2. Амр ибн Абәса
Ахмәд ибн Ханбәл жеткізеді: «Амр ибн Абәса Аллаһ елшісіне келді. Бәдәуише дөрекілікке басып: «Сен кімсің?» – дейді. Аллаһ расулы өте қарапайым түрде: – Мен Аллаһ тағаланың пайғамбарымын, – деп жауап қатады. Өзінің дөрекі сөзіне жылы сөзбен жауап қайтарғанына Амр ибн Абәса қайран қалып, тас жүрегі бірден еріп сала береді. Ол тізе бүгіп: «Уа, Аллаһ тағаланың елшісі! Бұдан кейін мен саған бағыныштымын», – дейді. Бұл жайт Меккеде болған. Ол кезде мұсылман болғандардың саны аз болатын. Мұндай кезеңде тым құрығанда сырттай мықты көріну үшін адам санына деген зәрулік бар еді. Бірақ Аллаһ елшісі кімді қай жерге қойып, қалай пайдаланатындығын өте жақсы біледі. Амр ибн Абәсаға да дәл Әбу Зәррге айтқан сөзін айтып: «Сен әлсізсің. Қазір мұнда қалуға шамаң келмейді. Руыңа орал. Сол жерде дінді жаюға атсалыс. Қай уақытта біздің жеңіске жеткенімізді естісең, сол кезде бізге келіп қосыл!» – дейді.
Амр руына қайтып оралады. Арада жылдар өтеді. Бұл кездері Хақ пайғамбардың жеңістері бірінен соң бірі шартарапқа тарап, Амр ибн Абәса (р.а.) өзінің күткен мезгілінің келгенін ұғады. Дереу жолға шығып, Мәдинаға келеді. Ақиық елші мешітте отырған еді. Мешітке кіріп, Аллаһ расулының жанына барып отырады. Пайғамбар сол сәтте сахабалармен сұхбаттасып отырған болатын. Ол сөзін бітірген кезде, Амр Пайғамбарға қарап: «Пайғамбарым! Мені таныдыңыз ба?» – деп сұрайды.
Екі әлем Сардары кідірместен: «Сен Меккеде маған келген пәленше деген адам емессің бе?» деп жауап қайтарып, алғаш жолыққан кездегі өз араларындағы әңгімені кеше ғана болған жайттай түгелдей айтып береді. «Мен сені кері қайтарып, былай деген едім», – дейді. Амр ибн Абәса осы жолы да оның сөзін растайды[1].
Осы өткен жайтты Амрдың ұмытуы мүмкін емес. Өйткені ол үшін бұл – өмірінде ең ұмытылмайтын оқиға. Бірақ Аллаһ елшісі үшін басқаша. Ол бұл уақытқа дейін мұндай талай жайтты бастан өткерген. Әрі осы жылдар ішінде көрген қиыншылықтары мен басқа түскен ауыртпалықтары бірнеше жыл бұрын кездескен адамы тұрмақ, өзінің ең жақын достарын да ұмыттырып жіберетіндей қиын соғып еді. Алайда Пайғамбарымыз өзімен жүздескен ешбір адамды ұмытпаған. Бәлкім, Амр яки Әбу Зәрр оған келмегенде, Пайғамбарымыз Меккені алғаннан кейін оларға адам жіберіп шақырып алар еді. Өйткені нағыз жеңіс Меккені алғанда ғана болған...
Иә, ол өзінің қарамағындағы жандарды өз балаларымызды танығаннан әлдеқайда артық танитын. Өйткені, айналасындағы әр адамның Аллаһ елшісінің жүрегінде өз орны бар еді. Сондай-ақ осы тануы олардың қабілеттеріне қарай жауапкершілік беру тұрғысынан да аса маңызды болды.
Енді қараңыз! Әлем тарихында қарамағындағы адамдарын мұншалықты жақын танитын дәл Пайғамбарымыздай адам бар ма? Өз басым бар деп айта алмаймын. Өйткені, Аллаһ елшісі жолбасшы ғана емес, сонымен қатар, Пайғамбар. Задында, біздің негізгі тақырыбымыз да оның пайғамбарлығы жөнінде емес пе?!
[1] Муслим, Мусафирин, 294; Муснәд, 4/112.
- жасалған.