26. Ихсан

 «Ихсан – көріп тұрғаныңдай Аллаһқа құлшылық жасауың. Себебі, сен Оны көрмесең де,Ол сені көруде..»[1].

Иманның Исламмен бірігуі, Исламның да ихсан деңгейіне жетуі – кәміл мұсылмандардың символы, рәмізі. Мұсылманның иман мен Исламда ең биік шыңға жетіп, соған лайық болуы – ихсанды білдіреді. Ал, жақсылықтан жақсылық туу қағидасы бойынша осы ықыластың қарымы ретінде «Көз көріп, құлақ естімеген, адамның қиялына да келмеген»[2] тосын сый-сияпат жасау Аллаһтың ихсанына жатады. Негізінде, «ихсанның қарымы тек ихсан ғана». Бірақ пенденің ихсаны – иман, әдеп, тақуалығының тереңдігіне қарай дәрежесі арта түскен ыстық ықыласы. Ал, Аллаһтың ихсаны өз ұлылығы мен қазынасына қарай және мыңдаған ырыс-берекетімен, құлының жанарын сеніммен толтырып, шабытпен толқыту. Көзінен пердені сылып тас-тап, құбылыстардың түпкі өзегіндегі ақиқатты көрсету. Аузын бос сөздерден сақтап,  тіліне даналық үйіру және жаман сезімдерін тыйып тастап, оны өз есімдерінің шағылған әлемінде саяхат еттіру түрінде болмақ. Жаратылыстың перде тасасындағы биігіне жеткен мұсылман, бейне бір Оны көргендей болады. Бірақ Ол «Көздер Оны көре алмайды» (Әнғам, 6/103) ақиқатының иесі болғандықтан, өзін көріп тұрғанын иманының тереңдігімен сезіп біледі. Сондықтан да, Оны көріп тұрғандай ләззатқа бөленіп, әрі Оның көріп тұрғанын өте терең сезінгендіктен тақуалығы артып, өз-өзін ұмытатын дәрежеге жетеді. Яғни, Оған деген шексіз берілгендік, ықылас, тақуалық самала сезімдері Хақты айдай анық көруге асыққандықтан, тұла бойында бой бермес арғымақ аттардай, жал-жал асау толқындардай буырқанып, толқып тасиды. Бейне бір ораза тұтқан жанның ауыз ашу сәттерінің рахатын жан-сарайында сезінгендей дүние оразасының санаулы күндерінде  Ұлы досымен кездесу сәттерінің қуанышын жүрегінің тереңінде сезініп, бір күндік ғұмырда мың жасағандай хал кешеді.

Иә, салихалы құл бастауы мен соңы жоқ, мәңгі-бақи бар Ұлы Жаратушысын көруден әрі Оның көріп тұрғанын білуден терең нәр алады. Яғни, Мырзасының қызметінде Хақтың бақылап, қадағалап қарағанынан мол қуанышқа бөленеді. Қуанышқа бөлене отырып, жасайтын істерінің ең ұсағын да ынталы ғибадат сезімімен жасайды.

Міне, сіздерге пайғамбар сөздерінен алған кішкене бұлақ көзі – осы. Сөз Сұлтанынан алынған асыл тас секілді мүбәрак бір-екі ауыз лебіз. Бұл – том-том кітаптарға сыя алмайтын терең мазмұн!

Міне, дариядан бір тамшы, күннен бір сәуле һәм жұлдыздардың әлемінен алынған бірнеше ұшқын!

Оның нұрлы сөздерін барлық тереңдіктеріне бойлап түсіндіру біздің өреміз жететін нәрсе емес. Бірақ осыған қарамастан, тағы да батылдық көрсетіп, кейбір хадистердің кейбір тұстарына талдау жасадық. Негізінде, батылымыз барып талдаған мәселелер хадистің сол бір шексіз әлемінен алынған тек бірнеше сөз ғана еді.

Баршаны қамтыған дұға
Мұнда Пайғамбарымыздың бір-екі дұғасына назар аударуды жөн көрдік. Дұғаларында қолданған асыл сөздер мен баталарындағы тереңдік те айрықша. Оған басқалар қол жеткізе алмайды. Сондай-ақ, Аллаһ елшісінің әр дұғасы бір кітапқа жүк боларлықтай кең ауқымды екенін батыл айта аламын. Оған тиісті дұғалар барлық адамдардың дұғаларынан әлдеқайда терең әрі мағынасы өте бай. Өйткені Ұлы Аллаһты ең жақсы білетін, Одан ең қатты қорқатын – хазірет Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) еді. Ендеше, ең терең және жоғары дәрежелі дұғаны да сол жасайды. Оның дұғасы – аса ғажайып дұға.

Пайғамбарымыз бізге былай деп дұға үйретеді:
«Түнде жатар уақытыңда намаз дәреті секілді дәрет ал. Содан кейін мына дұғаны оқы:
«Аллаһым! (рақымдылығыңнан) үміт етіп, (азабыңнан) қорқып өзімді Саған тапсырдым, жүзімді Саған қараттым, ісімді Саған аманат еттім, арқамды Саған сүйедім. Сенен басқа сиынатын, Сенен басқа сүйенетін ешкім жоқ. Түсірген кітабыңа, жіберген Пайғамбарыңа иман еттім»
[3].

Иә, мұндай сұлу сөз маржандарына таңданбасқа шара жоқ. Алдағы тараулардың бірінде Аллаһ елшісінің дұғалары жайында арнайы сөз қозғаймыз. Сондықтан мұнда сөздің көркемдігіне ғана назар салғаныңыз жөн.

Және бір дұғасы былай:
«Аллаһым! Мені мен күнәларымның арасын шығыс пен батыстың арасын алыстатқаныңдай алыстат. Аллаһым! Мені қателіктерден, ақ киімнің кірден арылғанындай арылт!»[4]

 Мына дұғадағы сөздерді шынайы ислами һәм ғылыми еңбектермен ғана түсіндіруге болады. Иә, дұға етудің Төресі де өзі.
«Аллаһым! Сенен білгенім бар, білмегенім бар, дәл қазір беріліп жатқан, алда да берілетін барлық жақсылықтарды тілеймін. Аллаһым, білгенім бар, білмегенім бар, дәл қазір басыма келіп жатқан, алда да келетін барлық жамандықтардан Саған сиынамын»[5].

 Міне, тағы да Пайғамбарымыздың «жәуәми’ул-кәлим» дұғаларынан бірнеше інжу-маржанды сыйға тарталық:
«Аллаһым, бергеніңе кедергі болар ешкім жоқ. Кедергі болғаныңды да ешкім бере алмас. Ешбір байлық иесіне пайда бере алмайды, барлық қазына Сенде»[6].

«Аллаһым, Сен қаламай тұрып, ешбір сөзім, берген антым, берген уәдем немесе ешқандай да істеген ісім жоқ. Нені қаласаң, сол болды, болмауын қалаған нәрселерің болмады. Күш пен қуат тек Сенде ғана. Шәксіз, Сенің барлық нәрсеге күшің жетеді. Аллаһым, еткен әр дұғам Сен рақым еткен, әр лағынетім де Сен лағынет еткен жандарға арналсын. Сен дүние мен ақыретте менің Досым әрі Қамқоршымсың. Мұсылман етіп менің жанымды ал, салихалы құлдарыңның қатарына қос!»[7].

«Аллаһым, зиянды нәрсеге, жолдан тайдыратын бүлікке тап болмауды, тағдырға риза күйде өлімнен соң нұрлы дидарыңа қарап ләззат алып, Өзіңе қауышуды қалаймын. Зұлымдық жасаудан немесе зұлымдыққа ұшыраудан, дұшпандық жасаудан яки дұшпандыққа душар болудан, қателік жасаудан немесе кешірілмейтін күнә жасаудан Саған сиынамын»[8].

«Мені нәпсіммен оңаша қалдырсаң, онда мені әлсіздікке, мұқтаждыққа, күнәға және қателікке тастайсың. Мен тек қана Сенің рақымдылығыңа сенемін. Күнәларымды кеш, өйткені күнәларды тек Сен ғана кешіре аласың. Тәубемді қабыл ет, өйткені Сен тәубелерді Қабыл етуші әрі өте Рақымдысың»[9].

«Аллаһым, еске алуға ең лайықты Сен ғанасың. Ғибадат етуге Сен ғана лайықсың. Жәрдем сұрағандарға жәрдем етуші, күш пен патшалық иелерінің ең мейірімдісі Сенсің. Есігіңде тіленушілердің ең жомарты мен берегендердің ең кең пейілі және барлық нәрсенің иесі мен сұлтаны да Өзіңсің. Сенің серігің жоқ. Сен теңдесі жоқ Жалғызсың. Сенен басқа барлық нәрсе жоқ болуға лайық. Саған тек Сенің рұқсатыңмен ғана бағына алады, тек Сенің білуіңмен ғана Саған қарсылық білдіре алады. Саған бағынады, Сен қарымын бересің, Саған қарсы шығады, Сен кешіресің. Барлық нәрсеге ең жақын куәгер Сенсің, ең жақын қорғаушы да Сенсің. Сен нәпсінің құмарлығын тежейсің әрі желкелейсің. (Адамдардың) амалдарын жазып, ажалдарын белгілейсің. Жүректер Сені қалайды, сырлар Саған ғана аян болады. Адалды адал еткен, харамды харам еткен де Сенсің. Дін – Сенің белгілегендерің. Әмір – Сенің үкім еткендерің, жаратылыс – Сенің жаратқаның. Құл – Сенің құлың. Сен – Рауыф әрі Рахим Алллаһсың. Көктер мен жерді нұрландырған дидарыңның нұры үшін, Саған тиіс әрбір хұқ құрметі мен Сенен тілеген құлдарың үшін, Сенен мені мына атқан таң менен батқан кеште кешіруіңді және құдіретіңмен оттан сақтауыңды тілеймін»[10].

«Аллаһым, пайғамбарың Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұраған әрбір жақсылығын Сенен сұраймын және пайғамбарың Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сиынған әрбір жамандығынан Саған сиынамын»[11].

«Аллаһым, пайда бермейтін білімнен, үрейленбеген жүректен, тоймайтын нәпсіден, қабыл болмайтын дұғадан Саған сиынамын»[12].

«Аллаһым, ісімде тұрақтылық сұраймын. Тура жолда табандылық тілеймін. Сенен ырыс-берекеңе шүкір ету мен Саған жақсы ғибадат етуді тілеймін. Турашыл тіл, салауатты жүрек сұраймын. Өзің білген нәрселердің кесірінен Саған сиынамын. Өзің білген нәрселердің жақсылығын Сенен тілеймін және білген нәрселеріңнен де Сенен кешірім сұраймын. Күмәнсіз Сен – барлық ғайыптарды Білушісің»[13].

«Аллаһым, Сенен жақсылық жасауды, жамандықтарды тастауды, жарлыларды сүюді, мені кешіруіңді, маған рақым етуіңді және адамдардың бүлігін қалағаныңда оған мені душар етпей, жанымды алуыңды тілеймін. Сенен Сенің жақсы көруіңді және Өзің сүйген жандардың сүйіспеншілігін, жақсы көруіңе мені жақындататын істерді ұнатуды сұраймын»[14].

«Аллаһым, Сенен жақсылықтың басы мен соңын, аса кең ауқымдысын, алғашқысы мен ақырғысын, жариясы мен құпиясын және жәннатта ең биік дәрежелерді тілеймін, Әмин!»[15].

«Аллаһым, Өзіңе зікір, шүкір ету әрі жақсы ғибадат ету үшін бізге жәрдем ет!»[16].

«Аллаһым, Сенен һидаят (тура жол), тақуа, ар-ұят және (жүрек) байлығын тілеймін»[17].

«Аллаһым, барлық істеріміздің ақырын жақсылықпен бітір, бұл дүниеде масқара болудан, ақыретте азаптан сақта!»[18].

Қарап отырсаңыз, бұл сөздер арасынан бір сөзді де алып тастау мүмкін емес. Сөздің құрылу жүйесі өте ғажап. Дұғаның тереңдігін түгел қамту мүмкін емес.

Иә, Аллаһ елшісінің дұға мәселесінде де теңдесі жоқ.

Барлық үлкен әулиелер өз дұғаларына Хақ пайғамбардың дұғаларынан бейне бір бақтағы гүлдердей үзіп алып қосып, жандандырып, гүлдендіруге тырысқан. Аллаһтың рақым қақпасын ардақты елшінің дұға қолымен қаққан. Пайғамбарымыздың дұғаларының өзіндік ерекшелігі – оны өзге сөздердің арасында көре қалсаң, дереу жазбай танып, «Бұл Мұхаммед Мұстафаның сөзі ғой» дерсің.

Мен өз басым Хасан Шазәли, Ахмет Бәдәуи, Ахмет Руфаий, Шах Гәйлани секілді адамдардың дұғаларын оқығанда қатты толқимын, тіпті кей тұстарында бір орында байыз таппай кетемін. Барлығының дұғасы ғажап! Бірақ олардың қай-қайсысы да Пайғамбарымыздың кейбір дұғаларынан ала отырып, өз дұғаларын терең мағыналы, мол берекелі еткен. Негізінде, біздер де осы алыптарға тән дұғаларды өз дұғаларымызға қосып, Рақым есігін осы дұғалардың қабыл болу үмітімен қағамыз.

Иә, ойымызды түйіндесек, Аллаһ елшісінің сөздерінің барлығы – оның фәтәнатына дәлел. Кейбір сөздері болса, «жәуәмиул-кәлим» болуы жағынан бөлекше даралық сипатқа ие. Оның дұғаларындағы сөз бен тәсіл де осы топқа кіреді. Олай болса, әрі сөздері, әрі дұғалары оның пайғамбар қисыны, яғни зердесінің ақырет әлемі мен иләһи шабыт қайнарына байланысты екенін көрсетеді.
Сондықтан да ол – анық пайғамбар һәм барша пайғамбарлар Төресі.

Пайғамбарымыздың мейірімділігі
Аллаһ расулының жанашырлығы мен мейірімі де фәтәнатының басқа бір қырын аңғартады. Оның мейірімінде ұшқырлықтың өзгеше тереңдігі жатқандай. Аллаһтың рахмандығы мен рақымдылығының жер бетіндегі теңдессіз өкілі ретінде Пайғамбарымыз осы қасиеті арқылы көпшіліктің көңілінен шығып, құрметіне бөленген. Негізінде, адам баласын ел сүйіспеншілігіне бөлеуде осы мейірім мен ыстық ықыласқа, жұмсақмінезділік пен шынайылыққа жетер ештеңе жоқ. 

Міне, Аллаһ расулы осы мейірбандығын, ғажап қабілетін фәтәнатының бір қыры ретінде көрсетіп, өз орнымен қолдана білген. Бұл да оның пайғамбарлығының ерекше бір дәлелі саналады.

...Аллаһ оны күллі әлемге рақым етіп жіберген. Ол тұп-тұнық Хақ рақымын паш етті. Ол бейне сахарадағы мөп-мөлдір бұлақ, кәусар хауыз секілді. Ыдысын қолына ұстаған әркім сол хауызға барып, әрі қанып ішіп, әрі ыдысын қалағанша толтыруда. Иә, көңілі құлаған әрбір пенде одан мейірі қанғанша сусындай алады...

Ол өзінің ғажайып фәтәнаты арқылы бойындағы осы рақымдылығын, сол рақымдылыққа мұқтаж жандарға бейне бір жәннатқа апаратын нұрдан тоқылған ау етіп құрған. Кім сол аудың арбайтын ауанына елітсе, өзінің шырқау биіктерге шыққанын бір-ақ байқайды.

...Міне, «мейірім» Аллаһ елшісінің қолындағы осындай сиқырлы кілт еді. Ол тот басып, ашылмастай көрінген барлық құлыптарды сол кілтімен ашып, әрбір көкірекке бір-бір иман шырағын жаққан. Аллаһ осы кілтті барлық адам баласының арасынан таңдап алған асыл рухты Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қолына тапсырған. Өйткені адамзат арасында аталған қасиетті кілтті алуға ең лайығы сол еді. Аллаһ тағала әрқашан да аманатты ие бола алатын жандарға береді. Адамдарға аманат етіп берген жүрек кілттерін де сол істі ең жақсы білетін екі әлем Сардарына берген. Хақ тағала Ахметті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әлемдерге рақым етіп жіберіп, ол осы рақымдылықты өзіне лайықты түрде ұстап, өте орынды бағалаған...

Екі әлем Сардарының мейірбандығы кең еді. Тіпті адамзатты ғана емес, барлық болмысты қамтыған әрі қамти берер сүйіспеншілік еді. Аллаһ елшісі паш еткен мейірімге әуелі мұсылмандар бөленді. Өйткені Ол –  мұсылмандарға «рауф» әрі «рақымды» (Тәубе, 9/128). Ісінде шынайы, жұмсақжүректі һәм өте жанашыр. Сардардың мейірімділігі мұсылмандармен қатар кәпір мен мұнафықтарға да (екіжүзді) шарапатын тигізді. Тіпті осы рақымдылықтан Жәбірейіл де өз үлесін қармады[19]. Бұл көл-көсір мейірбандықтың кеңдігін байқағанда тіпті шайтанның өзі еріксіз үміттенген-ді[20].

Оның мейірбандығы санаулы адам мен жамағатты ғана қамтыған жоқ. Ол бәз біреулердей оны бас пайдасы үшін де қолданған емес.

