ФӘТӘНАТ

Фәтәнат – барша адамдардың ақыл-парасатынан асып түсу дегенге саяды. Мұны пайғамбар қисыны деп те атауға болады. Бұл қисын – сана, рух, жүрек, сезім һәм имани сезімдердің бәрін қамтиды әрі жан-жақты ойлауды білдіреді.

Фәтәнат ақыл мен қисын ғана емес. Исламды ақыл мен қисынға ғана теліп, «Ислам – ақыл діні», «Ислам – қисын діні» деу – Исламды білмеумен қатар, үлкен қателікке бастайтын қадам. Жоқ. Ислам ақылдың да, қисынның да діні емес, ол – тікелей иләһи уахи діні.

Ислами мәселелердің ақыл мен қисынға қайшы келмеуі бұл – «Жаратқанның шексіз ілімінен келіп әрбір мәселені ақылмен растау, сонымен қоса, иләһи уахиға сүйенген парасат тұнған пайғамбар қисыны деген сөз. Яғни, пайғамбар шабыты мен пайғамбар қисыны. Бұл қисын уахиды ұғына алатындай асқан парасатпен жаратылған. Осынау қисын сезімді, ой-сананы, жүректі, имани сезімдерді және хикмет мағынасындағы пәлсапаны да қамтиды. Ол – кәдуілгі біз білетін қисыннан да жоғары тұрған қисын немесе бір сөзбен айтсақ, «Ағзам фәтәнаты».

Аллаһтан келген әр уахидың әуелі осы қисыннан орын алуы аса қажет. Бұл қажеттілік – адамдарға арналған қажеттілік. Өйткені уахи алғашқыда осы қисынға келіп, сол жерде адамдар ұға алатындай деңгейге түспесе, онда бейне бір трансформаторға соқпай тікелей берілген он мың вольт токтың алапат күшіндей көктен тікелей ағып келген иләһи уахи адамдарды сол сәтінде күйдіріп жіберер еді.

Пайғамбарлардың фәтәнаты уахидің күйдіріп жағып жіберетін метеориттерге атмосфера қызметін атқарады. Дін дегеніміз де осы. Иләһи уахи адамзат ұғына алатындай деңгейде түскен. Мұны істеген пайғамбарлыққа тән қисын, яғни фәтәнат. Сол үшін де фәтәнат – әр пайғамбарда болуға тиіс сипат.

Бұл – пайғамбарға тән қисын. Сондықтан оған «кемеңгер» деп анықтама беру дұрыс емес. Пайғамбар қисыны барлық қисындардан әлдеқайда жоғары. Ол – фәтәнат.

Егер пайғамбарларда фәтәнат болмаса, дұшпандардың қарсылықтары мен достарының сұрақтарына бәрін қамтып, толық жауап беруі неғайбыл. Жауап бере алмаудан туған шарасыздық діннің түсініксіз болуына әкеп тірейді. Бұл тұрғыдан алғанда, дінді насихаттаудың ешқандай маңызы қалмайды, ал дін жоқ жерде адам жаратылысының мағынасы қалмайды. Кері тартатын, құрдымға құлататын қайшылыққа, кереғарлыққа жол бермес үшін пайғамбарлар таңғажайып қисынмен жарақтандырылған. Сол себепті пайғамбарларға барлық мәселелерді жаңғақша шағып, шеше алатын фәтәнат тарту етілген.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.