамбарды да жақсы көреді»,[2] – деді. Аллаһ пен Оның елшісін жақсы көру – солардан айрылмауды білдіретіндіктен, мұндай адам қаншалықты күнә жасаса да, жаман сөз естуге лайық емес, өйткені ол Аллаһ пен елшісін жақсы көреді. Осы сүйіспеншілікпен қоса парыздарды орындау, үлкен күнәлардан бойын аулақ салу адам үшін Аллаһ елшісімен бірге болуға жеткілікті. Әркім жақсы көргенімен бірге болады.
[1] Бухари, Әдәб, 96; Муслим Бирр, 165.
[2] Бухари, Худуд, 4-5; Әбу Дәууд, Худуд, 35; Муснәд, 2/298-299.
- жасалған.