Гуманизмнің алдауы
Бүгінгі таңда белең алып жатқан кейбір жайттардың адамды алдауды ғана мақсат тұтатыны ешкімге жасырын емес. Шағу үшін ирелеңдеп денеңізге  қарай жақындаған жылан не өрмелеп қойныңызға кірген шаяннан мұның қандай айырмашылығы бар? Аллаһ елшісі паш еткен сүйіспеншілікті мұндай нәрсемен теңеу жөн емес. Исламдағы сүйіспеншілік ұғымы барлық мәселедегідей өзіне тән дүние мен ақырет тепе-теңдігін қамтиды.

Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әкелген ізгі хабарының көрінісі етіп, күллі әлемді қамтыған сүйіспеншілігімен адамдарды да дәл солай бауырына басқан. Бірақ оның осы орасан мейірімі мен терең мейірбандығы өзімшілдердің кітап беттерінде ғана қалған жанашырлық ойларындай таяз емес еді. Ол небәрі қысқа уақытта іске асырып, сүйіспеншіліктің барлық тереңдігін байқатты. Негізінде, пайғамбарымыздың іске асырылмай қалған бірде-бір ой-пікірі жоқ. Ол ойларын түгелдей іске айналдырған істің адамы еді.

Аллаһ елшісі күллі ғаламды қамтыған сол бір шексіз рақым түсінігін шын жүрек, ыстық ықыласпен жеткізгендіктен айтқандарының ешбірі жерде қалмаған. Сондықтан да не айтса да барлығы іске асқан болатын.

Мысалы, ол жан-жануарларға мейірімді болуды мынадай ғибратты мысалмен түсіндіреді:
«Аллаһ бір итке бола арсыз әйелді кешіріп, жәннатты нәсіп етті. Қатты шөлдегені сонша – ит бір құдықтың қасына келіп, тілі салақтап жатыр еді. Дәл осы кезде сол жерден өтіп бара жатқан әлгі әйел итті көріп, қатты жаны ашыды. Дереу белінен белдігін шығарып, аяқ киіміне байлады да, құдыққа тастап, су алып, итке берді. Осылайша иттің беті бір өлімнен қайтты. Міне, әйелдің итке деген осы бір жақсылығы оның кешірілуіне себеп болды да, Аллаһ оны жәннатқа кіргізді»[21].

Керісінше, екінші мысалда Аллаһ расулы былай дейді:
«Бір әйел бір мысық үшін жәһәннамға тасталды. Өйткені нәр татырмай қамап қойып, мысықты аштан өлтірді. Әлгі әйел осы қатігездігі үшін жәһәннамға тасталды»[22].

Аллаһ елшісі осы бір шексіз рақымға толы тәблиғ міндетімен келген-ді. Ол – «Мәнһәлу’л-азби’л-мәуруд». Яғни, кәусар судың қайнар көзі. Кімде-кім оған ақыл-ой шелегін батырса, одан рақым табады да, қолынан абылхаят ішкендей, мәңгілік рухани өмірге бет алады.

Әттең-ай, осы кәусардың басына Жаратқанның өзі мейірімімен жинаған  жандар оның қадірін білсе ғой, шіркін!
Айтқан сөзімізді жалаң етпеу үшін бірнеше нақты мысал келтіруді жөн көріп отырмын. Бірақ одан бұрын мына мәселені айтпай кетуге болмайды.

Пайғамбарымыз барлық істің шыңында
Кей мамандықта адамдар арасында алдына жан салмайтындар, басқа іске келгенде, керісінше, көп артта қап жатады.
Мысалы, қолбасшы майдан алаңында дұшпанды он орап алатын әккі, айлалы болғанмен былайғы өмірде қарапайым ғана игі қасиеттерді игере алмай жатады. Тіпті мұндай адам бара-бара қатігез, нағыз қанішер адамға айналуы мүмкін. Өйткені оның адам өлтіруден әбден еті өліп кеткен.

Бір саясаткер саясатта өте жолы болғыш делік. Бірақ ол кез келген уақытта шындықтан жалтарып, біреудің құқына қол сұғуы мүмкін. Яғни, саяси алаңда табысқа жету үшін туралықты, мәрттікті қажет ететін сәттерде де бір бармағын ішіне бүгіп қалуы ықтимал. Мұнан шығатын қорытынды: адамдар бір жерде көкке шарықтаса, басқа  жерде төмен құлдырауы кәдік.

Ал позитивизмді жақтап, барлық мәселені тәжірибе арқылы шешуге ұмтылатын адамға көз салсаңыздар, жүрегі мен рухани өмірі нөлден де жоғары көтеріле алмағанын байқайсыздар. Тіпті зерде, қисын жағынан Гималай шыңын артқа тастаса да рухани ғұмыры Лұт көлі секілді шыңырауда жатады.

Барлық нәрсені материямен түсіндіруге тырысып, ал уахи қисынына келгенде, рух әлеміне сенбейтін көкірегі соқыр қаншама адам бар.

Бұдан аңғаратынымыз: пенделер үшін ең қиын нәрсе – өмір таразысының екі басын тең ұстау. Яғни, адамдардағы кейбір қасиеттер, бір-біріне қайшы келіп жатады. Бір сипаты өсіп көркейіп жатса, келесі бірі мұқалып, мүжілуде.

Алайда Аллаһ елшісінен мұндай кемшілік көру мүмкін емес. Ол – кемел стратег болумен қатар, әлемді құшағына алып тербете білетіндей өте мейірімді адам. Әрі ерекше бауырмал жан. Ол былайғы өмірде тәжірибеге сүйене отырып, шырқау биіктерге шықса, өзінің ішкі рухани өмірінде ешкім көтеріле алмайтын шыңдарға қол жеткізіп, өзіне тән туын тіккен.

…Ухуд соғысынан осының ең жарқын мысалдарын таба аламыз. Сол жерде Аллаһ елшісінің жанындай жақсы көрген сүйікті немере ағасы және сүт бауыры Хамза (р.а.) шейіт болады. Шейіт болып қана қоймай, денесінің сау-тамтығы қалмай тілгіленеді[23]. Әпкесінің ұлы Абдуллаһ ибн Жаһш да соңына дейін беріспей, жабылған дұшпандардың қылышына туралып өлген-ді[24]. Тіпті өзінің қасиетті басы да жарылып, тістері сынды. Ақ тәні қанға боялды[25]. Азуын айға білеген дұшпандары өлтіруге жанталасқан сәтте сүйікті елшісінің қаны жерге таматын болса, Аллаһ оларды жермен-жексен ететіндігінен қорқып:
«Аллаһым, елімді кешір, өйткені олар (мені) білмейді!» –  деген еді[26].

Бұл неткен көл-көсір мейірім десеңізші! Өзін өлтіруге тырысқандарға қарғыс айтудың орнына қайта, керісінше, Аллаһқа дұға етіп, оларға кешірім тілеп жалбарынуда.

…Мекке азат етілгенге дейін дұшпандарының оған көрсетпеген қорлығы қалмаған еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы! Сізге қарсы байкот жариялап, сізді үйіңізден, отырған жеріңізден түртпектеп, шөлдің ортасына апарып қамайды.

Жаулары мұнымен де тоқтамай ауыр бір келісімшартты Қағбаның дуалына іліп қояды. Соның бір шарты мынау:
«Елінен, жерінен аластатылған мына адамдармен сауда-саттық жасауға, олардан қыз алып, қыз беруге қатаң  тыйым салынады..»

Сізді осы бір ауыр жағдайдан үш жыл бойы бас көтерт-пей ұстайды. Жақындарыңыздың өзі көмектеспей, сіз айдалада ағаштың қабығын, шөп-шаламды талғажу етіп күн кешесіз. Балалар мен қарттар аштықтан шыбындай қырылып, сіз өзге жұрттан ешқандай жылылық, жанашырлық көре алмайсыз. Бұл аз болғандай өз жеріңізден қуылып, басқа жаққа жер аударыласыз. Тіпті сол жерде де тыныштық көрмей, әр түрлі қулық пен сұмдыққа душар болып, күнде қоқан-лоққыдан көз ашпайсыз. Содан кейін Бәдірде, Ухудта, Һандакта соғысқа түсіп, ылғи өмірдің тауқыметін тартасыз. Тіпті Қағбаны зиярат ету секілді елдің бәріне ортақ құқықтан мақұрым қаласыз. Бұдан да жаманы: өзіңізге ауыр тиетін шарттарға амалсыз көніп, келген ізіңізбен кері қайтасыз. Артынан Аллаһ жарылқау жасап, үлкен бір әскердің қолбасшысы болып Меккені алып, сол жерге ие боласыз, сірә, сол кезде олармен ара-қатынасыңыз қалай болатын еді? «Барыңдар, бәрің де азатсыңдар, бүгін сендерге тағар кінә жоқ» дей алатын ба едіңіз? Мен өз басым, егер одан осы тамаша үлгіні алмағанымда, ешқашан бұлай кешіріммен қарай алмас едім. Сірә, барлығыңыз да осы ойды бөлісетін шығарсыздар деп ойлаймын. Бірақ ол үстінде сауыты, басында дулығасы, қолында қылышы, қорамсақта жебелері – бес қаруын асынып, астындағы атын қамшылап Қағбаға қарай жол тартып бара жатқан сәтте де мейірім-шапағат қаһарманы болатын. Меккеліктерден: «Менен қандай нәрсе күтесіңдер?» – деп сұрады. Барлығы да бірауыздан: «Кеңпейілді жанның баласы болғандықтан сенен тек  кешірім күтеміз!», – деп жауап қатты.

Оның осы сөзі Жүсіп пайғамбардың бауырларына айтқан: «Бүгін сендерге тағар кінә жоқ. Аллаһ сендерді кешірсін. Ол – рақымдылардың ең Рақымдысы», – сөзімен дөп келген еді[27].

Ол өмірінде жоспарсыз іс жасамайтын. Тәуекелге бара отырып әрекет етті, әрекет ете отырып, тәуекелге бара білді. Ақылы мен амалын тең қолданған ондай жанды дүниені төрт айналсаңыз да таппайсыз.

…Бәдірге шығар сәтте сахабаларын сынап көріп, іштей риза болды. Себебі, олар жарылуға шақ атом бомбасы секілді бір сахабаның өзі бір қол әскерге қарсы тұра алатындай күш-қуатқа ие еді.

Сағд ибн Муаз:
«Пайғамбарым, Бәркул-Ғыматқа[28] дейін атыңмен жол баста, бізден бір адам да ермей қалмайды»,[29] – деген сөздері – соған дәлел. Әсіресе, бір сахаба: «Пайғамбарым! Жанымыз да, малымыз да мінеки, еркіңе бердік, қалағаныңша алып, қалағаныңа бер», – деген ұлы сөзін жиі қайталаушы еді[30].

Әскер дайын. Олардың әрбіреуі бейне бір Сағд ибн Муаз тәрізді еді. Бірақ оған қоса, Аллаһ елшісі тиянақты шаралар қарастырып, соғыс үшін қажетті нәрселерді түгелдей дайындап қойды. Ол осындай іс-әрекет дұғасынан кейін қол жайып, жүрегіндегі ыстық ықыласымен жалбарынып, Аллаһқа дұға ете бастайтын. Ол тіпті талып құлап түсерліктей терең дұға ететіні сонша – үстіне жамылған шапанының да жерге түскенін байқамай қалатын. Осындай көріністі сырттай бақылаған Әбу Бәкір (р.а.) шыдай алмай, жанына таяп келіп, шапанын үстіне жауып тұрып: «Тоқтатшы, Пайғамбарым. Хақ тағала Сені мұңайтады деймісің?! Мұншалықты жалбарынып жалынғаның да аздық ете қоймас», – дейтін еді[31].

Иә, бір жағы осыншалықты мұқият дайындық, бір жағы Рабқа нық тәуекел ету осы заңғар тұлғаға ғана тән өзгеше бір қасиет еді.

Ғаламдық мейірім
Сөз басында айтып кеткеніміздей, Хақ пайғамбар мұсылманға да, кәпір мен екі жүздіге де  мейірімін аямайтын. Мұсылман одан шет қалмайтын. Өйткені ол «Мен мұсылмандарға өздерінен де жақынмын»,– деген еді.

Негізінде, тәпсіршілер «Пайғамбар мұсылмандарға өздерінен де жақын», – аятына сүйеніп: «Аллаһ елшісі мұсылмандарға өз жандарынан да артық», – дейді. Бірақ дұрысы бұл жердегі екі мағына да бір-біріне жақын. Біз оны өз жанымыздан да артық жақсы көреміз. Аллаһ елшісі терең сүйіспеншілік көрсеткендіктен бізді де дәл өзін сүйгеніміздей сүйеді. Иә, ол – адамдықтың асқарындағы жан.

Бұл – ақыл-ой таразысы мен қисыннан туған сүйіспеншілік. Бұл сүйіспеншіліктің сезім жағы болса да, мағрипат ерекшелігі мен қисын тереңдігі анағұрлым басым. Егер адам осыны бойға сіңірсе, тұла бойы шымырлап, ерекше күйге бөленер еді. Бара-бара күйіп-жанып Ләйласын іздеген Мәжнүндей жүрген жерінің бәрінен Аллаһ елшісін іздеп тұрар еді. Қашан да көңілі соған алабұртып, есімі ауызға алынған сайын жанары жасқа шыланатын еді. Онсыз өткен өмірін қасірет санап, ғұмыр бойы сыбызғыша сыңсып, қобызша күңіреніп өтер еді.

Иә, Рақым пайғамбары бізге жанымыздан да жақын. Қалайша жақын болмасын, біз көбіне өз қылығымыздан кесір тартамыз, ал сүйікті пайғамбарымыздан ылғи да жақсылық, мейір, адамгершілік қана көреміз. Ол – Аллаһтың рақымдылығына өкілдік жасаған жан. Әлбетте, оның бізге бізден әлдеқайда жақын болуы заңды.

Ол: «Мен мұсылмандарға өздерінен де жақынмын», – дейді.

Мына аятқа көз салып көріңіз: «Пайғамбар мұсылмандарға өздерінен де артық тұрады» (Ахзаб, 33/6) деген соң сөзін әрі қарай жалғастырды: «Кімде-кім артына дүние-мүлік қалдырса, ол ағайын-туысына. Бірақ кімде-кім артына қарыз тастаса, менің мойнымда»[32].

Бұл хадистің астарына үңілу үшін мына оқиғаны айта кетейік.

Бір күні мүрде шығарылып жаназа намазы оқылу керек еді, Аллаһ елшісі сол мезет: «Мұның қарызы бар ма?» – деп сұрады. Жиылған халық: «Иә, ол көп қарызы бар адам!» – деп жауап қайтарды. Бұны естігенде Пайғамбарымыз: «Онда бауырларыңның жаназа намазын өздерің оқыңдар, мен қарызы бардың намазын оқи алмаймын», – деді. Бірақ бұл өзіне ауыр тиді. Сол кезде Аллаһтан осыған байланысты жоғарыда өткен аят түсті. Кейіннен Аллаһ елшісінің жағдайы түзелген кезде: «Оның жақыны менмін. Қарызы барлар маған келсін», – деді[33].

Әз елшінің дүние мен ақыретте мұсылмандарға өздерінен де жақын болуы – рақымдылық. Оның осы бір жақындығы мен рақымдылығы мәңгі-бақи жалғаса бермек.

Ол мұнафықтарға да жанашырлықпен қарады. Соның арқасында мұнафықтар дүниеде қорлық көрмей өтті. Мешітке барып, мұсылмандармен қоян-қолтық араласып, олар көрген игіліктерге ортақ болды. Аллаһ расулы олардың ішкі пиғылын бес саусақтай білетін. Тіпті кімдердің екіжүзді екенін Хузәйфаға (р.а.) сыр ғып айтқан да болатын[34]. Риуаят бойынша сол үшін де хазірет Омар Хузәйфаны бақылап, ол оқымаған жаназа намазын өзі де оқымайтын[35].

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                Ислам екіжүзділердің кім екенін әшкерелеп, жұртқа жария етпеді. Әрқашан мұсылман арасында жүргендіктен, олардың ту бастағы ащы күпірліктері келе-келе жұмсарып, күдікке айналды. Сондықтан да татқан дүние ләззаттары да түгелдей ащы болмады. Өйткені, өлісімен құрып жоқ болып кететініне сенген адамның дүниеден ләззат алуы мүмкін емес. «Кім білсін, ақырет бар шығар» деген дүдәмалмен күпірлері күдікке ауысқанда ғана, сірә, өмір түгелдей ащы болмайтын шығар. Міне, осы жағынан Аллаһ елшісі мұнафықтарға да белгілі бір деңгейде жанашырлықпен қараған.

Ардақты елшінің мейірбандығының шарапаты кәпірлерге де тимей қалған жоқ. Күпірлікке басып, қарсы шыққаны үшін Аллаһ тағала бұрынғы өткен қауымдарды түгелдей жер бетінен қырып жіберсе, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбардан кейін шектен шыққандары болмаса былайғыларын тұтастай жермен-жексен етуді тоқтатты. Сондықтан да адамдар осындай жалпылама азаптың түрінен құтылды. Бұл да кәпірлер үшін дүниедегі үлкен рақымдылық еді.

Бұл жөнінде Хабибіне[36] Аллаһ былай дейді:
«Сен олардың арасында болған кезде Аллаһ оларға азап етпейді. Және олар кешірім сұрап, жалбарынып жатқанда да, Аллаһ оларға азап етпейді» (Әнфәл, 8/33).

