Дін насихаты (тәблиғ)
Пайғамбарлардың үшінші сипаты саналатын тәблиғ – Ислам ақиқаттарын түсіндіру, яки жақсылыққа баулып, жамандықтан тыю.
Тәблиғ – әр пайғамбардың жаратылыс мақсаты. Пайғамбарлардың ешбірі тәблиғсыз жіберілмейді. Аллаһ өзінің адамдарға жарылқауы мен рақымын пайғамбарлармен жандандырып, олардың өмірлері арқылы өзінің рахмандық, рақымдылық сипатын көрсетті. Бұл сипаттың басқа адамдарда шағылысып көрінуі тек тәблиғ арқылы ғана болады.
Хақ тағала күн сайын күлім қаққан күнді көгімізге іліп, бізге рақымдылығының сәулесін сыйлайды. Күн әрі жылу, әрі жер бетіндегі әсемдік атаулыны жаңартушы міндетін атқаруда. Ағзам пайғамбарлар да бейне күн тәрізді Аллаһ тағаланың рахмандығы мен рақымдылығын танытады. Әсіресе, «Сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік» (Әнбия, 27/107), – деп айтылған Мұхаммед Мұстафа – (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) адамзат үшін әлемдегі Аллаһтың рахмандылық һәм рақымдылығының өкілі. Яғни, ол келіп бұрынғы пайғамбарлардың дағуасын жаңаламағанда, біздің Аллаһ тағаланың рақымына ие болуымыз мүмкін емес еді. Қараңғылық пен күпірдің, арсыздықтың аптап шөлінде не істерімізді, қайда барарымызды білмей, сенделіп адасып жүре берер едік.
Адамзат тағылық батпағында жанталасып жатқан кезде, кенеттен Пайғамбарымыздың тынысын сезді. Сол тыныстан өзге пайғамбарлардың да жылылық лебі есе бастады. Сол сәтте айналасы көгілдір көктемдей құлпырып, бұлбұлдары тынбай сайраған жәннат бағына айналып шыға келді. Болмаса, адамзат тағылықтан, жалғыздықтан адасып өлетін еді.
Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз? Осы сұрақтар үнемі ойымыздан шықпай, мазамызды қашырар еді. Бірақ қаншама мазасызданып, шарқ ұрып ізденгенмен, ешқандай да жауап таба алмай, осы бір ауыр азапты өмір-бақи тартуға тура келеді. Әсіресе, қабірдегі қураған сүйектерді айтсаңшы... Оларды көз алдымызға елестеткен сайын тұла бойымыз түршігіп, жан-сарайымызды сұп-суық үрей жаулап алатын. Бұдан да жаманы – жоқтық, жоқтыққа жұтылу. Онда сәт сайын бізді құрдымға тартқан үрей, қалың тұмандай тұла бойды тұмшалап, ғұмырымызды у заһарға айналдырып жіберетін еді.
Пайғамбарлар бізге өмірдің мән-мағынасы мен мақсатын, өлімнің ақиқатын түсіндірді. Біз солар арқылы дүниеге келуіміздің мақсаты мен фәни-ғұмырдан көшуіміздің өзі хикмет екенін білдік. Өлім – жоқ болу, құрдымға кету емес, керісінше, тек мекен ауыстыру, берілген міндетін өтеу, аманатын тапсыру. Қабір – ақырет әлеміне өтетін есік, күту залы. Біз осылардың бәрін пайғамбарлардан естіген соң, үрейіміз тарқап, көңіліміз жай тапты. Жүрек пен санамызды тұмшалған қорқыныш тұманы сейіліп, оның орнын жан рақаты мен қуаныш басты.
Бізге осындай қуанышты хабарлар әкелгендер – пайғамбарлар. Бұл – олардың жаратылыс мақсаты. Біз тәблиғ міндетін хақ, уәжіп санап орындаймыз. Пайғамбарларға келсек, сол істі саналы түрде өмірге келу мақсаты ретінде орындайды. Олар: «Біздің дүниеге келуімізде тәблиғ етуден өзге ешқандай мақсат жоқ. Аллаһ бізді адамзатты әр түрлі қараңғылықтардан толықтай құтқарып, ғұмырларын нұрға бөлесін, жарық етсін, осы жарық жолда адаспай жүріп, рухын шайтанның билеуіне жол бермей, осы бір ұзақ жолда дағдарып, бөгеліп қалмасын деп жіберді», – деп, өздерінің ұлы міндеттерін айқындай түседі. Біз тәблиғты міндет ретінде орындасақ, олар уазипасын жаратылыстарының мақсаты ретінде жүзеге асырған.
- жасалған.