Пайғамбарымыздың құрметіне Аллаһ бәрін тегіс жойып жіберуді тоқтатты. Иса (а.с.) кезінде «Егер азап ететін болсаң, олар – Сенің құлдарың» (Мәида, 5/118) деген еді. Ал сіз Пайғамбарымыздың қадір-қасиетіне көз салыңыз! Жаратушы ие оған: «Сен олардың арасында болған кезде  Аллаһ оларға азап етпейді», – дейді.

Яғни, сен жүректерінде тұрған кезде Аллаһ оларға азап етпейді. Сен жер бетінде еске алынып, ауызға алынған кезде, яғни адамдар сенің ізіңнен таймаса Аллаһ оларды жермен-жексен етпейді.

Аллаһ елшісінің мейірбандығынан кәпірлердің де шарапат көруі әз Елшінің: «Мен лағынет етуші емес, рақым етуші етіп жіберілдім», – деген жүрек жарды сөзінен байқалады[37]. Яғни, барша жұртқа Аллаһтан рақымдылық әкелгенім болмаса, мен ешкімге қайғы-қасірет тілеу үшін жіберілмедім. Аллаһ расулы ең азулы Ислам дұшпандарының да тура жолға түсуін тілеп, көп күш жұмсаған.

Хақ пайғамбар әкелген нұрға Жәбірейіл де малынған. Бір күні Пайғамбарымыз Жәбірейілден: «Құранда сен үшін де рақымдылық бар ма?», –  деп сұрағанда, ол: «Иә, Аллаһ расулы! Өйткені мен де соңымның не болатынын ойлап қатты қорқатын едім. Тек қана «Көкте оған мойынсұнылады, уахилер оған аманатқа беріледі» аяты түскеннен кейін көңілім орнына түсіп, жаным жай тапты»[38], – деп жауап берген еді.

Басқа бір хадисте екі дүние Рақымы былай дейді:
«Мен Мұхаммедпін, мен Ахметпін, мен Муқаффи (ақырғы пайғамбармын), мен Хашырмын. (Менен кейін хашыр туады, ешқандай пайғамбар келмейді). Мен тәубе және рақым пайғамбарымын»[39].

Тәубеге қияметке дейін жол ашық. Өйткені Аллаһ расулы – тәубе пайғамбары. Оның үкімі де қияметке дейін жалғасады.
... Ол кейде жылаған бала көрсе, жанына барып қосыла жылайтын. Зарлаған ананың қасіретін жүрегімен сезетін. Міне, Әбу Һурәйраның риуаят еткен хадисі мен оның аңызға айналған мейір-шапағаты: «Мен намазға тұрғанда, оны ұзақ уақыт оқығым келеді. Сол сәт бір баланың жылаған даусын естісем, анасының жаны сыздамасын деп, намазды тез оқып бітіремін»[40].

Аллаһ елшісі намаздарын өте ұзақ оқитын. Тіпті сахабалардың өзінің бұған көп сабыры жете бермейтін. Міне, ол осындай ниетпен асықпай намазға тұрғанмен, намаз кезінде жылаған баланың дауысын естісе, дереу намазын тәмамдауға тырысатын. Өйткені сол уақыттарда әйелдер де намаз оқу үшін Аллаһ елшісінің артындағы жамағатқа қатысатын. Жылаған баланың анасы мешітте болуы мүмкін деген оймен Пайғамбарымыз намазды тездетіп аяқтап, әйелдің алаңдаулы көңілін тыншытатын. Ол барлық мәселеде осындай  мейірімділіктің жаршысы еді. Бірақ оның осы бір шексіз мейірім-шапағаты тепе-теңдікті сақтауына, діни жазаларды іске асыруына кедергі келтірмейтін. Хақ пайғамбар жазаның түрі қандай болса да, оны сөзсіз іске асыратын.
Бір күні Майз атты сахаба Аллаһ елшісіне келіп: «Пайғамбарым, мені тазарт!» – деп өтінді. Рақым елшісі теріс қараған күйі: «Бар, тәубе ет», – деді. Бірақ Майз тілегінен қайтпады. Өзін тазартуын қалап тұрып алды. Ол сөзін төртінші рет қайталаған кезде, Аллаһ елшісі одан: «Сені қандай күнәдан тазартайын?» – деп сұрады. Майз: «Зина күнәсынан, Пайғамбарым»,– деп жауап берді.

Майз үйлі-жайлы адам болғандықтан күнәсінің жазасын тартуы тиіс еді. Екі әлем сардары қияметке дейін ғибрат болатын осы оқиғаны адамдардың есінде біржолата қалдырғысы келгендей жанындағылардан: «Мұның ақыл-есінде ауытқушылық бар ма?» – деп сұрады. «Жоқ, Майз – ақыл-есі түзу адам», – деп жауап қатты сол жердегі сахабалар. Аллаһ елшісі қайтадан:
«Әлде, Майз мас па?» – деді. Сахабалар: «Жоқ, Майз мас емес»,– деп жауап қайырды.

Бұдан кейін ол жанында тұрғандарға: «Олай болса мынаның тиісті жазасын беріңдер!.» – деп әмір етті.

Майзды алаңқайға апарды. Бір кезде ол қашуға әрекет жасады. Бірақ біреу өкшелей қуып, қолындағы сүйекпен Майздың басынан ұрды. Майз сол жерде тіл тартпай кетеді. Біраздан кейін осы жағдайды Аллаһ расулына айтқан кезде ол көз жасына ие бола алмады: «Әттең-ай, оны еркіне жібере салғандарыңда ғой. Мүмкін айтқандарынан бас тартар ма еді», – деді. Дәл сол кезде бір сахаба Майзды меңзеп: «Жасырын күнәсын өзі әшкерелеп, ит құсап өлді», – дейді. Бұл сөзге Аллаһ елшісі қабағын түйіп: «Бауырларыңды ғайбаттамаңдар. Аллаһ атымен ант етейін, Майз өте терең тәубе етті. Оның осы тәубесі жер жүзіндегі күнәһарларға таратылса, бәріне де жететін еді», – деді[41].

Бірде Муқаррин тайпасынан біреу өз қызметшісін таяққа жықты. Қызметші әйел жылап Аллаһ елшісіне келеді. Пайғамбарымыз қызметшінің қожайынын шақырып алып: «Жазықсыз ұрғаның үшін оны азат ет не еркіне жібер», – деді[42]. Иә, егер бұның жазасы ақыретке қалдырылса, онда ол жердің таяғы бұдан да оңбай тимек еді. Сондықтан да қожайынына ақыретте жәһәннам азабынан құтылуы үшін қызметшісін еркіне жіберіп, азат етуі тиіс еді.[43]

Балаларға бауырмалдық
Пайғамбарымыздың әсіресе өз балаларына деген әкелік мейірімі мүлдем өзгеше еді. Көбінесе сәбиі Ибраһим сүт еметін жанұяға келіп, оны құшағына алып, өбектеп ұзақ сүйгіштейтін.

Аллаһ елшісінің Хасан мен Хусейнді (р.а.) құшақтап алып, аймалағанын көрген Ақра ибн Хабис таңырқап: «Менің он балам бар. Осы уақытқа дейін ешқайсысын сүйіп көрген емеспін», – деді. Сонда Аллаһ елшісі: «Мейірім танытпағанға мейірім жоқ», – деді[44].

Басқа бір хадисте: «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды», – делінеді[45].
Басқа бір риуаятқа жүгінсек, Аллаһ елшісі Ақра ибн Хабиске: «Аллаһ жүрегіңді мейірімнен жұрдай етсе, мен қайтпекпін?!» – деген еді[46].

Аллаһ елшісінің тұла бойы тек туыс-ағайындарына ғана емес, сонымен бірге алыс-жақын достарына да махаббат пен рақымдылық сезіміне толы болатын.

Айша анамыз (р.а.) айтады:
Бірде Са’д ибн Убәда науқастанып, төсек тартып жатып қалды. Аллаһ елшісі жанына ерген сахабаларымен осы адал досының көңілін сұрап барды. Са’д ибн Убәданың ауыр халін көргенде, қатты аяп, шыдай алмай жылап жіберді. Оның жылағанын көріп, жанындағылардың да көңілі босады. Осы көңіл күйін басқаша жорамалдамауы үшін  Пайғамбарымыз: «Аллаһ ешқашан да көздің жасы мен жүректің мұңы үшін азап етпейді. Бірақ мынау үшін азап етеді»,– деді де тілін көрсетті»[47].

Иә, Аллаһ адамды көз жасы үшін азап етпейді, қайта керісінше, кейбір көз жасы үшін азапты алып та тастайды. Аллаһ елшісі басқа бір хадисінде:
«Екі көз бар: Жәһәннамның оты оларға ешқашан тиіспейді. Аллаһтан қорыққанынан жылаған адамның көзі мен түнін Аллаһ үшін (шекара немесе жауды) күзетумен өткізген көз»,– дейді[48].

Бұл көздердің бастапқысы тақуаға, соңғысы ереуіл атқа ер салып ел күзеткен ерге тән. Түнде өзін терең ғибадатқа арнап, көз жасын төккен, күндіз болса арыстандай айбаттанып, күндей күркіреп күпірмен алысқан адамның көздері, яғни, нағыз мұсылманның көздері... Негізінде, сахабаларды біз осылайша танимыз.

Иә, олар түнде Аллаһқа көз жасын төгіп ғибадат етіп, күндіз әрбірі жауына арыстандай атылып, күндей күркіреген баһадүр болатын.

Аллаһ елшісі Осман ибн Маз’унның қайтыс болғанын ести сала оған жетуге асықты. Ол Аллаһ елшісінің өз бауырындай санаған атақты сахабасы еді. Жаназасында  егіле жылағаны сонша – бейне бір жаназасы Аллаһ елшісінің көз жасымен жуылғандай болды. Дәл сол кезде бір әйел Осман ибн Мазу’н жайында: «Құс болып жәннатқа ұшты»,– деді. Сол сәтте Аллаһ елшісі дереу қабағын түйіп: «Мен Аллаһтың елшісі бола тұра біле алмаймын, сен оның жәннатқа кеткенін қайдан білесің?» – деді[49].

Иә, ол расында да тепе-теңдікті қатты сақтаған адам болатын. Мейірімі де, жүрегімен езіле жылауы да ешқашан қателікті түзетуге кедергі болмайтын. Еңіреп жылап бауырым деп құшағына басып, көз жасымен бейне бір жаназасын жуып тұрған шақта да осы секілді орынсыз сөздің иесіне ескерту жасауды ұмытпайтын. Адалдық басқа, ақиқат басқа. Ухуд шейіттерін апта сайын зиярат ететін,[50] бірақ «Ұшып жәннатқа кеттіңдер» демейтін. Біз «Егер олар да жәннатқа кетпесе...» десек те, бұл мәселе осылай.

Жетімдерді паналатып, қамқорлық еткендерге берген бағасы оның қаншалықты мейірім-шапағат тұлғасы болғанын көрсетуге жетпей ме?

Қараңыздар, не дейді: «Мен және жетімге қамқорлық көрсетуші жәннатта мынау секілдіміз», – деп, саусағын біріктіріп жетімге қамқорлық жасаған  жандардың ақыретте өзіне қаншалықты жақын тұратынын көрсетті[51].

Жан-жануарларға деген мейірім
Оның дархан мейірімі жан-жануарларды да айналып өтпеген. Жоғарыда бір әйелдің мысық үшін қалай жәһәннамға кіргенін және әдепсіз бір әйелдің итке су беруі арқылы жәннатқа кеткенін айтып өткен едік. Мына бір оқиғаны да еске салып, осы мәселені тиянақтайық.

Бір жорықтан қайтып келе жатқанда бел жазып, аяқ суыту үшін оңаша жерге ат шалдырады. Сахабалардың бір-екеуі сол жерден құстың ұясын байқап, ондағы балапандарды алақандарына салып, қызық көріп тамашалап тұрған. Дәл осы кезде   құстың анасы келіп қалады. Балапандарын көріп, сол маңда айналсоқтап ұшып кетпей қояды. Аллаһ елшісі осыны көрісімен, қатты ашуланып, балапандарды дереу ұясына қоюын сахабаларына әмір етті[52].

Иә, оның рақымы барлық жан-жануарларды да қамтитын. Негізінде, Аллаһ бұрынғы өткен пайғамбарлардың біріне құмырсқа ұясы үшін қатты ескерту жасаған жоқ па еді?

Өйткені бұл пайғамбар әдейі ме, әлде байқаусызда ма құмырсқаларды өртеген еді. Бірақ артынша  дереу Аллаһтан сөгіс естіген-ді[53]. Осы секілді оқиғаларды бізге жеткізген Аллаһ елшісі өзіне жараспайтын әрекет жасауы мүмкін бе? Кейін оның үмбетінен «құмырсқаны да баспайтын мейірім қаһармандары» атанған ұрпақ өсіп жетілгенді. Өйткені олар жолдағы құрт-құмырсқалар аяқ астында қалмасын деп сақтық жасап, жүрген кездерінде аяқтарына қоңырау тағып жүретін еді.

Ғажап-ай десеңізші! Оның рақым кеңістігінен құмырсқалар да құр қалмаған. Құмырсқаны да баспаған бұл адамдар басқа жандарға қиянат жасауы мүмкін бе? Әлбетте, ондай ізгі жандардың зәредей де қатыгездік жасауы әсте мүмкін емес!
Ибн Аббас былай дейді:
«Аллаһ елшісімен бірге бір жаққа жол жүріп бара жатқан болатынбыз. Бір адам соятын малының аяқтарын байлап, көзінше пышағын қайрап жатқанын көрдік. Сол кезде Аллаһ елшісі оның қасына барып: «Оны бір емес бірнеше рет өлтіргің келді ме?»[54]– деді. Бұл оған айтылған ескерту еді.

Абдуллаһ ибн Жәғфар (р.а.) былай дейді:
«Аллаһ елшісі бірнеше сахабамен бірге бір бауға кірді. Баудың бір шетінде сүйегі ырсиған арық бір қатпа түйе тұрған еді. Ол түйе Аллаһ елшісін көрісімен жанарынан мөлтілдеп жас аға бастады. Екі әлем Рақымы дереу түйенің жанына барып біраз уақыт қасынан кетпеді. Содан кейін түйенің иесін шақырып алып, түйеге жақсылап қарауын қатаң ескертті»[55].

Бүгінгі таңдағы гуманистердің арман еткен сүйіспеншілік пен мейірімділіктерінен әлдеқайда терең мейірім-шапағатқа ие болған Аллаһ расулы осыншалықты ғаламды қамтыған рақымын фәтәнаты арқылы асыра сілтеушілікке де, немқұрайдылыққа да бой алдырмай, тепе-теңдікті сақтау арқылы көрсеткен.

Ол керекті жерінде кеңпейіл, кешірімшіл болды. Жамандықтың кез келген түріне аяусыз күрес ашты. Оның бітіспес жауы болды. Өйткені ол қылмыскерге, не болмаса қатыгез бір тағыға кеңшілік көрсететін болса мыңдаған кінәсыз жандардың обалына қалатынын жақсы білетін.

Осы арада бір шындықты айта кетейік, бүгінгі таңда жасалып жатқан түрлі әділетсіздіктер өткен барлық дәуірдегі жасалған әділетсіздіктерден асып түспесе кем түспейді. Дұшпандарға кеңпейілділік көрсетеміз деп, неге ұрынғанымызды бәріміз де тарихтан жақсы білеміз. Сүйіспеншілік пен мейірімділік орнымен жұмсалмаса, жеке адам үшін де, қоғам үшін де қауіпті зардаптарға апарып соқтыруы мүмкін. Алайда, Аллаһ елшісінде мұндай солқылдақтықты немесе ертең қателікке ұрындырып, опық жегізетін осалдықты байқамайсыз.

Ол адамдарды елден ерек сүйетіні соншалық – өзін құрбан етердей жанын салатын. Құран Кәрімнің оның аптыққан, асыққан көңілін басып отыруы – соның айғағы.

Құран: «Олар Құранға сенбеді деп, таусылғаның сонша – күйзелістен өзіңді жеп бітіре жаздайсың» – дейтін (Кәһф, 18/6).
Пайғамбарлық келерде ол елден жырақтап, үңгірге бармап па еді? Адамзаттың жайын ойлап, оңашада күйзелмеп пе еді? Уахи да алғаш рет оған сол жерде келді. Иә, оның жалпы адамзатқа деген сүйіспеншілігі жаратылысымен біте қайнасқан болатын.

Сабырлылық сипаты
Ол сабырын да фәтәнатымен дәл өз орнында қолдана білді. Осы арқылы асуы мүмкін еместей көрінген қаншама биіктерді бағындырды, қаншама қатып-семген жүректер мен мұзға айналған рухтар сол бір Сабыр Күнінің алдында еріп, жүректеріне мейірім мен иман шуағын теліп, тура жолға түсті. Егер оның мұншалық сабыры мен шыдамы болмаса, Әбу Суфиян, Икрима және басқа да көптеген жандар Исламға кіре алатын ба еді?

Хақ пайғамбар шын мәнінде күллі әлемге жіберілген рақым болатын. Ал, рақымдылығында да тепе-теңдіктен ауытқымауы пайғамбарлық парасатының (фәтәнатының) басқа бір дәлелі.    

Пайғамбарымыздың биязылығы
Алдыңғы бөлімдерде Пайғамбарымыздың Аллаһ тағаланың Рахман және Рахим сипатының жарқыраған айнасы екенін айтып жеткізуге тырыстық. Оның бойындағы рахмандық пен рақымдылықты және мұны фәтәнатымен қалай іске асырғанын терең қаузамасақ та, қысқаша айтып, ой тастауға тырысқан едік. Бұл бөлімде Пайғамбарымыздың бойындағы рахмандық пен рақымдылықтың өзгеше бір ерекшелігі саналатын биязы мінезін түсіндіріп көрейік.

Биязылық Хақ пайғамбарға берілген маңызы айрықша құпия кілт іспетті. Ол осы кілттерімен көптеген көңіл-сарайларды ашып, төріне тақ орнатқан. Егер осы бір биязылығы болмаса, көңілдерін күдік жайлаған көптеген жандар мүлдем теріс қылықтарға жолығып, мұсылман болудың орнына, керісінше, Исламға қарсы шығып, иманнан біржола алшақтап кетер еді. Аллаһ расулының биязылығы мұндай келеңсіздіктердің тууына жол бермеді.

Биязылық – Аллаһтың Хабибіне (Сүйіктісіне) берген ең таңдаулы сипаттардың бірі болатын. Ол осы арқылы адамзатқа рақымдылығын танытты.

Осы мәселе жайлы Аллаһ тағала Құранда былай дейді: 
«Сол кезде сен оларға Аллаһтың  рақымымен жылы шырай таныттың. Егер тұрпайы, қатал болғаныңда сөзсіз олар айналаңнан тарқап кетер еді. Сондықтан кешірім етіп, оларға жарылқау тіле де, іс жөнінде олармен кеңес. Бір мәмлеге келіп, қаулы қабылдаған кезде Аллаһқа тәуекел ет. Негізінде, Аллаһ тәуекел етушілерді жақсы көреді» (Әли Имран, 3/159).

Осы аяттан биязылықтың рақымдылықтан туындайтын қасиет екенін аңғарамыз. Егер Аллаһ елшісі қатаң болғанда (әлбетте, олай емес), оның айналасында ешкім қалмас еді. Аллаһтың шексіз рақымдылығы екі әлем Сардарын биязы етті. Сондықтан да жанына жақын келген әрбір жан одан түсі суық ызғарлықты сезбеді. Тіпті оны аяздай көріп, мұз құсанып барғандардың өзі жеміс-жидегі мол жазға тап болып жатты. Ендеше, оның биязылығынан нәр алып нұрланған жақын достары қалай оған реніш білдірсін?

Жоғарыда аталған аят Ухуд соғысына байланысты түскен болатын. Аллаһ елшісі сахабаларына соғыс тәсілдерін егжей-тегжейіне дейін түсіндіргеніне қарамастан кейбіреулері оның мән-мағынасын терең сезіне алған жоқ. Сондықтан да берілген қорғаныс шебін бұйрық келмей тұрып тастап кетіп, мұсылмандар уақытша жеңіліске ұшырады. Алайда оны толық жеңіліс деуге де болмайтын еді.

Аллаһ елшісінің өлтірілгені жайлы жалған қауесет тарап, мұсылмандардың көпшілігі не істерін білмей, дағдарып қалды. Бірақ сол жерде Әнәс ибн Надыр секілді парасатты адамдар да бар болатын.

Олар сахабаларға: «Аллаһ елшісінің өлген жерінде сендер неге өлмейсіңдер?»[56] – деп айқай салып, дұшпандардың арасына қойып кетіп, жанын Аллаһқа тәслім еткен еді. Негізі, нағыз сара жол да осы болатын. Аллаһ елшісінің жолында олар да жандарын құрбан ету керек еді.

Егер пайғамбардың әмір еткен бағыты бойынша жүргендерінде мүмкін жол ашылып, жеңіс туын желбіретер ме еді, қайтер еді? Алайда болмашы қателік олардың бағытын өзгертіп, тығырыққа тіреп кетті. Егер осы жамағаттың көшбасшысы Аллаһ елшісі емес, басқа бір адам болғанда, бұйрықты орындамай, керағар іс-әрекет еткен осы адамдарға қалай қарайтын еді? Оларды ештеме болмағандай кешірер ме еді? Әрі ол олардың қоғамдық һәм рухани қөшбасшысы болса.

Иә, олар барлық ізгілікті екі әлем Сардарынан  үйренген болатын. Сахабалар өз өмірлерінде өз көздерімен Сардардың жүзден астам мәселеде дөп басып, мөр басқанына куә болған еді. Мінеки, осынау көреген тұлға істің басында-ақ оларға берілген орындарын тастап кетпеулерін баса айтып, қатты ескерткен болатын. Оны көңіл қойып тыңдамағандары үшін өз жазаларын өздері кескен болатын. Көптеген адамдар шейіт болып, жараланбаған жан қалмады. Аллаһ елшісінің де басы жарылып, тісі сынып, денесі қанға боялды. Аллаһ елшісінің орнында басқа біреу болғанда ең жұмсақ мінезді дегеннің өзінде қатулы қабақ танытып, «Мен сендерге былай істеңдер деп айтпап па едім?» деп, кіжінер еді. Осы қысылтаяң шақта Құран Пайғамбарымыздың көкейіне келуі мүмкін ойларға тосқауыл қойып, жоғарыда аталған аятты мәлім еткен болатын. Жағдайдың қысылтаяң болғаны сонша – көсемнің бойынан титтей бір кемшілік сезілсе немесе мүлт кетсе бұл кемшілігі бірден көзге түсіп, психологиялық жағынан басқаларға кері әсер етеді. Оларды ренжітетін болмашы қимылдың өзінен аулақ тұру керек екені қажет болған осындай бір қысылтаяң шақта Құран Аллаһ елшісіне: «Сол кезде Сен оларға Аллаһтың  рақымымен, жылы раймен қарадың. Егер тұрпайы, қатал  болғаныңда, сөзсіз, олар айналаңнан тарқап кететін еді», – деді (Әли Имран, 3/159). Қандай қысылтаяң шақ туса да сахабалар оған деген адалдығынан айнымады. Бәрі де Аллаһ елшісін көлегейлей қоршап, айналасында тарап кетпей көбелек секілді ұшып жүрді.

Оның мінез-құлқы Құран еді[57]. Негізінде, Құранның бізге айтқандары да, міне, осындай бір иләһи мінез болатын. Айналаңызға көз салсаңыздар, осы иләһи мінез ап-анық көрініп тұрған жоқ па?! Ұлы Жаратушыға қарсы шығып, Аллаһқа «ұлы бар, әйелі бар» деп серік қосып жатса да, оларға шексіз мейірімін төгіп, сансыз қайырымдылық жасауда. Көктегі күн де тәулік сайын жылуы мен жарығын, бұлт жауын суымен елді рызықтандырып, жер жасыл желегін төгіп, жемістерін дастарқанға төгіп, құшағын жаюда. Ал жұмыр басты пенделер осы ырыс-береке үшін Аллаһ тағалаға шүкір етудің орнына, теріс іс-әрекеттерімен алдына келген асты аяғымен теуіп, қадірін білмей жатыр.

Иә, адамдар өздеріне берілген осыншама ырыс-берекенің миллионнан біріне де шүкір етпеуде. Бірақ сонда да Халим, биязы Аллаһ оларды жазаға тартпай, жасаған қателіктері үшін иләһи заңын өзгертпей, ырыс-берекесінен айырған жоқ.
Хазірет Мұхаммед аләйһиис-сәлам да Аллаһтың осы есімімен нұрланып, осы мінез-құлықтан үлгі-өнеге алғандықтан Аллаһтың сипаты мен есімдерінің айнасы болды.

Ол ғана емес, атасы Ибраһим (а.с.) әрдайым биязылығымен еске түседі.

Һуд сүресінде ол жайында: «Шынында, Ибраһим аса сыпайы, биязы жан, Аллаһқа шексіз берілгеннің бірі еді», – деген жолдар соның айғағы (Һуд, 11/75).

Ибраһим (а.с.) биязылықтың аса заңғар биігіндегі адам болатын. Өзін отқа тастаған адамдардың да басына бәле келеді-ау деп, солар үшін абыржып, солар үшін қатты қорқатын. Ол таңға дейін көз жасын төгетін өте тәубешіл жан еді. Әр сәт сайын түлеп, қайта құлпырып, қайта жаңарып, ерекше бір жанқиярлығымен, жандануымен Аллаһқа қауышу үшін бір сәт көзін алмай, лүпілдеген нәзік жүрегімен Рабтың рақым есігінде көз жасын көл етіп, жалынып-жалбарынатын.

Аллаһ елшісі өзін әрқашан Ибраһим пайғамбарға ұқсататын[58]. Шындығында, ардақты пайғамбарымыздың биязылығы да, сыпайылығы да атасы Ибраһимнен (а.с.) аумайтын.

Биязылық барлық Хаққа дос болғандар үшін өте маңызды қасиет. Адам өмірдің қалтарыс-бұлтарысында өзін торуылдағандардың алдында да биязылығынан, әдептілігінен жазбау керек. Ол осылайша биязылықтың қандай биікте болғанын көрсеткен-ді. Әттең-ай, кейіннен келгендер де биязылықтың не екенін ұғына білсе ғой, шіркін!

Қайтадан Ибраһимге (а.с.) оралайық, дұшпандары оны отқа лақтырғанда, Аллаһ отқа былай деп әмір етеді: «Ей, от, Ибраһимге салқын және сәлем бол!» (Әнбиә 21/69)  яғни, мұз да болма, от та болма, екеуінің ортасындағы «сәлем» бол. Өйткені Ибраһим әлемге дәл осылай қарайтын. Адамдарға мұздай суық та, өрттей ыстық та емес еді. Ол нағыз «Сәлем» адамы болатын. Аллаһта та оған осылайша қарады. Ибраһим (а.с.) Аллаһ мінезінен үлгі алып жатса, Аллаһ оған басқаша қарайды дейсіз бе?! «Сәлем» тікелей Аллаһтың есімі еді. От та Ибраһимге «Сәлем» болып, «Сәлем» етті.

Ибраһимнің (а.с.) бастаған осы биязы мінезін Аллаһ елшісі көкке шығарды. Дұшпандарын жермен-жексен етіп, қамалының алаңын кеңейтіп, байрағы желбіреп тұрған шақта да Пайғамбар осы мінезінен танбады. Әйтпесе, ол жазықтыларды жазаға тартқысы келсе оған кім қарсы шығар еді? Жоқ. Сөзсіз, Омар (р.а.) секілді Ислам байрағын желбіреткен дара тұлғалы жүздеген жандар, ардақты Пайғамбарымызды ренжіткендерге қарсы тұрып, арыстандай айбаттанып, басын алу үшін рұқсат сұрайтын. Алайда ол мұндай сәттерде сахабаларына басу айтып, сабыр сақтау керек екенін биязы, сыпайы болуын үнемі насихат ететін.

Бір күні біреу оның арын таптатпайтын адал жарына күйе жаққан еді. Кез келген мұсылманға қас-қабағымен белгі берсе, көптеген мұнафықтардың  басы кететін сол сәтте де ардақты Пайғамбарымыз сабыр сақтады. Аллаһ елшісі болса, көп күн бойы тікен жұтқандай осы сөздерден жаны қиналып, ар-ожданы азап тартқанымен, ләм-мим деп үн қатқан жоқ. Сіріңке тартып кеп қалсаң от шығайын деп тұрған осы ауыр жағдай Айша анамызды (р.а.) Құран ақтағанға дейін созылды. Барлық сахаба ардақты пайғамбарымыздың аузынан шығатын екі ауыз сөзді күткен еді.

Кейде оның алдында аузына келгенін айтып тіл тигізген кісілер де болды. Пайғамбарымыз ымдап белгі берсе жүздеген қылыш бірден сол оспадар адамның басында ойнар еді. Бірақ сүйікті пайғамбарымыз дөрекі әрекеттерге барып, әдепсіз қылық көрсеткендерді де кешіре білді. Хақ пайғамбар өзінің алдында қандай адам, кім тұрса да оларды өзінен бездіріп алмаудың қамын жасап, бауырына тартатын. Алдына келген адамды үркітіп алмау үшін әрдайым сақ әрекет ететін. Сондықтан да біреуге қылыш немесе пышағын ұсынса, сап жағымен беретін. Мұндай адам қалайша нақақтан қан төгеді?

Ол аса нәзік жан болатын. Алдындағы адамның дөрекі әрекеттеріне көңілі құлазып сала беретін. Бірақ Аллаһ елшісі мұндай оспадар жандардың дөрекіліктерінің  өзін биязылықтың теңізіне тастап, сабыр сақтап, жылы қабақ танытатын. Оның сезім әлемі осыншама байтақ болатын. Сырқаттанған кезде оның сырқаты жәй пенденікінен екі есе қатты болатын.

Бір күні науқастанып жатқанда Абдуллаһ ибн Мәс’уд (р.а.) оған: «Пайғамбарым, бейне бір жанған ошақтай күйіп тұрсыз ғой»[59],– деген болатын.

Иә, Аллаһ елшісі аса сезімтал еді. Оның саусағына кірген ине басқа жанға қадалған найзадан он есе ауыр тиетін. Бұл сезімталдық өзіне жүктелген міндетке өте сақ болу үшін берілген болса керек. Мұндай сезімтал адамның айналасындағы түгі түкірейген дөрекі әрекеттерден туатын көңіл кірбіңі де жай адамдікіне қарағанда әлденеше есе жоғары ғой деп ойлаймын. Оның биязылығының бір қыры – тепе-теңдікті сақтау. Қандай да бір имансыздың күпірі оның жанына батып, жыландай шағып  жылататын. Алайда әділдік үшін жазықты адамды жазасыз қалдырмайтын. Ардақты пайғамбарымыз өзіне қастандық жасап, қылмысқа барғандарды жазалап көрмепті. Қайта өзіне қарсы жасалған қылмыстардың кешірілмегені жоқ.

Діни өмірінде де дәл осылай әрекет ететін. Өзіне ұдайы ең ауырын таңдап, басқа жандарға жеңілін беретін. Тіпті үмбетіне ауыр келмеуі үшін сүннетті парыз секілді көрмесін деп, ылғи үйінде жалғыз оқитын. Оның үстіне ол нәпіл намаздарын ұзақ оқитындығы сонша бірде-біреуі оған ілесіп, аяғына дейін шыдаған емес. Кейде қатарынан бірнеше күн бойы ауыз ашпастан ораза тұтатын. Бұған «саум уисал» дейді. Ол осы бір өте ауыр және тек өзі ғана көтере алатын қиын істерге келгенде өзі жалғыз орындайтын. Негізінде Аллаһ оның өткен-кеткен және болашақтағы барлық күнәларын кешірген болатын. Мұның сыры – Аллаһ оның бойындағы күнә жасау қабілетін әуел бастан жоқ еткендігінде жатса керек. Негізінде, миғражға байланысты бір хадисте оған рухани «операция» жасалғаны айтылады[60]. Періштелер сүйікті пайғамбарымыздың көкірегінен бір нәрсені сөгіп алған. Бұл нәпсіге тиіс нәрсе болуы мүмкін.

Иә, мұның айғағы – бұл фәниде Аллаһ елшісі күнә саналатындай қандай да бір сөкет іске барған емес. Ол – өте қарапайым, мурәқәба (өзін қадағалаушы) және мухасәба (өзіне есеп беруші) адам еді. Ол Аллаһқа жақындай түскен сайын, марқайып кетпей, қайта бұрынғысынан да көбірек кешірім тілейді[61]. Яғни, әр күн сайын ардақты пайғамбарымыз кешегі өткенін истиғфармен еске алатын. Мұндай күнәдан пәк жанның жалған дүниенің қым-қуыт тіршілігінде күй кешкен адамдар арасында жүруге сабыр етуі – оның биязылығының шексіздігін көрсетсе керек. Алайда ол осы адамдар арасында қаншама әдепсіздіктерге куә болып, оларға биязылықпен, мейіріммен қараған.

Бухари және Муслим, Әбу Саид әл-Худриден риуаят етуі бойынша Зул-Хуәйсира деген біреу Аллаһ расулына келді.
Аллаһ елшісі сол кезде мал-мүлікті үлестіріп жатқан болатын. Зул-Хуәйсира Пайғамбарымызға өрескел тіл қатып: «Ей, Мұхаммед, әділ бол!» – деп саңқ ете қалады. Біреу бізге осылай деп айтса, кәдімгідей көңілімізге алып, тіпті, қызбалыққа салынып, әділетсіздікке баруымыз да мүмкін. Алайда бұл сөз дүниеге әділдік орнатуға келген соңғы пайғамбарға айтылған болатын.

Дәл осы кезде Омар (р.а.) оның мына ерсі қылығы мен сөздеріне шыдай алмай: «Пайғамбарым, жібер мені, мына екі жүзді мұнафықтың сазайын берейін»,– дейді.
Аллаһ елшісі Омар (р.а.) мен басқа да сабыр-тағатынан айырылған сахабаларды сабырға шақырған соң, әлгі адамға қарап:  «Егер мен әділетті болмасам, басқа кім әділетті бола алады?» – дейді[62].

Басқа бір риуаятта мынадай:
«Егер мен әділетті болмасам, жандым, күл болдым»,– дейді[63].

Өзге бір риуаятта бұл сөз тыңдаушыға арналған:
«Егер мен әділетті болмасам, онда сен жандың, күл болдың», – дейді .

Яғни, мен пайғамбармын. Сен болсаң маған бағынып, маған ілесуің керек.  Егер менің бағытым тура болмаса, (Аллаһ сақтасын) онда сен жандың, күлге айналдың деген сөз. Өйткені ол кезде сен де тура бағытта бола алмайсың...

Аллаһ елшісі әлгі сөз иесінің сазайын бермекші болып ұмсынғандарға да әдеттегіше рұқсатын бермеді. Өйткені ол тұла бойы биязылыққа тұнған адам болатын.

Бірақ болашақта Зул-Хуәйсира секілді адамдардың үлкен бір бүлікті бастайтынын айтып, түрлерін суреттеп кетуді ұмытқан жоқ. Аллаһ елшісі бір қауымның болашақта бүлік шығаратынын, үмбетінің басына зауалды күн туғызатынын Аллаһтың білдіруімен білген еді. Айтқанындай-ақ, хазірет Әлидің заманында Хақ пайғамбардың хабар бергені айдай анық шықты. Нәһриванда хазірет Әлиге қарсы шыққан харижилердің[64]  бір бөлігінің түр әлпеті осы адамға ұқсайтын еді.

Екі әлем Сардары, мінеки, осы адамға да ауыз ашқан жоқ. Егер иек қақса, яки  Омардың (р.а.) ұсынысына бір сәт үнсіз қалғанда осы өрескел адам табан астында ажал құшар еді. Бірақ ол Аллаһтың өзіне үйреткені бойынша жүріп-тұрып, бұл тәрізді надандарға көңіл бөліп жатпайтын.

Өйткені Құран оған: «Надандардан жүзіңді бұр», – деген еді (Ағраф, 7/99). Оларға бөгеліп қалма, яғни олардың істегендеріне көңіл аударма. Надан наданша әрекет етеді. Сен олардай емессің. Олай болса, олардың саған жасаған әрекеттері секілді оларға сен де дәл ондай әрекет жасама. Сен биязылық иесісің. Сыпайы, жұмсақ мінезді жансың. Сен осы биязылығыңмен көңіл сарайларының төрінен тақ орнатуға лайықсың. Аллаһ елшісі биязылығы арқылы ешқандай үміті болмаған адамдардың да көңіл сарайларының төрінен орын алып, тақ орнатқаны баршаға мәлім.

Әнәс ибн Малик айтады:
Хәйбар алынғанда бір әйел қой сойып, етін қуырып, арасына у қосып, Аллаһ елшісін тамаққа шақырады. Дастарқан басында отырған Бишр атты сахаба етті ауызына салар-салмас өліп кетеді. Яғни, бұл әйел осы уланған етпен Аллаһ елшісін өлтіргісі келген еді. Бұл мәселенің мұғжизалық жағы қазіргі тақырыбымызға байланысты емес. Аллаһ елшісі етті алып жей бергенде оның улы екенінен құлақтанып, дереу тамақты дастарқаннан алып тастайды да, әйелді алдына келтіреді. Қылмысын мойындаған әйел Аллаһ елшісін өлтіру үшін осылай жасағанын айтады.

Тіпті риуаяттарда әйелдің: «Егер сен шынымен-ақ Аллаһтың жіберген  пайғамбары болсаң, бұл у саған әсер етпейді. Ал егер пайғамбар болмасаң, адамзатты сенің кесіріңнен құтқаруды қаладым»,– деп жауап бергені айтылады.

Сахабалар дереу бұл әйелдің өлтірілуін талап етеді. Бірақ Аллаһ расулы өз атынан әйелді кешіреді. Бірақ өлген сахаба Бишр (р.а.) үшін еш нәрсе демейді.

Бұл әйелдің өмірінің соңы жайлы екі риуаят бар. Біріншісі, Бишрдің мирасқорлары қысас жасап әйелді өлтіреді дегенге сайса, екіншісі, әйел иман етіп, мұсылмандығы құтылуына себеп болады дегенге келеді[65].

Бұл жерде айтпағымыз: оның биязылығына қатысты нәрсе. Екі дүние Шамшырағы өзін өлтіргісі келген яһуди әйелді кешірді. Хақ пайғамбар биязылықтың көгіндегі таңғажайып үлгі еді. Иә, кәміл мағынада Ибраһимнен (а.с.) басталған биязылық дәуірі Пайғамбарлар Сұлтанымен шыңға шыққан еді.

Әбу Дәууд және Нәсаи Әбу Һурәйрадан риуаят етеді:
Бірде Аллаһ расулы мешітте сахабалармен сұхбат құрып, соңында бөлмесіне кірер кезінде бір бәдауи Аллаһ елшісінің шапанының етегінен тартып:
  «Ей, Мұхаммед! Менің ақымды бер. Екі түйемді де қос. Өйткені сен не өз малыңнан, не әкеңнің малынан берейін деп жатқан жоқсың», – дегенін құлағы шалады.

Мұны естіген сахабалар ашуға мінеді. Әлбетте, Омардың (р.а.) даусы бәрінен басым түсті. Ол: «Жібер мені, басын ұшырайын мынаның», – деді. Бірақ Аллаһ елшісі сахабаларға: «Бұл адамға сұрағанын беріңдер»,– деп әмір етті[66]. Омарды (р.а.) сахабалар сабасына түсіреді.

Ойлап қарасаңыздар, Хақ пайғамбардың естіген жанды адамзаттың шыңына жетелейтін сол бір ғажайып сұхбатынан кейін әлгі адамның мұндай бір қылық көрсетуі оның қандай адам екенін танытуға жеткілікті. Өйткені Аллаһ елшісінің сұхбаттары не әулиенің, не пірдің сұхбатына ұқсамайды. Бірақ әркімнің білетін бір ақиқаты бар; Аллаһ елшісі сұхбаттарында өз болмысының түңлігін ашып, ар-ожданымен, жүрегімен Хақтан келген сәулелерге айна болған айрықша тұлға. Алдында отырғандарды дем арасында көз жетпес биіктерге шығарған.

Өте аз мерзім ішінде оның айналасында топталғандар адам баласы қол жеткізген ең асқар биіктерді бағындырған.
Оның алдында зерде түйіндей алмайтын бір кеңістік (инсибағ) бар еді. Өйткені оған таяған жанның көкіректерінде жамандықтың көлеңкесі қалмай, бейне бір періштеге айналғандай күй кешетін.

Мың мысалдан бір мысқал
Ешбір әулиенің сахабаларға жете алмауының ең маңызды сыры да, міне, осы кеңістікте жатыр. Бұл кеңістікке қатысты ғасырымыздың ең кемеңгер ойшылы:
«Мен өз-өзіме Мұхиддин ибн Араби секілді кісілер сахаба дәрежесіне неліктен жете алмайды деп ойлайтын едім. Бір күні намаз оқып жатқан кезімде Аллаһ маған сахабаның сәждесі секілді «сәжде» нәсіп етті. Сол кезде ғана сахабалардың дәрежесіне жету мүмкін еместігін аңғардым», – дейді.

Сірә, осы заңғар ойшыл үшін әлемдердің терезесі ашылып, сол сәттегі сәждесі сахабаның сәждесі секілді екенін сезген шығар. Бірақ бұл жерде маңызды болған сөз түйіні төмендегіше. Бұл адам осындай бір рәкәт намазға барлық ғибадаттарын беруге әзір екенін айтады. Алайда осы кісінің тәрбиелеген шәкірттерінің намаз оқығандарын көрген кезімде өз оқыған намазымнан ұялған болатынмын. Міне, сахаба деген Пайғамбарымыздың сұхбатындағы осындай бір биік шыңның аты. Біздің бір рәкәт намазына да жете алмаған намазды олар үнемі сол тереңдікте оқып жүрген.

Себебі, олар дәрістерін тікелей Аллаһ елшісінен алатын. Әрі ол дәуірде діннің барлық принциптері әлі толық қалыптасып үлгермеген болатын яғни, олардың құлағына алғашқы азан дауысы келсе, сол азан көпке дейін оларды толқытып, айрықша әсерге бөлейтін еді. Басқа бір күні де айрықша иләһи дастарқанмен діннің жаңа бір үкімі алғашқы көктемнің мәуелі жемісіндей алдарына қойылып, осы үкім оларға жаңа қарқын беріп, бойында жойқын қарғын жүре бастайтын еді.

Осылардың бәріне қарамастан осы ерекше кеңістікте жібімейтін жүректер де бар болатын. Тас жүректі бұл адамдар Аллаһ расулына өрескелдік жасайтын-ды. Бірақ сол бір нәзік жан мұндай әрекеттерге кеңпейілділікпен, кешіріммен қарайтын. Оның биязылық мұхитында ерімейтін мұз қалмайтын еді.

Иә, ол бүгінді, ертеңді, болашақты есептеп соған қарай қам жасайын. Егер ол қатқыл мінез көрсетсе, Құранның сөзімен айтсақ, айналасындағылардың бәрі де тарап кететін еді. Демек, олардың кетпеуі бір жағынан алғанда, Аллаһ елшісінің ерекше биязылығынан болатын. Ол адамдарды қырып жою немесе қоғамды тарату үшін емес, керісінше, барлық адамзатты дүние мен ақырет бақытына жеткізу үшін келген болатын. Адамзат мәңгілік өмірге оның көрсеткен жолы арқылы ғана бара алатын. Оның келешегінде мәңгілік бар еді. Оның әрекеттері белгілі бір уақытқа, ортаға тән емес. Яғни оның әрекеттері уақыт пен кеңістік ұғымынан тыс.

…Халид ибн Уәлид Ухудта мұсылмандарға үлкен зияны тиген адам еді.  Алайда ол Аллаһ елшісінің алдына келіп, мұсылман болған сәтте Пайғамбарымыздан бөлекше бір жылылық көрген болатын. Оған осы бір жылылықтың әсер еткені сонша – ол өзін Аллаһ елшісінің бір бөлігі санаған еді. Тіпті оны мұсылман болғаннан кейінгі ең алғашқы соғысқа шақырмағаны ауыр тиіп, таңға дейін көз жасын көл қылып жылаған болатын. Бұл да оның Аллаһ елшісімен бір сәтте-ақ біртұтас болып, бірігіп ажырамастай болғанының айқын дәлелі.

Сахабалардан Амр ибн Ас және Икрима екеуі де бұрын Аллаһ елшісіне көп жамандық жасаған жандар болатын. Хақ пайғамбардың биязылығы оларды да әп-сәтте ерітіп жіберген еді. Кейіннен олар Исламның батырларына айналды. Егер Пайғамбарымыз олардың болашақта осы дәрежеге жететініне көңіл аудармағанда бұларды ешқашан сахабалар қатарынан көрмес едік.

Ибн Хишамды жұрттың бәрі таниды. Әбу Жәһилдің бауыры Икриманың қайын атасы болған осы сахаба Пайғамбарымыздың көз жұмуына аз қалғанда мұсылман болған. Мұсылман болғанға дейін, күпірдің алдыңғы қатарынан орын алған Ибн Хишам Исламға кіргеннен соң, әрқашан алдыңғы саптарда көрінді. Ең соңында Иермукта бейне бір туралған ет секілді кескіленіп, шейіт болып Раббысына қайтқан. Соңғы сәттерінде оған Хузейфету’л-Адәуи су беру үшін торсықты аузына апара бергені сол еді жақын бір жерден су сұраған дауыс естіледі. Ибн Хишам дереу торсықты кері итеріп, әлгі су сұраған адамға апаруын ишарат етеді. Екінші адам суды енді ішкелі жатқан сәтте басқа жерден «су» деп ыңырсыған дауысты естиді. Сол кезде екінші адам да суды үшіншіге апаруын ишарат етеді. Суды сол айтылған адамға апарамын дегенше ол өліп кетеді. Кері қайтып келгенше, үшеуі де бір жұтым су іше алмай, бұл дүниеден өткен еді[67].

Өзгелер үшін өмір сүру, бұл – Аллаһ елшісінің ең таңдаулы мінезі. Сахабалар да Хақ пайғамбардың сұхбат атмосферасы арқылы осы дәрежеге жеткен. Иә, ол өзгелердің бақыты үшін   өмір сүріп, ғажайып ерлік жасайтын. Одан үлгі алған сахабалар да осындай еді. Жоғарыда келтірген мысалдарымыз, осы мінездің мыңнан бірі ғана.

Зәйд ибн Санан айтады:
«Аллаһ елшісі менен қарыз алған болатын. Мен ол кезде әлі мұсылман бола қойған жоқ едім. Келіскен күннен бұрын келіп, қарызымды сұрадым. Тіпті Оған: «Абдулмутталибтің ұрпағы болған сендер қарыздарыңды беруге ерінесіңдер»,–дедім. Менің осы сөзіме Омар қатты ашуланып: «Ей, Аллаһ дұшпаны, егер яһудилермен арамыздағы келіссөз   болмағанда, сенің басыңды ұшырар едім! Аллаһ елшісімен дұрыстап сөйлес»,– деді. Аллаһ елшісі маған қарады да, жымиды. Содан кейін Омарға бұрылып: «Омар, мына адамға қарызын бер және қорқытқаның үшін де оған жиырма са’[68] қос», – деді» .

Оқиғаның қалғанын хазірет Омар баяндайды:
Аллаһ расулының әмірі бойынша тұрып, Зәйд ибн Сананға қарызын беру үшін онымен бірге жолға шықтым.

Ол жолда маған күтпеген жерден:
«Ей, Омар! Менің қылығыма ашуланғаныңды білемін. Бірақ мен Тәуратта соңғы пайғамбар жайлы айтылған нәрсенің бәрін одан көрдім. Тек Тәуратта ғана: «Оның биязылығы білімсіздігінен әлдеқайда басым. Надандардың өрескелдіктері оның тек биязылығы мен сыпайылығын арттырады» – деген аят бар. Мен, апыр-ай, оның биязылығы Тәуратта айтылғандай ма екен деп, білу үшін әдейі айтқан едім. Енді мен оның Тәуратта келетіні сүйіншіленіп, хабар берілген адамның дәл өзі екенініне толық сендім. Қазірден бастап мен оның ақырғы пайғамбар екеніне куәлік етемін»[69], – деп мұсылман болғандығын жария етті.

Аллаһ елшісі яһуди ғалымы Зәйд ибн Сананың көңілін де осы биязылығымен жұмсартып, оның хақ дін Исламға кіруіне себепші болған еді.

Иә, Аллаһ елшісі басқа жан көтере алмайтындай салмақты болуымен қатар, жұмсақ әрі өте биязы да еді. Бірақ оның биязылығы да тепе-теңдіктен ауытқыған жоқ және тура бағытта болды. Өзіне жасалған әр түрлі әдепсіздіктерге сыпайылықпен қараған Аллаһ елшісі басқа жанға көрсетілген қиянатқа келгенде арыстандай қаһарын шашып, ақиқат өз орнын тапқанға дейін ашуы басылмайтын. Әсіресе, діни әмірлерге немқұрайды қарағандарға қатты ашуланатын. Бұл да оның тепе-теңдіктен ауытқымауының айқын белгісі. Бір-біріне қарама-қарсы көрінген осы екі қасиетті оған Аллаһ тағала берген. Біз сөз еткен осы мәселеге нақты бір-екі мысал келтіре кетейік.

Бухари және Муслим, Әбу Мәс’уд әл-Бәдриден:
«Бір күні Аллаһ елшісіне бір сахаба келеді. Бұл сахаба мешітке келе алмай, алыста тұрғандарға имам болу үшін жіберген Аллаһ елшісінің адамы жайлы шағым айтады. Өйткені бұл адам таң намазын сарылтып өте ұзақ оқитын. Шағым айтуға келген сахаба Аллаһ елшісіне: «Пайғамбарым! Пәленшеге бола мешітке барғым келмейді. Өйткені ол намазды өте ұзақ оқиды», – деп, мәселенің тоқетерін бір-ақ айтып салады.

Оның осы сөзінен кейін Аллаһ расулы қабағын шытып, ашуланған бойда мінбеге шығып, сол жердегілерге: «Уа, халайық! Сендер адамдарды жиіркендіріп, (мешіттен) бездіресіңдер. Араларыңнан кім имам болса, намазын қысқа оқысын. Өйткені араларыңда ауру жандар мен кәрілер бар..»[70] – дейді.

Жеке басы да осыған бағынатын. Кейде намазды ұзақ оқыса, кейде жамағаттың жағдайына байланысты өте қысқа қайыратын.
Аллаһ елшісі Муаз ибн Жәбалды айрықша жақсы көретін. Бірақ оның құптан намазын өте ұзақ оқығаны жайлы шағым айтылғанда да ашуланып, сүйікті сахабасына: «Сен бүлікшімісің, сен бүлікшімісің?» – деп ұрысты»[71].

Усама ибн Зәйд қолбасшы болған бір соғыста «Сабату»[72] деп, мұсылман болғанын айтқысы келген адамды қорыққанынан осылай айтты деп, өлтірген болатын. Басқа бір риуаят бойынша бұл адамның тілін кәлимаға келтіргені айтылады. Бірақ алғашқы сөзді айтқан болса, онда ол мұсылман бола алмаған. Яки тілін иманға келтірсе, мұны қорыққанынан айтқан еді. Усама (р.а.) осылайша ойлады, бірақ қайтарда бұл оқиға Аллаһ расулына жеткен кезде екі әлем Сардары, Усаманы шұғыл шақыртып алып, істің мән-жайын сұрады. Усама да еш нәрсені жасырмай, болған жайды баяндап береді.

Сол кезде Аллаһ расулы: «Жүрегін жарып қарадың ба?!» – деп, әрі ашуланады, әрі қынжыласын білдіреді. Тіпті осы сөзді көп қайталағаны сонша, Усама (р.а.): «Әттең-ай, мына сөздерді естігенімше бүгінгі күнге дейін мұсылман болмағаным артық еді»[73] – деп, ол да қиналды. Алайда Усама Аллаһ расулының құшағында өсіп, хазірет Хасан мен Хусейндей (р.а.) жақсы көрген адамы болатын.

Бір күні Әбу Зәрр Біләлға (р.а.): «Ей, қара әйелдің баласы», – деп көңіліне қаяу салады. Білал жылап барып, Аллаһ расулына шағым айтқанда ол Әбу Зәррге ашуланып: «Сенде әлі де қараңғылықтың белгісі бар», – деп қатаң ескерту жасаған еді[74].

Әбу Бәкір (р.а.) мен Омар (р.а.) арасында орын алған елеусіз тартыста Әбу Бәкірді ренжіткен Омар пайғамбарымыздан сөгіс алып, сөз естіген еді. Алайда екі әлем Сардары Омарды да жанындай жақсы көретін[75].

Осы және осыған ұқсас мысалдардан Аллаһ елшісінің биязылығы да басқа сипаттары секілді тепе-теңдікте болғанын аңғарамыз.
Иә, өзге мәселелердей ол осы мәселеде де тура жолдан ауытқыған жоқ. Өзіне жасалған әдепсіздіктерге биязылығынан жазбай кеңпейілді бола білген екі әлем Шырағы басқа жанға көрсетілген зәредей қиянатқа кінәлі кім болса да, сөзсіз, оның әділ жазасын беретін.

Жомарттық һәм кішіпейілділік
Тақырыпты бастамай тұрып, алдымен, мынадай ескерту жасағым келіп отыр. «Аллаһ елшісінің ғажайып фәтәнаты» жайлы айтып өткен болатынбыз. Осы тұста тағы қайталап айтамын: Фәтәнат бұл – ең кәміл ақылдың өзін шаң қаптыратын иләһи уахиды басшылыққа алған  пайғамбар қисыны деген сөз.

Барлық қисындар межесіне жете алмаған көштей жарты жолда бөгеліп қалуы мүмкін. Ғылым да белгілі бір асудан аса алмай, тосылып қалып жатады. Бірақ аталмыш пайғамбар қисыны мен фәтәнаты көгершін құстай қанат қағып, асуы мүмкін еместей көрінген асқақ шыңдарға шығады. Бұл – оның пайғамбарлығының ерекше бір дәлелі.

Негізінде, айтылған мәселелердің бәрінде оның пайғамбарлығын ұғынуға тырысудамыз. Сабырын көріп тұрып, оның Аллаһ елшісі екенін растамау мүмкін емес. Осынау сабырға бейне бір «Мұхаммед – Аллаһтың елшісі» ақиқаты алтын қаріппен жазылғандай. Ынсаппен ойлап қараған жандардың барлығы осы жазуды оқуда. Аллаһ елшісі ғана қауіп-қатерге басын тігіп, қарсы тұрып, бәлелерге терең сабыр ете алады.

Оның рақымдылығына қол созған кезімізде алдымызға күн секілді дәл сол ақиқаттың нұрлы бейнесі шығады. Өйткені Аллаһ елшісі шексіз мейірімге ие. Мейірім-шапағаты ел аралап, нөсерлеткен бұлттардың рақымынан әлдеқайда басым. Ол жай адам емес, әлемдерге жіберілген рақым еді.

Оның рақымы адамзатпен ғана шектеулі емес. Барлық әлем осы мейірімділіктен шөлін қандырған. Әлі де пайдалану үстінде. Бұл қияметке дейін жалғаса береді.

Иә, біз де ар-ожданында бейне бір балапандарын жоғалтқан көгершін іспетті қамығып, осы бір шексіз мейірім иесіне қайта-қайта бұрыла қарап, сіздерге оның жүзінен пайғамбарлығын көрсетуге тырыстық.

Оның биязылығын айтып көрдік және оны рақымдылықтың бір ерекшелігі ретінде еске салып өткен болатынбыз. Бірақ бұлардың бәрі де оның фәтәнатының өзгеше бір қыры болатын. Фәтанат осылай жеке-жеке ерекшеліктерімен айтылса ғана ұғынықты бола түседі.

Жомарттық жолдары
Аллаһ расулының жомарттығы бір жағынан рақымдылығының, екінші жағынан фәтәнатының өзгеше бір қыры еді.
Жомарттық – қайырымдылық жасау, сыйлау, сый-сияпат көрсету.

Арабтарда жомарттық – аса жоғары бағаланған сипат. Тіпті қараңғылық кезеңдегі поэзияға көз салсақ, ол дәуірдің өзінде жомарттықты айрықша жырлағанын байқаймыз. Әсіресе қолы ашық адамдарды аспандата мақтауды әдетке айналдырған болатын: Біз қонақтарымызға пәлен қой, пәлен сиыр сойып, ақ түйе жығып ардақтап күттік. Иә, қонаққа көрсетілген жомарттық олардың мақтануына арқау болды. Сондықтан да тайпа, рулар бір-бірімен жарысқа түсетін. Әлбетте, олар осы жақсылықтарды бас пайдалары үшін жасайтын еді. Міне, жомарттық осылайша жарысқа түскен заманда нағыз жомарт кісі пайда болды. Оның жомарттығын көргендердің барлығы тынысын ішіне тартып, тілін жұтты. Ол тек Аллаһ үшін жасап, біреуге үйіп-төгіп бірдеңе берсе де онысын мақтан тұтпайтын немесе міндетсінген емес. Тіпті оның жомарттығын шабытпен жырлаған шайырлар да өздерінің осы өлеңдері арғымақтың қасындағы есектей қораш екенін сезіп, олар сөздерін «Әкрәму’л-әкрәмин» (Жомарттардың Жомарты) болған Аллаһқа тапсыратын.

Ол кіршіксіз таза да пәк, мөп-мөлдір айна болатын. Сондықтан да Аллаһтың «Кәрим» (Жомарт) есімі оған шағылысып көрінетін. Ол барлық мәселедегі секілді бұл мәселеде де Аллаһтың ең биіктегі халифасы еді және жер бетінде одан асқан мырза одан өткен мәрт жоқ болатын.

Ал жомарттық – жәннатқа төте апаратын жолдардың бірі. Құранның «Шух» деген сөзі, яғни сараңдық – адамды жәһәннамға апаратын жол. Екі әлем Сардарын алыстан көзі шалып қарағандар да, оны сипаттарынан бірден танып, мынау сол адамның өзі ғой дейтін.

Ол жоғарыда айтып өткен сипаттарымен баурай алмаған көңілдерді осы жомарттығымен баурап алған. Бейне бір мейірімі бұлт секілді буланып, көкке көтеріліп барып, жомарттық жаңбыры болып жауған. Осынау дарқан жомарттығы жер бетінде көл болып көлкілдеп, күллі әлемнің қат-тоңын жібітіп, мұз-мұңын ерітіп, барлық жердің жасыл желек жамылып, көкорай бәйшешектердің құлпыруына арқау болды. Яғни, биязылығымен бірге көңіл сарайларын қамалдай қорғап, өзіне баурап алған соң жомарттығымен осы көңіл сарайларының төріне тақ орнатқан. Осы екеуін бірге алып қарамасаң, оның маңыздылығын түсіне қою да оңайға түспес.

Ол қаласа, әлемнің ең бай адамы болатын еді. Негізінде, пайғамбарлығын жария еткен алғашқы күндерінде Құрайыш тайпасы дағуасынан бас тартқызу үшін оған осындай бір ұсыныс жасаған жоқ па еді?![76] Кейіннен барлық мұсылмандардың Аллаһ жолында беретін нәрселері үнемі оның қолына келетін. Патшалардан келген сыйлықтардың да есебі жоқ еді. Бірақ ол бұларды иеленген емес, иеленгісі де келмейтін.

Ол өзін үнемі жақында басқа жаққа көшкелі жүрген жолаушыдай сезініп жүрді. Ол үшін бұл дүние жолаушы тынығып алу үшін тоқтаған саясы бар ағашпен тең еді.

Ол осы ұзақ жолда адам үшін маңызды мәңгілік мәселелермен айналысты. Әрі адамдарға адамдық қасиетке апаратын жолдарды үйретуі қажет еді. Қалағанынша осы ағаштың астында қалып, содан кейін жолын ары жалғастыратын[77]. Оның діттеген мақсаты Аллаһқа жету  және адамзатты да дәл осы мақсатқа жеткізу еді. Міне, осы үшін толғанып, бір орнында тұра алмайтын. Хал-күйі осындай болған адамға өте шығатын фәни дүниеде мал-мүліктің не маңызы бар дейсің?

Ол өзінің жеке өмірі үшін жарлылықты таңдаған еді. Бұл барша үмбеттің жұпыны өмір сүруі тиіс деген сөз емес. Бірақ ол ешбір жанның тән құмарлығының құрсауында қалуын жөн көрмейтін. Негізінде, осынау дара тұлғаның арқасында мұсылмандар аз уақыт ішінде әлемдегі ең дәулетті ел болып шыға келді. Өз араларында садақа мен зекет беретін адам таба алмайтын қоғам құрды. Иә, жеке адам басына шаққанда түсетін табыс өте жоғары болды. Бірақ олардың арасында тақуалықпен өмір кешкен адамдар да бар еді. Олар бір күндік азығы болса, соны қанағат етіп, артығына ұмтылмайтын.

Бұл өзгелердің бақыты үшін өмір сүру құштарлығы және рухтың асқақтығын білдіреді. Яғни, өзгелердің бақытын ойлау махабаты. Өмір сүру ләззатын тәрк ету идеясы. Мұны терең сезіне алмаған жандардың бұл идеяны жетік ұғынуы да мүмкін емес.

Бірде ауызашар дастарқанында Әбу Бәкірге (р.а.) суық су берілді.  Ол судан бір-екі жұтым ішкеннен соң кенет кемсең қағып иығы солқылдап жылай бастады. Жанында отырғандар мұның мәнісін сұрағанда, Әбу Бәкір:
«Бір күні Аллаһ елшісі өзіне берілген бір кесе суды ішті де, артынан көзінен жас сорғалады: «Сол күні ырыс-берекелерден сұраласыңдар» аятын оқып, міне, осы ырыс-берекеден  есепке тартыламыз, – деген еді. Осы сөзі есіме түсіп кетті», – деп, жылауының мәнісін түсіндіреді[78].

Алайда Әбу Бәкір (р.а.) өте қарапайым жан болды және өте жұпыны тірлік кешті. Соған қарай беретін есебі де жеңіл. Халифа болған кезінде ұзақ уақыт бойы басқа жұрттың қойларын сауып, отбасының нәпақасын тауып отыратын. Біраз уақыттан кейін оған айлық беріле бастады, ол осы айлығының өзін көп көрді. Ол Мәдинаның ең кедей адамының күн көрісін өзіне өлшем етіп алды. Сондықтан да артылған ақшаны бір құмыраға салып жинай берді, жинай берді. Екі жарым жылдық халифалық кезінде жалақысын осылай үзбей жинап отырды. Қайтыс болар алдында «өзімнен кейін келетін халифаға беріңдер» деп, осы құмыраны табыстап кетті. Омар (р.а.) халифа болып, осы құмыраны сындырғанда, ішінен ұсақ-ұсақ теңгелер және хат шықты.

Бұл хатта жаңа халифаға былай депті:
«Мына ақшалар маған берілген айлықтан артылып қалғандар. Мен Мәдинаның ең кедейін өзіме өлшем етіп, артылған ақшаларды осы құмыраға салып отырдым. Сондықтан да бұлар қазынаға тиесілі. Сол жерге қойыңдар»

Омар (р.а.) хатты оқып бітер-бітпес көз жасына ерік берді: «Өзіңнен кейінгіге зіл батпан, нар көтере алмас жүк тастадың, Әбу Бәкір»,– деген болатын[79].

Әбу Бәкір (р.а.) тақуалықпен өмір сүруді ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафадан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйренген болатын. Өйткені Аллаһ елшісі тірлікте осылайша өмір сүрудің мүмкін екенін өз ғұмыры арқылы сахабаларына да үйретіп кеткен.

Мұсылмандардың қолына тиетін олжаның бестен бірі (кейбір ғұламалардың пікірінше жиырма бесте бірі) пайғамбарымызға тиесілі болатын және мұны өз қалауынша жұмсауына болатын. Бәрінен бұрын бұл үкім Аллаһтың әмірі еді. Алайда Омар (р.а.) бір күні пайғамбарымыздың халін көріп, тамағына өксік кептеледі. Хақ пайғамбар неге жылағанын сұрағанда, Омар:
– Пайғамбарым! Әлемнің би-патшалары қазына мен байлыққа кенеліп шалқып жүргенде, сенің төсенер көрпешең де жоқ. Бар болғаны ши ғана. Ол да тәніңе батып іздері қалып қойыпты. Алайда әлем сен үшін жаратылған емес пе еді?!– дейді.
Аллаһ елшісі сонда: «Омар, мына дүние олардың, ал ақырет біздікі болуын қаламайтын ба едің!?– деп керемет жауап айтады[80].
Аллаһ елшісі бұл сөзін бекер айтқан жоқ немесе тұр-мысы нашар бір жарлының шарасыздықтан айтқан сөздеріне де жатқызуға болмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ол қаласа әлемнің ең бай адамы бола алар еді. Қараңыздар, ой сала кету үшін мынаны келтіре кетейік. Хунейннен оның үлесіне түскеннің бестен бірінің мөлшері төмендегіше:
40.000 қой, 24.000 түйе, 6.000 тұтқын, 4.000 оққа күміс (Бір оққа – 1.248 келі)[81].

Басқа соғыстарда қолға түскен олжа мен ел билеушілер тарту еткен сыйлықтарды есепке алсақ, пайғамбарымыздың шалқып өмір сүруіне болатын еді. Бірақ ол сілкіп салар сырмағы жоқ жарлы адамша өмір сүрді. Қолына түскеннің бәрін сол сәтте халыққа тарататын. Өйткені ол адам бейнесіндегі жомарттықтың өзі еді. Мұншалықты асқан жомарттық тек Аллаһ елшісінің бойынан табылар болса керек...

Аллаһ елшісі іші қандай болса сырты да сондай болатын. Оның сыртқы көрінісі қандай тақуа және көрген жанды қайран қалдыратындай ажарлы болса, ішкі жан сарайы да дәл сондай тақуа болып, дәл солай адамдардың есін алатын.

Әнәс (р.а.):
«Аллаһ елшісі, адамдардың ең сұлуы еді»,[82] – дейді.

Иә, әрі мінсіз мінезімен, әрі ойлы кескінімен ол  адамдардың ең көркемі болатын.

Жабир ибн Самурәның (р.а.) осыған байланысты:
«Бір күні мешітте отырған болатынбыз. Айдың дәл он төртінші жұлдызы болатын. Төбемізде Ай нұрын төгіп тұр еді. Сол кезде мешітке Аллаһ елшісі кіріп келді. Мен айға бір, Аллаһ елшісіне бір қарадым. Аллаһ атымен ант етейін, Аллаһ елшісінің жүзі айдан да нұрлы еді» дегені бар[83].

Айша анамыз (р.а.) да оған деген құштар сезімін:
«Мысыр әйелдері Жүсіпті көрген сәтте махаббат азабына шыдай алмай  қолдарын кесті. Егер олар менің пайғамбарымды көрсе ғой, онда қолдарындағы пышақтарын жүректеріне сұғатын еді»,– деп білдірген болатын.

Нәдим: «Ыстамбулдың бір кесегіне бөгде елдің бүкіл мүлкі құрбан», – деген еді. Егер екі әлем Сардарын терең танығанда ғой, онда ол сөзсіз былай дейтін еді: Аллаһ елшісінің бір тал шашына барлық әлем құрбан...

Ол адамдардың ең көркемі еді. Әнәс сөзін әрі қарай жалғастырады: «Ол адамдардың ең жомарты еді». Көрік жағынан адамдардың ең көркем сұлуы болған Аллаһ елшісі көңілі мен еркі жағынан да адамдардың алды, ең жомарты болды[84].

Ибн Аббастың айтуынша, әсіресе, Рамазан айында ол жолыққанның бәрін баурап алар жанға жайлы самалдай желдей жомарт болатын[85]. Яғни, қолында қалған ең соңғы бұйымына дейін таратып жіберетін. Бұл – көңіл мен ерікке байланысты мәселе. Ол өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүретін. Үнемі басқалардың бақытын ойлаумен күн кешіп, өзін ойлауға мұршасы болмай өмірден өтті. Негізінде, оны  адамдардың бақытындай қуандыратын басқа бір ләззат та жоқ еді. Ол өз отбасын, өз жақындарын ең соңынан ойлайтын. Олжаны бөліскен кезде, алдымен Бәдір мен Ухудта шейіт болғандардың отбасына көңіл аударды. Үнемі өз отбасына: «Мен оларға бермей жатып, сендерге еш нәрсе таттыра алмаймын», – дейтін[86].

Хақ пайғамбар адамдардың ең батылы, жау жүректісі болатын. Себебі, өмірінде Аллаһтан басқа ешқандай нәрседен қорқып тартынған жан емес-тін. Керісінше, адамдар жаудан қаймыққанда ол арыстан секілді айбаттанып, жалғыз өзі аттан салатын[87]. Алда осы мәселеге қайта ораламыз.

Иә, оның биязылығы және басқа да асыл қасиеттерінің шуағымен ашылмаған қаншама көңіл сарайлары оның осы жомарттығы арқылы еш қиындықсыз ашыла кететін.

Міне, Сафуан ибн Умеийә де (р.а.) осылардың бірі.

Әнәс (р.а.) айтады:
«Аллаһ елшісі Хунейнге кеткелі жатқанда осы адамнан қарызға қару алған еді. Хунейнде қолға түскен олжаға Сафуан қызыға, тесіле қарап тұрған болатын. Оның осы сезімін Аллаһ елшісі байқап қалды. «Ұнатқан түйелерің сенікі болсын», – деді. Оған қосып, тағы көп нәрсе бергізді. Сафуан оның осы жомарттығына қатты қайран қалды. Бұған дейін Аллаһ елшісін атарға оғы жоқ болған осы адам аяқ астынан күрт өзгеріп шыға келді.

Иә, Аллаһ расулының осы жомарттығы оны өшпенділіктен сақтады, екі әлем Сардары ол үшін адамдардың ең сүйіктісіне айналды. Сафуанды өзіне тарту, әлбетте, мыңдаған түйе, сиырдан да қымбат еді. Аллаһ елшісі осылайша маңызды қадамға барды. Айтқандай-ақ, Сафуанға көрсетілген осы сый-сияпат нәтижесіз қалмады. Сафуан дереу қауымына барып: «Уа, халқым, жаппай Исламға кіріңдер! Өйткені хазірет Мұхаммед өте жомарт. Мұны тек  кедейліктен қорықпайтын және Аллаһқа толық сенген адам ғана бере алады!» – деп жар салды[88].

Ол өзінен бір нәрсе сұраған жанға қолында бар болса беретін, жоқ болса уәде ететін. Қонақжайлылықта алдына жан салмайтын. Кейде үстіне киген жалғыз көйлегін де сұрағандарға шешіп бере салатын.

Бір бәдауи келіп, одан бір нәрсе сұрады. Аллаһ елшісі оған сұрағанын береді. Әлгі адам тағы сұрайды, ол да оның бетін қайтармады. Үшінші рет беретін нәрсесі болмағаны үшін Аллаһ елшісі сұрағанын тауып беруге уәде етті. Яғни, мал-мүлік қолына түскен кезде, алдымен оған беретін болды.

Бұл жағдайға Омар (р.а.) күйініп, Аллаһ расулына былай деді. «Сұраған нәрсесін бердің. Қайтадан сұрады оны да бердің. Тағы да сұрап еді, бере алмай уәде еттің. Өзіңді мұншама қинама, Аллаһтың елшісі!» – деді.

Бірақ бұл сөздер Аллаһ елшісінің көңілін көншітпеді. Қабағының қатуланғанын байқап қалған Абдуллаһ ибн Хузафету’с-Сәһми орнынан түрегеліп: «Бер, Аллаһтың елшісі, Аллаһ сені жарлы етеді екен деп қамықпа, ырысың кемиді деп те ойлама!», – деген болатын.

Екі әлем Сардары аздап үнсіз қалды да, былай деді: «Міне, маған дәл осылай болу әмір етілді», – деді[89].

Фараздақ қандай тамаша айтқан:
«Ол кәлимә шәһадаттан басқа ешқашан «жоқ» демеді.

Егер шәһадат болмағанда, оның «жоқ» сөзі де «иә» болатын еді».

Ол, «иә» деген сөзбен тұтасып кеткен-ді. Шариғат шеңберінде одан не сұраса, дереу жауап беріп, сұрағанын беретін.
Иә, пайғамбарлар Сұлтанының кеңпейілділігіне келсек, оған тең келер жоқ еді. Дара болатын. Мұндай жомарттық тек пайғамбардың ғана қолынан келеді.

Оның үстіне, жомарттық Аллаһқа жақындататын мінездің бірі болса, Аллаһ елшісі қалайша жомарт болмасын? Алайда ол Аллаһқа жақындау тұрғысынан Жәбірейілдің өзін артқа тастаған болатын.

Бұл туралы өзі былай дейді:
«Жомарттық Аллаһқа, жәннатқа және адамдарға жақындататын, жәһәннамнан алыстататын қасиет. Сараңдық Аллаһтан, жәннаттан және адамдардан алыс-тататын жәһәннамға жақындатын әдет»[90].

Кітаптарда Туба ағашы[91] тамыры жоғарыда, бұтақтары төменде болатын ағаш секілді бейнеленген. Шындығында Туба ағашы сондай ма, бұл жағын білмеймін. Аллаһ елшісін жәннаттан біздің төбемізге төгіліп тұрған «Жомарттық» ағашы десек те болады. Мұндай екеніне зәредей күдігім жоқ. Сол ағашты паналап, бұтақтарынан ұстағандар көгершіндей қалықтап жәннатқа қарай бағыт түзейді.

Осыған байланысты Аллаһ елшісі:
«Ей, адамдар! Аллаһ сендер үшін дін ретінде Исламды таңдады. Олай болса, Исламдағы бауырларыңмен жомарттық және көркем мінез арқылы біртұтас болыңдар», – дейді.

Ислам – көркем мінез бен жомарттық. Кемелдікке лайық басқадай болмысыңыз жоқ болса, көркем мінезіңізбен-ақ заңғар шыңдарды бағындыруға болады.

Жомарттық – көркем мінездің ажырамас бөлігі. «Жомарттық арқылы Исламға жақындаңдар! Жомарттық – тамыры жәннатта, бұтақтары дүниедегі ағаш тәрізді. Кімде-кім бұл ағаштың саясында өмір сүріп, жомарттық жасаса, ертелі-кеш сол бір ағаштың бұтағынан ұстап жәннатқа жол тартады»[92].

Сараңдық – теңсіздікке, орынсыз мырзалық ысырапшылдыққа алып келеді. Пайғамбарымыз жомарттықты Ислам дінін жаю үшін қолданды.

Хадиша анамыз (р.а.) – Ислам дінін қабылдаған алғашқы әйел. Негізінде, «Хадиша» сөзінің төркіні «ерте келген» деген мағынаны білдіреді. Ол Пайғамбарымыздан он бес жыл бұрын дүниеге келіп, Исламды да бәрінен бұрын қабылдаған жан. Меккенің ең бай адамдарының бірі болған бұл әйел бар дәулетін Аллаһ пен оның елшісі үшін хақ дінді жаю жолына жұмсады. Тіпті дүние салар кезінде кебін сатып алатындай да ақшасы қалмады. Сірә, оны кебіндеу үшін Аллаһ елшісі қарыз алған болуы да бек мүмкін[93].

Бұл да ерекше бір тура жолдың үлгісі еді. Өзінің ұлық парасатының арқасында Аллаһ елшісінің әрбір жомарттық әрекеті текке кетпей, Исламға үлкен олжа болып қайта оралған еді.

Кішіпейілділік келбеті
Оның қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі де фәтәнатының өзгеше бір қыры. Оның бойындағы бұл қасиеттер де жұлдыздай жарқырап, басқаларға үлгі болды. Оның даңқы артып, барлық жанның сүйіспеншілігіне бөленген сайын қарапайымдылығы да тереңдей түсті. Кішіпейілділік пен қарапайымдылығы бейне бір онымен бірге туғандай еді. Өмірінің соңына дейін жетіліп жалғаса берді. Пайғамбарымыз «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Аллаһ оның мәртебесін өсіреді»[94], – деген еді және дегендерін де табандылықпен іске асырды.

Ол әрқашан өзін адамдардың арасындағы жай бір қарапайым пенде санап, ешқашан өзін олардан бөлектеп көрмеген. Пайғамбарымыздың Әлиге (р.а.) «Ел ішінде көпшіліктің бірі бол!» деген ұлағатты сөзі бар. Осы сөздерді ол өмірлік ұстанымына айналдырды.

Иә, адам мансаптан, атақ пен даңқтан мастанып тура жолдан ауытқымауы тиіс. Әрі өзіне сын көзбен қарап, жүріс-тұрысын қадалағаны жөн. Адам елбасы да, қыр қарауылы да болуы мүмкін. Маңыздысы – адам болып қалу. Ендеше, адам өзіне берілген міндетінің маңызын басқа бір болмысқа айналдырып өзін өзгелерден бөлектемегені абзал.

Егер демократия деп аталған жүйе кейбіреулер ойлағандай жер бетіндегі ең жетілген бір жүйе десек, Ислам бұл заңғарға сан ғасыр бұрын ие болған. Алайда Исламды демократиялық жүйенің нақ өзі деп те айтуға болмайды.

Міне мұндай жүйенің кемел үлгісін мына мысалдан байқаймыз.

Әли (р.а.) бір зыммимен[95] соттасу үшін сотқа келеді. Қазы Шурейх оған орын ұсынады. Әли (р.а.) оның бұл әрекетіне қабағын шытады. Өйткені қарсыласы түрегеп тұрғанда, әдепсіздік көрсетіп, отырғысы келмейді. Ал сол кезде Әли (р.а.) алып мемлекеттің халифасы, яғни, елбасы болатын[96].

Аллаһ елшісі тумысынан қарапайым жан еді. Көбінесе оның мешітіне келгендер қайсысы пайғамбар екенін ажырата алмай, тек сахабалардың қимылдарынан яки ол сөйлей бастағанда ғана барып, Аллаһ расулы екенін айыра алатын. Хижрәт заманында Хақ пайғамбарды көрмеген мәдиналықтардың көбісі сол күні Әбу Бәкірдің (р.а.) қолын сүюге ұмтылған еді. Бірақ ол қолына желпуіш алып Пайғамбарымызға қарай желпи бастағанда ғана барып, Аллаһ расулының кім екенін аңғарған-ды. Міне, осылай болған. Өйткені Аллаһ расулы өзін Әбу Бәкірден (р.а.) ерекшелеп көрсететін әрекетке бармайтын[97].

…Меккені алып, қалаға кірген кезінде де, қандай кішіпейілділік көрсеткені жұртқа дастан. Сәл еңкейсе ерге басы тиетіндей басын иген даңқты Пайғамбар үлкен басын кішірейтіп қақпадан кірген еді[98].

Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген бір хадис бізге төмендегідей жайтты баян етеді:
«Аллаһ елшісі үйде өзін қарапайым бір жан ретінде ұстайтын. Өз киімін өзі жуып, аяқ киімдерін де өзі тазалап, үй шаруасында да әйелдеріне көмектесетін»[99].

Ол қарапайымдылығынан жазбай жұпыны тірлік кешсе де бүкіл әлемге аты жайылып, оның әкелген діні баршаның тіліне тиек болды. Ол уақытын өте орнымен пайдаланатын. Сондықтан да маңызды істердің арасында үй шаруасына да уақыт табатын. Хақ пайғамбар ізгі қасиеттер мен сипаттардың шыңында отыруға лайық тұлға және солай болды да.

Адамдар арасында
Ұлылардың ұлылығының белгісі – әдептілік пен қарапайымдылық. Санасыздықтың белгісі – менмендік. Аллаһ елшісі – адамдар арасында ең ұлы адам. Ендеше, кішіпейілділік те солай болуы тиіс.

Мешіт салып жатқанда жұрт бірден ол екіден кесек таситын[100], ор қазу кезінде жұрт қарнына бір тас, ол екі тас байлайтын[101], алдына келіп, тақуалық сұсына шыдай алмай дірілдеген бір адамға: «Қорықпа, бауырым, мен де анасы қатқан нан жеген сен секілді бір адаммын»[102],– деген Аллаһ елшісі сөзсіз адамдардың ең кішіпейілі болатын.

Оның әрбір әрекеті әдептен аспайтын. Ол ұлылығын маңдайын сәждеге тигізу арқылы көрсететін.

«Кім кішіпейілділік көрсетсе, Аллаһ оның мәртебесін өсіреді. Кімде-кім көкірек қақса, Аллаһ оны мұрнымен жер сүзгізеді»[103].

Кішіпейілділік пен әдептілік адамды көктегі ұлы әлемдерге ұшырып әкететін қос қанат секілді. Аллаһ елшісі кішіпейілділік арқылы ешкім шыға алмас шыңдарға шығып, мәңгі-бақи адамзаттың Сардары болып қалды. Заман мен мекеннің шегінен шыққан осы бір таңдаулы Сардардың алдына адамдар емін-еркін кіріп шығып, айтқысы келген нәрселерін қысылмай еркін айта алатын. Өйткені өзі де еркін адам болатын.

Қады Ияз мына бір оқиғаны бізге жеткізеді:
«Бір күні ақыл-есі кемістеу бір әйел келіп, Аллаһ елшісінің жеңінен тартты да, оған: «Шұғыл менімен бірге үйге жүр, бір ісім бар еді, соны істеп бер»,– дейді. Сөйтті де қолынан тартып, үйіне ертіп әкетті. Сахабалар да қалмай олардың артынан ерді. Аллаһ елшісі әйелдің айтқанын орындап,  үйіне оралды»[104].

Бұл үй сыпыру, бәлкім, жуылған кірлерді сығу секілді жұмыс шығар. Бұған назар аударып жатудың қажеті жоқ, маңыздысы Хақ пайғамбардың осы істі орындағаны. Өйткені ол – ақ пейіл, көңілі кіршіксіз таза жан. Оның осы әрекеті қорланатын қылық емес. Қор санау оның түсіне де кірмеген. Қалайша кірсін, ол күпір мен теріс іс-әрекеттерге қарсы күндей күркіреп, бейне бір атылған арыстандай еді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ол адамдардың ең батылы болатын.

Әли (р.а.): «Біз соғыста жаудан қаймыққан кездерімізде Аллаһ расулының артына өтіп, қатерден сақтанатынбыз», – деп айтады[105]. Тіпті оның кеңістігі айналасындағыларға қауіпсіздік пен сенімділік сәулесін себелейтін. Олай болса, мұндай адамның осылайша қарапайымдылық көрсетуін оның кішіпейілділігінен ғана туындаған қасиет деп білуіміз керек.

Пайғамбарымыздың боямасыз болмысы
Кішілік қорлық емес, менмендік байсалдылық емес. Аллаһ елшісі кішіпейілділіктің де өлшемдерін қатаң сақтап, тепе-теңдіктен ауытқыған жоқ. Оның бұл сипаты бізді еріксіз «Мухаммаду’р-Расулуллаһ» дегізеді.

Мысалға, сот үкім шығарар кезде өзін байсалды ұстап, сезімталдыққа берілмеуі керек. Бірақ дәл осындай әрекетті үйіне келіп, балаларына көрсетсе, онда өркөкіректік болар еді. Өйткені адам өз үйінде отбасындағы шаңырақтың бір уығындай болуы керек. Бұлар –  Құранның қағидалары. Бұларды ең кәміл түрде іске асырған да Аллаһ елшісі. Кейінгілер – оған ілесіп, ұқсауға тырысқандар.

Пайғамбарымыз ұлы адам. Ал оның өзі не дейтініне зер салсақ: «Ешкім өз істеген істерімен жәннатқа кіре алмайды» дейді, «Сен де ме?» – деп сұрағандарға: «Иә, мен де. Егер Аллаһтың рақымдылығы болмаса»,– деп жауап береді[106].

Міне, оған осы сөзді айтқызған шынайы табиғи жаратылысы болатын. Өзін адамдардың арасында қарапайым ұстап, әрбір әрекетінде де осы қасиетінен жаңылмады.

Бір күні Омар (р.а.) Аллаһ елшісінен умра үшін рұқсат сұрады. Сахабалар умра үшін де Пайғамбарымыздан рұқсат алатын. Өйткені олар тәртіпті қатаң сақтап Аллаһ елшісінің айтқанымен жүретін. Үйінде бойжетіп отырған қызы жайлы да оған келіп: «Үйімде бойжеткен қызым бар. Оны кімге үйлендіруді қалайсыз, әмір етіңіз», – дейтін. Басқа бір адам бау-бақшасын бағыштағысы келсе, ойын, алдымен, Аллаһ елшісімен ақылдасатын. Иғтиқафқа[107] кіргісі келген адам да, жолға шыққысы келген жан да әрқашан Аллаһ елшісіне келіп, рұқсат сұрайтын. Омар (р.а.) келіп, умра үшін рұқсат сұрайтын. Аллаһ елшісі оның осы талабын кері қайтармай, қайта хазірет Омарға өмір бақи есте қаларлық өтініш айтты: «Бауырым, дұға мен батаңа бізді де қос». Осыған байланысты Омар (р.а.) бір күні: «Сол күні бүкіл дүние маған берілсе, мұншалықты қуанбас едім», – деп, жүрек-жарды сырын ақтарды[108].

Құлдық қасиетінің тереңдігі
Ол осы кішіпейілділігімен, қарапайымдылығымен адамдарды өзіне тартып, баурап әкететін. Ол осылайша үмбетінің қолынан жетелеп, оларды нұрлы сатылар арқылы рухани ұлылықтың шыңына бастайтын. Омар (р.а.) алғашқы сәтте-ақ өз «үлесін» алған болатын. Бірақ Аллаһ елшісі олардың тоқтап, тоқмейілсіп қалуына жол бермей ол шыңнан да биік, басқа сеңгір шыңдарға шығаруды қалайтын. Солай жасады да. Бәдәуи қоғамнан адамзатқа тәлімгер болып, жол көрсетуші, мәдениеті биік жамағат шығарды. Ол тар жол тайғақ кешіп жүріп, адамдарды жетелеп алға бастап, шыңға шығарып жатты. Өзі де көкке тік көтерілумен болды, бірақ ол көкке көтерілген сайын кішілігі мен қарапайымдылығы тереңдей түсті. Басқалар секілді өзін Хақтың бір құлы сезініп, осы ойынан қанағат тауып, қатты толқитын еді.

Ахмәд ибн Ханбәл Әбу Һурәйрадан (р.а.) риуаят етеді:
«Жәбірейілмен (а.с) сұхбаттасып отырған Аллаһ елшісі қатарынан бірнеше күн бойы нәр татпаған болатын. Жәбірейіл оның ең жақын досы еді. Зайыф (әлсіз) бір риуаятқа жүгінсек, ол Аллаһ елшісіне: «Мен сенен кейін жер бетіне тек бірнеше мәрте ғана түсемін» – дегені баяндалады. Өйткені Жәбірейілге хазірет Мұхаммед алейһиссәламсыз өткен өмір қасіретке толы болатын. (Жылдар бойы бұл әлем бізге де қасірет болды). Пайғамбарымыз Жәбірейілге «бірнеше күн бойы нәр татпадым», – деп жағдайын айтты. Кенеттен бірден аспан күркірегендей дауыс естілді. Көктен бір періште түскен еді. (Табәрани оның Исрафил аләйһиис-сәлам екенін айтады). Жәбірейіл Пайғамбарымызға бұл періштенің жерге алғаш рет түскенін хабарлайды. Ол Жаратқанның сәлемімен пайғамбарымызға қарата: «Аллаһ былай дейді: «Патша пайғамбар ма, әлде құл пайғамбар ма, қайсысы болуды қалайсың?» – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз белгілі-бір кезге дейін Аллаһты тануда дәріс алып жүрген Жәбірейілге таңдана қарады. Миғражда Пайғамбарымыз Жәбірейілдің Аллаһқа деген жақындығын көріп, қайран қалған еді. Иә, Алллаһты Жәбірейіл періштенің танығанындай тану мүмкін емес.

Жәбірейіл Аллаһ елшісіне: «Аллаһтың елшісі! Раббыңа өте кішіпейіл бол!» – дейді[109].

Жаратушы да, елшісін «Саған ерген мұсылмандарға кішіпейілдік қанаттарыңды жайғаныңша кең жай» (Шұғара, 26/215) – деп, мейлінше кішіпейіл болуға шақырмайтын ба еді?! Құранда осы секілді көптеген аяттар бар. Аллаһ елшісінің де тілегі осыған дөп келіп: «Құл пайғамбар болуды  қалаймын», – деді.

Ол құлдықты таңдаған соң Аллаһ та оған құлдықты оған тәж етіп кигізді. Құран бірнеше жерде оның құлдығы жайлы айтады. Мұсылмандар да кәлимә шәһадат (иман келтіру) айтқан кезде оның Аллаһтың құлы және елшісі екеніне куәлік білдіреді. Иә, ол әуелі Аллаһтың құлы, содан кейін елшісі. Құлдық әрдайым пайғамбарлықтан бір адым алда тұрады.

Кей адамдар жаратылғанға құл болуы мүмкін. Ал хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әрқашан Аллаһтың құлы. Ол өмірінің мейлі жайма-шуақ жазы болсын, мейлі қиын-қыстау кездерінде болсын, ешқашан басқаларға иіліп бел бүкпеген. Құлдық оның негізгі сипаттарының біреуі болып саналады.Оның осы сипаты күнде бес уақыт мұнаралардан барлық әлемге пайғамбарлығымен бірге паш етілуде. Өйткені жоғарыда айта кеткеніміздей, оның құлдығы пайғамбарлығынан бұрын айтылады.

Ол – Жаратқанның құлы. Аллаһ Құран Кәрімде оның осы құлдығына зер салады: «Аллаһтың құлы (Расулы) намазға тұрғанда жындар оның құлшылығына ынтазар болып бір-бірін басып кетердей ентелеп айналасына жинала қалды» (Жын, 72/19). Аллаһ елшісінің қасына жиналған жындар болсын, мейлі Мекке мүшріктері болсын, біз үшін маңыздысы – оның Құранда «Абдуллаһ» деген негізгі атағымен айтылуы.

Құранның Аллаһтың сөзі екені және бұл туралы күдігі барларды күреске шақырған мына аятта да оның шынайы «құл» екендігі айтылуда.

«Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де осыған ұқсаған бір сүре әкеліңдер. Егер сөздерің рас болса, Аллаһтан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар. Егер оны істемесеңдер, қазір әкелмесеңдер, келешекте әсте істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар мен тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!» (Бақара, 2/23-24).

Құран Кәрім оның ең биік шыңға көтерілгенін айтқан кезде құлдығын алға тартады:
«Құлын бір түнде өзіне аяттарымызды көрсету үшін Мешіт Харамнан (Мекке) Мешіт Ақсаға апарған Аллаһ әр түрлі кемшіліктерден пәк. Шексіз, Ол – естуші, білуші» (Исра,17/1).

Меккелік пұтқа табынушылардың қарсылығынан (Байкот оқиғасынан) кейін Хадиша анамыз (р.а.) бен Әбу Талибтің қайтыс болуы Аллаһ расулын мүминдердің арасында қорғансыз, тірексіз қалдырғандай болды. Себептер түгелімен тоқтап, арқа сүйер тірегі қалмады. Осындай ауыр кезде себептердің тізгінін қолында ұстаған Аллаһ «ахадият» көгінде кәміл рақымдылығымен көрінді. Ғасырымыздың заңғар ойшылының сөзімен айтсақ, Тәухид Нұры «ахадият» көгінде көрінді де, Аллаһ расулы Раббысын, Иесін, Жаратушысын тікелей көру үшін көк жүзінің арғы бетіне асып, сол жердің ең абыройлы қонағы болды.

Бұл жерде негізгі мақсатымыз миғражды айту емес, миғражды айта отырып, басқа бір мәселеге назар салу. Ол: Аллаһ мұндай маңызды бір мұғжизаны айтқанда, Пайғамбарымызды Құран және Інжіл мен Тәураттағы есімдерімен емес, яғни, Мұхаммед, Ахмет және Аһиәд деп еске алмай, оның құлдығы жайлы айтып,  «Абдиһи» дейді. Пайғамбарымыз бейне бір: «Мен құл болдым» деген кезде Аллаһ былай дегендей: «Ақыры сен құл болдың. Ендеше, Мен құлдықты баға жетпес қадірлі еттім. Және жер бетінде құлдықты аса бағалы етемін. Сол үшін қай жерде сенің қадірің мен бағаңды айтпақшы болсам, сол жерде сенің құлдығың жайлы айтамын. Ерекшелігі сол – әр мұсылман кәлимә шәһадатында сенің пайғамбарлығыңнан бұрын құлдығыңды айтады, әлем осы дауыстардан дүр сілкінетін болады».

Иә, төрткүл дүние сенің Жаратқанның шынайы құлы екеніңді паш етуде.



[1] Бухари, Тәфсир сүре (31) 2; Муслим, Иман, 5-7.
[2] Бухари, Тәухид, 35; Муслим, Жәннәт, 2-4.
[3] Бухари, Да’уа, 6; Муслим, Зәкәт, 56-57.
[4] Бухари, Әзән, 89; Муслим, Мәсәжид, 147; Ибн Мәжә, Ду’ә, 4.
[5] Ахмәд, Муснәд, 6/147.
[6] Бухари, Әзән, 155; Муслим, Салат, 205; Әбу Дәууд, Салат, 139.
[7] Ахмәд, Муснәд, 5/191; Мәжмәу’з-зәуәид, 10/113.
[8] Ахмәд, Муснәд, 5/191; Мәжмәу’з-зәуәид, 10/113.
[9] Ахмәд, Муснәд, 5/191; Мәжмәу’з-зәуәид, 10/113.
[10] Мәжмә’з-зәуә’ид, 10/117
[11] Тирмизи, Да’уад, 88.
[12] Муслим, Зикр, 73; Әбу Дәууд, Уитр, 32.
[13] Тирмизи, Да’уа, 23; Нәсә’и, Сәһу, 61, Мәжмәу’з-зәуәид, 10/173.
[14] Тирмизи, Тәфсирус сүрә, (38) 2; Муатта, Қуран, 40.
[15] Мустәдрак, 1/520.
[16] Мустәдрак, 1/520.
[17] Ибн Мәжә, Ду’ә, 2; Муслим, Зикр, 72; Тирмизи, Да’уа, 72; Муснәд, 1/416,434,437.
[18] Ахмәд, Муснәд, 4/181; Хаким, Мустәдрак, 3/591.
[19] Қады Иад, 1/17.
[20] Һәйсәм, Мәжмәу’з-зәуә’ид, 10/216; Кәнзу’л-уммәл, 4/244.
[21] Һәйсәм, Мәжмәу’з-зәуә’ид, 10/216; Кәнзу’л-уммәл, 4/244.
[22] Бухари, Мусәқат, 9; Муслим, Сәләм, 151; Дәрими, Риқақ, 93; Ахмәд, Муснәд, 2/507.
[23] Бухари, Мәғази, 23.
[24] Ибн Һишам, Сирә, 3/103.
[25] Бухари, Мәғази, 24; Муслим, Жиһад, 100-101.
[26] Бухари, Әнбиә, 54; Муслим, Жиһад, 104-105.[27] Ибн Һишам, Сирә,4/55; Ибн Кәсир, әл-Бидайа 3/344.
[28] Бәркул-Ғымат – Ливандағы бір жердің атауы. Бұл жерде «жердің түбі» деген мағынада қолданылған.
[29] Ибн Кәсир, әл-Бидайа, 3/321-322; Сирә, 2/266.
[30] Ибн Кәсир, әл-Бидайа, 3/322.
[31] Муслим, Жиһад, 58; Тирмизи, Тәфсир сүре, (8) 3; Ахмәд, Муснәд, 1/32; Сирә, 2/2279; әл-Бидайа, 3/332.
[32] Бухари, Кәфәла, 3; Муслим, Фара’ид, 14.
[33] Бухари, Истиқрад, 11; Муслим, Фара’ид, 14; Ахмәд, Муснәд, 3/311.
[34] Бухари, Фәда’илул әсхаб, 20; Ибн Әсир, Усду’л-ғабә, 1/468.
[35] Ибн Әсир, Усду’л-ғабә, 1/468.
[36] Сүйіктісі. Ақырғы Пайғамбар.
[37] Муслим, Бирр, 87.
[38] Қады Иад, Шифа, 1/17.
[39] Муслим, Фада’ил, 126; Муснәд, 3/395.
[40] Бухари, Әзән, 65; Муслим, Салат, 192.
[41] Муслим, Худуд, 17-23; Бухари, Худуд, 27; Муснәд, 1/238, 2/450.
[42] Муслим, Әймән, 31-33; Әбу Дәууд, Әдәб, 123; Ахмәд, Муснәд, 3/337.
[43] Муслим, Әймән, 30.
[44] Бухари, Әдәб, 18; Муслим, Фәда’ил, 65.
[45] Тирмизи, Бирр, 16, Әбу Дәууд, Әдәб, 58.
[46] Бухари, Әдәб, 18; Муслим, Фада’ил, 64; Ибн Мәжә, Әдәб, 3; Муснәд, 6/56.
[47] Бухари, Жәнә’из, 45; Муслим, Жәнә’из, 12.
[48] Тирмизи, Фәда’илу’л-жиһад, 12.
[49] Бухари, Жәнә’из, 3.
[50] Бухари, Мәғази, 27; Муслим, Фада’ил, 30; Нисә’и, Жәнә’из, 103; Табақату’л-кубра, 2/205; Сирә, 4/300.
[51] Бухари, Талақ, 25, Әдәб, 24; Муслим, Зуһд, 42.
[52] Әбу Дәууд, Әдәб, 164, Жиһад, 112; Муснәд, 1/404.
[53] Бухари, Жиһад, 103; Муслим, Сәләм, 148.
[54] Мустәдрак, 4/231-133.
[55] Мәжмау’з-зәуа’ид, 9/9; Суюти, әл-Хаса’ису’л-кубра, 2/95.
[56] Ибн Һишам, Сирә, 3/88; Ибн Кәсир, әл-Бидайа, 4/36.
[57] Муслим, Салату’л-Мусәфирин, 139; Ибн Мәжә, Ахкам,14; Муснәд, 6/91.
[58] Бухари, Әнбиә, 24; Муслим, Иман, 272.
[59] Бухари, Мәрда, 3, 13; Муслим, Бирр, 45; Муснәд, 1/381.
[60] Бухари, Таухид, 37; Муслим, Иман, 261; Нәсә’и, Салат, 2.
[61] Бухари, Да’уа, 3; Тирмизи, Тәфсирус сүрә (47) 1; Ибн Мәжә, Әдәб, 57; Муснәд, 2/241, 282.[62] Бухари, Әдәб, 95; Мәнақиб, 25; Муслим, Зәкәт, 142; Муснәд, 3/56.
[63] Муслим, Зәкәт, 148; Муснәд, 3/354.
[64] Бухари, Мәнақиб, 25; Муслим, Зәкәт, 132.
[65] Хазірет Алиге қарсы шыққан бүлікшілдер тобы.(ауд).
[66] Бухари, Һибә, 27; Әбу Дәууд, Диәт, 6, Ибн Кәсир, 4/237.
[67] Әбу Дәууд, Әдәб, 1; Нәсә’и, Қасәма, 24.
[68] Мустәрдак, 3/242.
[69] са’  - мың дирхемдік дән өлшемі. (ауд).
[70] Ибн Хәжар, Исабә, 1/566; Мустәдрак, 3/604; Суюти, Кубра, 1/26.
[71] Бухари, ‘Илм, 28, Әзән, 61, Әдәб, 75; Муслим, Салат.
[72] Бухари, Әзән, 63, Әдәб, 74; Муслим, Салат, 179; Нәсә’и, Ифтитах, 71.
[73] «Сабату» деу арқылы адам Исламды қабылдағанын айтады.
[74]  Бухари, Мәғази, 51, Диәт, 2; Муслим, Иман, 158; Әбу Дәууд, Жиһад, 95.
[75]  Бухари, Иман, 22; Муслим, Иман, 38-40.
[76] Бухари, Тәфсир  (7) 3.
[77]  Ибн Һишам, Сирә, 1/285.
[78] Бухари, Риқақ, 3; Тирмизи, Зуһд, 44; Муснәд, 391.
[79] Әбу Нуайм, Хилиә, 1/30.
[80] Табари, Тариху’л-Умәм, 4/250-252.
[81]  Бухари, Тәфсир сүре (66) 2; Муслим, Талақ,
[82]  Ибн Са’д, Табақатул Кубра, 1/152.
[83]  Муслим, Фәда’ил, 47; Бухари, Мәнақиб, 23.
[84] Кәнзу’л-Уммәл, 6/168.
[85]  Бухари, Жиһад, 24; Муслим, Фәда’ил, 48.
[86]  Бухари, Саум, 7; Муслим, Фәда’ил, 50.
[87] Бухари, Да’уа, 11; Әбу Дәууд, Әдәб, 100; Муснәд, 1/136.
[88] Бухари, Жиһад, 52; Муслим, Жиһад, 78, Фада’ил, 48.
[89] Муслим, Фәда’ил, 59; Ибн Хәжар, Исабә, 2/1887, Муснәд, 6/465; Кәнзу’л-Уммәл, 10/505; Ибн Һишам, Сирә, 4/137.
[90] Ибн Кәсир, 6/63.
[91] Тирмизи, Бирр, 40.
[92]  Жәннат ағашы.
[93]  Кәнзу’л-Уммәл, 6/571.
[94]  Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3/158; ‘Умар Рида, А’ламу’н-Ниса, 1/326-331.
[95] Муснәд, 3/76, Мәжмау’з-Зәуә’ид, 10/325. Кәнзу’л-Уммәл, 3/113.
[96] Мұсылман мемлекетінде өмір сүрген өзге дін өкілдері (ауд).
[97] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 8/5.
[98] Ибн Һишам, Сирә,2/137.
[99] Мәжмау’з-Зәуә’ид, 6/169. Сирә, 4/47-48.
[100] Тирмизи, Шәмә’ил, 283; Муснәд, 6/256.
[101] Муснәд, 2/381; Сирә, 2/141.
[102] Тирмизи, Зуһд, 39.
[103] Мәжмау’з-Зәуә’ид, 9/20; Ибн Мәжә, Әт’има, 30.
[104] Кәнзу’л-Уммәл, 3/113; Мәжмәу’з-Зәуә’ид, 10/325; Муснәд, 3/76.
[105] Қады Иад, Шифа, 1/131.
[106] Ахмәд, Муснәд, 1/86.
[107]  Бухари, Риқақ, 18, Мәрда, 19; Муслим, 71-76.
[108] Рамазан айының соңғы он күнінде тұтастай құлшылыққа берілу
[109] Тирмизи, Да’уа, 109; Әбу Дәууд, Уитр, 23; Ибн Мәжә, Мәнасик, 5.
[110]  Ахмәд, Муснәд, 2/231; Мәжмәу’з-Зәуә’ид, 9/18-19.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.